Кеше «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында сайлауалды тұғырнаманың 2013 жылғы бірінші жартыжылдықта іске асырылуы мен аймақтарда Саяси доктрина жобасын талқылау жұмыстарын қорытындылаған мәжіліс өтті.
Мәжілісті ашқан партия Төрағасының бірінші орынбасары БауыржанБайбек: «Елбасының тапсырмасы бойынша бәрімізде – үкімет мүшелері, Саясикеңес, бюро мүшелері, біздің фракцияның депутаттары аймақтарға шығып, аудандар мен қалаларға барып, жалпы жұртшылықпен, партияластармен кездесіп, ол жүздесулерде Саяси доктринаның жобасын кеңінен талқыладық.
Кеше «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында сайлауалды тұғырнаманың 2013 жылғы бірінші жартыжылдықта іске асырылуы мен аймақтарда Саяси доктрина жобасын талқылау жұмыстарын қорытындылаған мәжіліс өтті.
Мәжілісті ашқан партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек: «Елбасының тапсырмасы бойынша бәрімізде – үкімет мүшелері, Саясикеңес, бюро мүшелері, біздің фракцияның депутаттары аймақтарға шығып, аудандар мен қалаларға барып, жалпы жұртшылықпен, партияластармен кездесіп, ол жүздесулерде Саяси доктринаның жобасын кеңінен талқыладық. Енді алда партия съезі келе жатыр, аймақтарда конференциялар өтіп, съезге 1200 делегат сайланды. Астанада партия форумы екі күнге жалғасады. Оны партия құрылтайы деп айтуға болады», дей келе, қай кезде де съезде ел үшін маңызы бар шешімдер қабылданатынын атап көрсетті.
Б.Байбек Доктрина жобасы бойынша партия мүшелері мен көпшіліктен түскен ұсыныстарды да көктей шолып өткен. Мәселен, жастармен жұмысты күшейту, қазақ тілін дамытуды Доктринада нақтылап айту, жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру, аймақтардың өркендеуі сынды қадау-қадау, барша қазақстандықтар үшін маңызы бар мәселелер қамтылғанына тоқталған. Мұнан кейін Доктрина мәтінінің қазақ тіліндегі нұсқасы бойынша Сауытбек Абдрахманов бастаған арнайы жұмыс тобының тер төгіп, оны аяқтап шыққанын жеткізді және партия Жарғысына енгізілетін өзгерістер бойынша да жұмыс тобы еңбектенгенін айтып, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаевқа сөз берді.
Жиналғандар назарын өзіне аударған Бақытжан Әбдірұлы 2011 жылы партияның 2017 жылға дейінгі сайлауалды тұғырнамасы әзірленгенде Үкіметке бірқатар маңызды экономикалық және әлеуметтік міндеттер қойылғанын алға тартты. «Осы міндеттердің сәтті және жүйелі орындалуы үшін Үкімет партиямен бірлескен тиянақты жоспар қабылдаған болатын және ол орындалуда. Сайлауалды тұғырнаманы орындау бойынша жұмысты орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары тікелей басқарады және ол үшін жеке жауап береді. Жыл басында Үкіметтің отырысында партияның сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыруға бағытталған 360-тан астам іс-шараны қамтитын жоспары қаралған болатын. Ал бүгінгі таңда жоспардың 68 іс-шарасы жүзеге асты, 252-сі жүзеге асырылу үстінде, 27-нің іске асырылатын мерзімі жеткен жоқ, объективті себептермен 15-інің мерзімі кейінге шегерілді», деген ол партия тұғырнамасын жүзеге асырудың арқасында елімізде макроэкономикалық тұрақтылық орнағанын, экономиканың өсу деңгейінің 5-8 пайызды құрағанын көлденең тартты және өңірлердің де бұл тұрғыда табыстары бар екенін атап өтті. Тұғырнамада атқарылуға тиіс деген межелердің орындалуының халықтың тұрмысына тигізген оң әсері де шешен назарынан тыс қалмады.
Кездесу кезінде оған қатысушы Үкімет мүшелері, партия кураторлары – Парламент Мәжілісінің депутаттары сайлауалды тұғырнаманың 2013 жылғы бірінші жартыжылдықта орындалу барысын талқыға салды.
«Бізге съезд жобаларын нақты іске асыру бағытында шаралар бағдарламасын дайындауды қамтамасыз етуіміз керек. Партияның сайлауалды тұғырнамасында берілген уәделеріміздің орындалу барысын жүйелі тексеру істерін қамтамасыз ету өте маңызды», деген Төрағаның бірінші орынбасары Доктрина қабылданғаннан кейін партияның барлық стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының «Қазақстан-2050» Стратегиясымен үйлесуі қажеттігіне мән берді.
Жиналғандар сайлауалды тұғырнаманы іске асыру шаралары жобасына түзетулер енгізу қажет деп тауып, атап айтқанда, онда өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шаралар мен индикаторлар қамтылуы тиіс деген пікір білдірді.
Партияның сайлауалды тұғырнамасының түзетілген жобасы 18 қазанда өтетін партия съезінің Саяси бюросы мәжілісінде қаралатын болады.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».