«ҚазТрансГаз» компаниясының еншілес ұйымы – «Амангелді Газ» ЖШС еліміздің оңтүстік өңіріндегі өзекті мәселе, газға деген тапшылықты жоя отырып, миллиардтық белесті бағындыруда. Мәселен, 2007 жылдың 7 қыркүйегінде алғашқы рет 1 млрд. текше метр газ өндірсе, екінші рет 2010 жылдың 28 шілдесінде және үшінші рет 2013 жылдың 24 тамызында биік асулар алынды.
Осы орайда, соңғы толымды жетістік аталған кәсіпорынның он жылдығына тұспа-тұс келді. Жұмыстағы қол жеткізілген табысты қадамдар мен жаңа жоспарлар жайлы және де газ саласында ықтимал алдағы уақыттағы өзгерістер турасында ҚТГ бас директоры Серік СҰЛТАНҒАЛИ әңгімелеп берді.
«ҚазТрансГаз» компаниясының еншілес ұйымы – «Амангелді Газ» ЖШС еліміздің оңтүстік өңіріндегі өзекті мәселе, газға деген тапшылықты жоя отырып, миллиардтық белесті бағындыруда. Мәселен, 2007 жылдың 7 қыркүйегінде алғашқы рет 1 млрд. текше метр газ өндірсе, екінші рет 2010 жылдың 28 шілдесінде және үшінші рет 2013 жылдың 24 тамызында биік асулар алынды.
Осы орайда, соңғы толымды жетістік аталған кәсіпорынның он жылдығына тұспа-тұс келді. Жұмыстағы қол жеткізілген табысты қадамдар мен жаңа жоспарлар жайлы және де газ саласында ықтимал алдағы уақыттағы өзгерістер турасында ҚТГ бас директоры Серік СҰЛТАНҒАЛИ әңгімелеп берді.
– Серік Сұлтанғали, үстіміздегі жылы екі елеулі оқиға қуантқаны белгілі. Ол – «Амангелді» кен орнының қолданысқа енгізілуінің мерейтойы және 3 миллиардтық белестің бағынуы. Бізді де қызықтыратыны сол, он жыл бұрын компанияларыңыз қандай межелерді мақсат тұтып еді? Жалпы алғанда нәтижелерге көңіліңіз тола ма?
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы аясында, «ҚазТрансГаз» (ҚТГ) компаниясы еліміздің оңтүстігінде орналасқан ірі газ-конденсатты «Амангелді» кен орнын пайдаланымға беру бойынша өзіндік теңдессіз жобаны іске қосты. Теңдессіз дейтініміз, геологиялық сипатының күрделілігі бойынша Қазақстан аумағында оған балама жоқ. Қызметінің барлық мезгілінде «ҚазТрансГаз» АҚ еншілес ұйымы – «Амангелді Газ» ЖШС Жамбыл облысындағы көмірсутекті шикізатты кен қойнауларын барлау, өндіру және зерделеу істерімен айналысатын жалғыз кәсіпорын болып қалуда. «Амангелдідегі» өзіндік өндіру әрекеті Қазақстанның Өзбекстаннан импорт көлемін айтарлықтай азайтуына септігін тигізді. Өзіңіз білетіндей, бұл жеткізілімдер тұрақсыздық танытып қана қоймай, күн суытқан райда Өзбекстан Қазақстанға газ беруді бірден шектеп отырды. Мұндай ахуал аймақтағы өнеркәсіпті дамытуға қатты кедергі болып, әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етуде көптеген түйткілдерді тудырды.
«Амангелді» кен орнында жұмысты бастамас бұрын, пайдаланым ұңғымаларын бұрғылау, кен қойнаулары нысандарын және 193 шақырымға созылған «Амангелді» – КС-5 магистральдық газ торабының құрылысын салу бойынша ауыр жұмыстар атқарылды. 2003 жылдың қазан айында 5 өндіруші ұңғыманы, магистральдық газ құбырын, газды дайындау жөніндегі орталық қондырғыны пайдалануға енгізумен қоса, I-ші іске қосу кешені аяқталып, Амангелді кен қойнауы тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдаланымға енгізілді. Жамбыл облысының тұрғындарына арзан газ беру басталды.
«Амангелді Газ» өндіріс іс-қимылдарына кіріскен 2003 жылы 20 млн. текше метр табиғи газ және 3 мың тоннаға жуық конденсат өндірілді.
Салыстыра кетсек, 2012 жылдан бастап барлығы 2 470,667 млн. текше метр көгілдір отын және 200 294,6 тонна газ конденсаты өндірілген. Осылайша, 2003 жылдың 23 қазанында тұсауы кесілген Амангелді кен қойнауында өндірілген газ жылына 1,5 млрд. текше метр газ төңірегіндегі көлемді тұтынатын Қазақстанның оңтүстігіндегі газ тапшылығын төмендетті.
– Алғашқы миллиардтық белестен қашан өттіңіздер?
– Бұл оқиға 2007 жылдың жетінші қыркүйегінде орын алып, екінші белестен 2010 жылдың 28 шілдесінде өттік. Ал үшіншісін еске алсақ, үш жылдан кейін жүзеге асыпты. Жыл аяғына дейін 321 млн. 200 текше метр газ бен 20 мың 500 тонна газ конденсатын өндіруді алдыға мақсат ретінде қойып отырмыз.
Амангелді тобының жаңа кен қойнауларын қолданысқа енгізу жұмыстары толыққанды қаржыландырылған жағдайда және қабаттық қысымды қолдау, жаңа пайдаланылым ұңғымаларын іске қосу жөніндегі іс-шаралар орындалғанда, жыл сайынғы газ өндіру 2017 жылға қарай, шамамен 400-500 млн. текше метрді құрайды.
Жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 140 млн. долларды құрады. Жобаны жүзеге асыруды бастау үшін республикалық бюджет қаржысы тартылды. Дегенмен, Амангелді кен қойнауларын одан әрі игеру «ҚазТрансГаз» АҚ қаражаты есебінен жүргізілді.
– Бүгінгі тыныс-тіршілікке оралсақ, аталмыш кен қойнауында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Баршаға мәлім, қазіргі уақытта «Амангелді» кен қойнауында 26 ұңғыма пайдаланылуда, тағы бір ұңғыманы бұрғылау үстіндеміз. Оны ағымдағы жылдың қараша айында қолданысқа тапсырмақпыз. Сондай-ақ, болашағы зор жаңа «Қосқұдық» және «Сұлтанқұдық» құрылымдарында бұрғылау бойынша дайындық шаруаларының басы қайырылуда. Бұл ауқымды сейсмикалық барлау істерінің нәтижесінде көмірсутекті шикізат қорлары анықталды.
2013 жылы «Амангелді Газ» ЖШС Айрақты кен орнындағы №8 бағалау ұңғымасын салу бойынша жұмыстар бастау алды және де осы жылы қорларды қайта есептеуді аяқтау жоспарлануда. Үстіміздегі жылы серіктестік «Жарқұм кен қойнауын тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалану жобасын» іске асырды. Ол жерде қазір «Амангелді-Жарқұм» газ құбырын салуға байланысты жобалау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Анабай» кен қойнауында көмірсутекті шикізат қорларын есептеуде қажетті әрекеттер қолға алынуда.
– «Амангелдіде» өндірілетін көгілдір отын сапасына қатысты не айтасыз?
– Компания шығаратын өнім сапасын кен қойнауында орналасқан аккредиттелген зертхана бақылайды. Оның дерегіне жүгінсек, амангелділік газдың құнарлығы импортталатын газдың құнарлығынан 5-10%-ға жоғары. «ҚазТрансГаз» өз жеткізілімдерінің сенімділігін қамтамасыз етуге баса көңіл бөледі. Сондықтан, ЖШС газ бен конденсат өндіру бойынша бекіткен жоспар тұрақты түрде орындалуда және де шығарылатын өнім сапасы барлық техникалық талаптарға сай келуде.
– Байқауымша, кен қойнауын пайдалануда экология мәселесіне айрықша назар аударылатын сияқты. Сіздердің компанияларыңыз бұл жерде қандай көзқараста?
– Еңбекті қорғау, айналадағы қоршаған ортаны аялау, өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі салаларындағы «Амангелді Газ» ЖШС негізгі міндеттері келесідей: өндірістегі апаттық жағдайларды азайту, жазатайым жағдайлардың алдын алу, қоршаған ортаға теріс ықпалды төмендету.
Айтпақшы, газды пайдаға жарату бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде, 2009 жылдың желтоқсан айында «Амангелдіде» жобалық өнімділігі жылына 4,38 млн. текше метр болатын, сұйытылған пропан-бутанды қоспа алынатын, шырақты газды (УПГ 4/38) пайдаға асыру бойынша қондырғы қолданысқа енгізілді.
Бұдан бөлек, кен қойнауында тоқсан сайын тұрақты көздерден, ағынды сулардан, бақылау ұңғымаларынан және топырақтан ауаға таралатын ластаушы заттар қалдықтарына сараптамалық бақылау жүргізіледі.
– Компания өзінде еңбек ететін қызметкерлердің арқасында елеулі табыстарға қол жеткізетіні белгілі. «Амангелді Газ» ЖШС еңбеккерлері үшін қандай жағдай жасалған?
– Компанияның өндірістік ұжымы, тек кәсіпорынның апатсыз жұмысын қамтамасыз ететін және қысылтаяң сәттерде тығырықтан құтқаруға дайын қазақстандық білікті мамандардан тұратынын атап өткім келеді. Он жылдағы еңбек көрігі қайнаған қызу жұмыста ел аумағындағы жаңа газ кен қойнауларын игеру мен пайдалануға ұлттық кадр құрамының атсалысуына жан-жақты әлеует қарастырылды. Жаңа жұмыс орындары құрылып, жергілікті халықтың біліктілігі көтеріліп, ортақ іске жұмылдырылды. Қазіргі уақытта амангелділік кен қойнауын пайдалану бойынша Жамбыл облысының тұрғындарынан тұратын 200-ден астам маман тартылды.
Ұжымға қамқорлық таныту бағытында, кен қойнауларындағы ауысыммен жұмыс істейтін еңбеккерлердің күнделікті қауырт қимылы мен жайлы тынығуына көп назар аударудамыз. Ауысымдық қалашықта қажетті дүниелермен жабдықталған тұрғын жайлар, асхана, медициналық пункт, кір жуатын орын, қоймалар, мәдени-спорттық кешен, арнайы техникаға жылы ғимарат, қазандық және өзге де қалыпты тұрмысқа қажет нысандар қарастырылған.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан».