• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
04 Қазан, 2013

Жаңалық жауған күн

374 рет
көрсетілді

Маңғыстаудағы Қарақия атауы көпшілікке жақсы таныс. Ол – көлемі жағынан ТМД елдері арасында 5-ші орын алатын Қазақстандағы ең терең ойпат атауы. Еліміздің таңдаулы жеті кереметінің бірі. Ақтаудан шығып, осы әйгілі ойпатты жағалай әрі асқан жан Қарақия атты ауданның табалдырығын аттайды...

Маңғыстаудағы Қарақия атауы көпшілікке жақсы таныс. Ол – көлемі жағынан ТМД елдері арасында 5-ші орын алатын Қазақстандағы ең терең ойпат атауы. Еліміздің таңдаулы жеті кереметінің бірі. Ақтаудан шығып, осы әйгілі ойпатты жағалай әрі асқан жан Қарақия атты ауданның табалдырығын аттайды...

Жетібайдай кен орнымен та­нылған Қарақияның Маң­ғы­с­тауда мұнай саласының негізі қаланып, дамуында өзіндік тарихы бар. Өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап түбекте геологиялық іздестіру жұмыстары қанат жайғаны белгілі. Осы іргелі істі қолына алып, өңірде кен орындарының ашылуына сеп болған Маңғыстау мұнай-газ барлау кешенді экспедициясы өз қосын Қарақия ауданы орталығына тікті. Бұл жағдай ауданның экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуына айтарлықтай үлес қосып, нәтижесінде аудан тек республикаға ғана емес, бүкіл Одаққа танымал аудандардың қатарына қосылған болатын.

Соңғы жылдары ауданда әлеуметтік сала, ауыл шаруа­шы­лығымен бірге өндірістік мекемелер саны артты. Кешегі бір кезең­дерде тоқырап барып теңселе тұрған ауданның беті бері қарап, етек-жеңін қымтай бастады. Биыл 40 жасқа толған аудан қанатын қомдап, бұрынғыдан да биік самғауға талпынып жатқан жайы бар. Мерейтой аясында Қарақияда бірнеше жаңалықтарға куә болып, ел игілігі үшін жүзеге асырылған істерге қанығуға мүмкіндік туды.

Қарақиялықтар бір күнде бірнеше жаңа нысанға қол жеткізді. Алдымен Қарақия ауданында «Нұр Отан» ХДП-ның жаңа ғимараты ашылды. Осылайша, бір апта бұрын су жаңа көлікке ие болған «Нұротандықтардың» қуанышы қуанышқа ұласты. Жаңа ғимараттың ашылу салтанатынан соң тұрғындар Құрық ауылында 24 пәтерлік екі жаңа тұрғын үйдің кілті тапсырылған сәттің қызығын бөлісті. Қарақия ауданының осы Құрық ауылында тұрғын үй мәселесі өткір тұр екен. Кезек күткен 500-ге тарта адамның 48-і осы күні өз пәтерлерінің кілтін қолдарына алды. Сөйтсек, бұл «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының игілігі екен. Осы күні Құрықта 400 орындық кəсіптік-техникалық колледж ғимараты мен 200 орындық жатақхана ашылды. 3 қабатты оқу ғимаратында студенттерге арналған шеберханалар, компьютер мен лингафонды оқу бөлмелері, зертханалары бар. Аспаздар, техник-бағдарламашы, техник-механиктер əзірлейтін кәсіптік колледжде қазір 173 сту­дент білім алуда. Болашағын турис­тік кластерді дамытумен және өндірісті өркендетумен бай­ла­ныстыратын өңірде аталмыш маман­дықтардың қажеттігі айдан анық. Оқу орнында білім алушылар үшін оқу мен жатақхананың тегін болуы – жастар мен олардың ата-аналары үшін әрі жаңалық, әрі ерекшелік, әрі жәрдем. Ауданның 2014-2016 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына Құрық ауылында кеме жасау және кеме жөндеу зауытының құрылысы енгізілген. Мұнда құрылыс жұмыстары кезінде 600-ге жуық жұмыс орындары ашылады деп күтілсе, өңірдегі өзге де жобалар 1000-ға жуық тұрақты жұмыс орындарын ұсынады деп жоспарланған.

– Ауданымызда баспана мәсе­лесі қарқынды жүзеге асырылуда. Мұнайшы, Жетібай елді мекен­дерінде 4 қабатты тұрғын үйлер және «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша Сенек, Бостан, Құланды ауылдарында жаңа тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Бүгінде аудан бойынша 15 мектеп бар, барлық елді мекенде балабақша ашылған. Бостан ауылында бұл мəселені шешу үшін 50 орындық балабақшаның құрылысы басталмақ. Жыл соңына дейін Құрықта 300 орын­дық интернат, 75 орындық бала­бақша, Бостан, Сенек жəне Құлан­дыда тұрғын үйлер, «Өзен – Түркі­менстан мемлекеттік шекара» темір жол желісі шекара шегін­де ор­наласқан Болашақ елді меке­нінде 80 орындық мектеп, 50 орын­дық балабақша пайдалануға бе­ріледі. «Ақбұлақ» бағдарламасы бо­йынша Қарақия ауданы 70% ауыз­сумен қамтылды. Жақын арада бұл мәселені 95-99%-ға жеткізуді міндет етіп отырмыз, – дейді Қарақия ауданының әкімі Əділбек Дауылбаев.

Қарақия туралы бұрын «теңіз деңгейінен төмен жатыр» деген ұғым қазір «терең» деген түсінікпен алмасты. Қарақия ауданының жеткені мен алдына қойған мақсат-жоспарына қарап, осыны мойындауға тура келеді.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы.

Соңғы жаңалықтар