Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова халық алдында есеп беру кездесуінде биыл елімізде 38 отандық фильм түсіріліп, 5 фильм халықаралық деңгейде наградаға ие болғанын айтты.
- Мәдениет және өнер саласында заманауи үрдістерді кеңінен қолданып, кино саласында ашық сценариий талқылау ұйымдастырылады. Бұл ретте беделді кино мамандардан құралған Эксперттік кеңес және ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. Аталған жұмыс органдарымен ашық сценарий талқылаудың 3 отырысы өтті және қызығушылық танытқан әрбір азаматтың онлайн-форматта бақылауға мүмкіндігі болды. Нәтижесінде комиссия 2019 жылы ұсынылған 109 жобадан 17-сін іріктеп алса, 2020 жылы пичингке қатысқан 223 жобаның 42-сі қолданды, - деді Ақтоты Райымқұлова.
Сондай-ақ ол «Қазақфильм» киностудиясының даму стратегиясы әзірленгенін сөз етті.
- Мемлекет Басшысының тапсырмасын орындау мақсатында технологиялық және кадрлық жаңартуға, жаңа түсіру павильондарын салуға және тағы басқа шараларға бағытталған Қазақстанның брендіне айналған «Қазақфильм» киностудиясының даму стратегиясы әзірленді. Бұл шаралар киноөндіріс қызметтерінің толық кешені бар кинофабриканың жұмыс істеуіне бағытталған, - деді министр.
Оның айтуынша, биыл елімізде 38 отандық фильм түсіріліп, 5 фильм халықаралық деңгейде наградаға ие болды.