• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
04 Қазан, 2013

Айдын көлдің аққуы

530 рет
көрсетілді

Ойыл топырағы қай кезде де таланттарға кенде болған емес. Небір арқалы ақындар, алаштан ән оздырған әншілер, күмбірлете күй төккен күйшілер де өткен бұл өңірден. Сондай тума таланттардың арасында қазақтан шыққан атақты биші, тұңғыш балерина, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Нұрсұлу Тапалованың орны бөлек.

Ойыл топырағы қай кезде де таланттарға кенде болған емес. Небір арқалы ақындар, алаштан ән оздырған әншілер, күмбірлете күй төккен күйшілер де өткен бұл өңірден. Сондай тума таланттардың арасында қазақтан шыққан атақты биші, тұңғыш балерина, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Нұрсұлу Тапалованың орны бөлек.

Ойыл аудандық мәдениет үйінде өткен бишінің туғанына 90 жыл толуына арналған «Айдын көлдің аққуындай тербелген» тарихи-танымдық конференцияға жерлестерінің ұйымшылдықпен жиналуы да сондықтан. Конференция шымылдығы Нұрсұлу Елубайқызы туралы бейнебаянмен ашылды. Бишінің буынсыз биін, жарқ-жұрқ еткен жанарындағы ұшқынды көргенде шынында да, айдын көлдің аққуындай әсем де әдемі қимылына тәнті болмауың мүмкін емес. Ашық аспан астында мың бұрала билеген бишінің нағыз ұлттық нақышқа толы қимылы мен саусақ қозғалыстары тума таланттың шеберлігін паш ете түскендей.

Шараны кіріспе сөз сөйлеп ашқан Ойыл ауданының әкімі Мавр Абдуллин Ойыл өңірінен қазақ өнері мен мәдениетіне өзіндік үлес қосқан талай саңлақтардың шыққанын тілге тиек ете келіп, бұл орайда бүгінгі ұрпақ үшін аты аңызға айналған Нұрсұлу Тапалованың алар орны ерекше екенін атап өтті. Биші апамыздың асыл рухына тағзым ете отырып, жас ұрпақтың бойында туған елге деген құрмет пен мақтаныш сезімін ұятау, халықтың салт-дәстүрлерін сақтап жалғастыру үшін дарындарымызды, тума таланттарымызды, тумысы бөлек тұлғаларымызды елдің жадында жаңғыртып отыру парызымыз болмақ, деді ол.

Конференцияда Қазақстан Республикасы­­ның мәдениет қайраткері, облыстық тарихи-өлке­­та­ну музейінің қызметкері Рысты Досова қа­зақ­­тың тұңғыш балеринасы Нұрсұлу Тапа­­ло­ва­­ның өмірі және шығармашылығы туралы баян­­дама жасады. Оның айтуынша, Нұрсұлу Та­­­палова 1923 жылы қыркүйек айында Ойыл ауда­нында өмірге келген. Ол 11 жасқа толғанда елге іссапармен келіп жүрген академик Ахмет Жұ­бановтың назарына ілігіп, Алматыға жол тартады.

– Балауса қыз мемлекеттік опера және балет театрынан бір-ақ шығады. Ол бірден белгілі балетмейстер А.Александровтың аялы алақанына түседі. Ұстазы оған Мәскеу, Ленинград қалаларындағы хореографиялық училищелердің ұлттық би бөліміне баруға кеңес береді. Бірақ, Нұрсұлу Тапалова қазақтың опера және балет театрында қалады. Жас биші өзін биіктен көрсете біледі. Кейін би падишасы Шараның рөлдерін Нұрсұлуға тапсыратындай дәрежеге жетеді. 1938 жылға дейін кардобалет бишісі, кейін балет бишісі болған талант иесі қайталанбас бейнелер сомдап, көрермен көңілін баурап алды, – дей келіп, баяндамашы кезінде оның атақты Галина Улановамен бірге «Бақшасарай бұрқағында» Зареманың рөлін ойнағанын да жерлестерінің есіне салып өтті.

Нұрсұлу Тапалова дүниеге, байлыққа қызықпаған, қарапайым өмір кешкен. Баян­дамашы Рысты Досова Нұрсұлу Тапа­лова­ның құдай қосқан қосағы, қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы, қыздары Айсұлу және Тоты туралы да ой өрбітті. Ол сондай-ақ, бишінің өмірі мен шығармашылығы туралы деректер жинауға, тұтынған заттарын облыстық тарихи және өлкетану музейіне әкелуге демеушілік жасаған «Нобель» баспаханасының директоры Нұрлан Жұмағалиевтің азаматтығын атап өтті. Кәсіпкер азамат Нұрсұлу Тапалова атындағы бишілер байқауын ұйымдастыруға да мұрындық болып жүр екен. Еңбек ардагері Сағымбай Қаумесов өзінің жастау кезінде буынсыз бишінің концерттік бригадамен келіп, өнер көрсеткенін еске алды. Ол сол жолы бір концерттің өзінде он бес-он алты ұлттың биін билеп, өнерімен ойылдықтарды тәнті еткенін жеткізді. Конференцияны «Әсем» үлгілі би ансамблі мың бұралған бимен көркемдеп, әнші Жаңылсын Бисенғалиева Ілия Жақановтың «Ойыл толқыны» әнімен ажарлады.

Елден ерте кетіп, таланттар шоғырына қосылған бишіні ойылдықтар осылай сағына еске алды.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы,

Ойыл ауданы.

Соңғы жаңалықтар