• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Маусым, 2020

Батыс Қазақстанда 3 мыңнан аса адам төлқұжат алған

235 рет
көрсетілді

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы қайта жанданғаннан кейінгі көп сұратылған мемлекеттік қызметтердің рейтингін жасады.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары қайта ашылған соң Қазақстан азаматтары алдымен жеке куәлік пен паспорт алуға асығыпты. Еліміз бойынша 155 мыңнан астам азамат жеке басын куәландыратын құжатын жаңартса, Батыс Қазақстан облысында 3 мыңнан астам жеке куәлік және төлқұжат берілген екен.

Автокөлікті қайта тіркеу қызметі екінші орында. Мамыр айында автомобиль иелері Қазақстанның мамандандырылған ХҚО-ларында 118 мыңнан астам көлікті қайта тіркеген. Батыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 3000 шамасында.

Мамыр айында азаматтар жылжымайтын мүлік құқықтарын мемлекеттік тіркеу қызметі үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына 56 мыңнан астам рет жүгінген екен. Батыс Қазақстан облысында дәл осындай 2 мыңнан астам қызмет көрсетілген.

Ең танымал қызметтердің төртінші сатысында жүргізуші куәліктерін ауыстыру және беру қызметі көтерілді. Мамыр айында 30 мыңға жуық құжат рәсімделсе, БҚО бойынша 1000 жүргізуші куәлігі берілді.

Карантиннен кейінгі сұранысқа ие бесінші қызмет – әлеуметтік қауіп-қатер жағдайында әлеуметтік жәрдемақылар тағайындау қызметі. Бұл негізінен жүктілік және босануға байланысты берілетін төлем. Оны 20 мыңнан астам жүкті әйел алған, ал Батыс Қазақстан облысында 1500-дей әйел адам бұл қызмет түрін алды.

Азаматтарға арналған үкіметтің алдын ала мәліметі бойынша мамыр айында халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы Батыс Қазақстан облысында 20 мыңға жуық, ал Қазақстанда 645 мыңнан астам мемлекеттік қызмет түрі алынған. Айта кетейік, карантиннен кейін Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметін 4 мамырда, ал Алматыдағы ХҚО-лар өз жұмысын 25 мамырда бастаған болатын.

Қазір төтенше жағдай режимі алынып тасталғанымен, індет таралу қаупі сейілген жоқ. Сондықтан ғимараттарда азаматтар көп жиналып, вирусты жұқтырмауы үшін egov.kz порталында қолжетімсіз қызметтер ғана халыққа қызмет көрсету орталықтарында көрсетіледі. Ол үшін еgov.kz порталы, eGovKzBot2.0 телеграм-боты немесе 1414 байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы алдын ала брондап, кезек алу керек.

 

Батыс Қазақстан