• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Маусым, 2020

«Қарабұтақ - Қостанай» тасжолының 65 шақырымы жыл соңына дейін іске қосылады

431 рет
көрсетілді

Қостанай облысында республикалық маңызға ие «Қарабұтақ-Комсомольское-Денисовка-Рудный-Қостанай» (389-515 шақырым) автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.

Жалпы ұзындығы 114 шақырымдық жол облыстағы бірқатар елдімекенді байланыстыратындықтан, жоба облыстың дамуына зор серпін бермек. Қайта жаңарту жұмыстары жолдың ұзындығы 35 шақырымды құрайтын Денисовка елдімекенінен Перелески елдімекеніне дейінгі аралығын және ұзындығы 30 шақырымды құрайтын Перелески елдімекенінен Тобыл станциясына дейінгі аралығын қамтып, Антоновка, Алчановка, Валерьяновка елді мекендері мен Рудный, Лисаковск қалалары арқылы өтеді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын «Иврус» және «АБК-Автодор НС» ЖШС жүргізіп жатыр. 

Жоба аясында сондай-ақ, су өткізу құбырлары, жол айырығы, қызмет көрсететін павильондары бар демалыс алаңдары, сонымен қатар, Денисовка елдімекенінде жол пайдалану басқармасы және Антоновка елдімекенінде жол пайдалану пукінті құрылысы қарастырылған.

Сонымен қатар биыл жолдың Тобыл станциясы мен Рудный қаласы аралығындағы учаскелерде тиісті жұмыстар басталды. Жол учаскелерінің жалпы ұзындығы 49 шақырымды құрайды. 

Қайта жаңарту жұмыстарынан өткен соң 114 шақырымдық жол учаскесі 2 жолағы бар ІІ техникалық санаттағы жолға сәйкестендірілмек. Қозғалыс бөлігінің ені 7,5 метрді құрайды. Қазіргі таңда жолдағы жұмыстарға 475 адам мен 230 бірлік техника жұмылдырылған. Нысан 2022 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.