Достастық елдері делегацияларының назарында
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың басшылығымен бір топ қазақстандық депутат Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында жүр. ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Парламентаралық Ассамблеясы және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Парламенттік Ассамблеясы ұйытқы болған бұл сапар аясында көптеген маңызды мәселелерді жан-жақты талқылау көзделіп отыр.
Сапардың алғашқы күні, яғни кеше қазақстандық делегация өкілдерінің қатысуымен тарихы көнеден тамыр тартатын Таврия сарайында ТМД-ға қатысушы елдер Парламентаралық Ассамблеясы Тұрақты кеңесінің елдік мүдде тұрғысындағы мәселелерді өзек еткен бірнеше отырыстары өтті. Мәселен, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің, Парламентаралық Ассамблеяның Саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты кеңесінің төрағасы Әмзебек Жолшыбековтің басшылық етуімен өткен отырыс барысында аталған тұрақты кеңестің 2009 жылғы жұмыс қорытындысы жан-жақты сүзгіден өтті. Әмзебек Рысбекұлы жиында сөйлеген сөзінде қазіргі таңда ТМД-ға мүше елдердегі ушығып тұрған күрделі мәселелерді бейбіт үнқатысу жолымен шешу қажеттігін, бұл ретте, комиссияның жұмысын жандандырудың маңызы айрықша екендігін атап өтті. Бұл отырыс барысында сондай-ақ, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналған халықаралық парламенттік конференцияға дайындық жайы да кеңінен әңгіме өзегіне айналды. Жиынның қорытындысында қатысушылар ТМД-ға мүше елдер Парламентаралық Ассамблеясы Саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты кеңесінің кезекті отырысын өткізу және оның мерзімін белгілеу жөніндегі өз ұсыныстарын жеткізіп, арнайы қарар қабылдады.
Ал Парламентаралық Ассамблеяның әлеуметтік саясат және адам құқығы мәселелері жөніндегі тұрақты кеңесінің отырысы кезінде де ТМД елдеріне ортақ маңызды мәселелер күн тәртібіне қойылды. Мәселен, Әзірбайжан Республикасының аймақтық мәселелер жөніндегі Кіші Мәжілісі (Милли Меджлис) комитетінің төрағасы Рагимзаде Ариф Гафароғлының төрағалығымен өткен отырыс барысында ТМД елдерінің әлеуметтік саясат тетіктерін қалыптастырудың басым бағыттары, Достастыққа мүше мемлекеттердің 2011-2012 жылдарға арналған заңсыз миграцияға қарсы тұру мәселелерін көздейтін бағдарламасы жобасына ұсыныстар енгізу, ТМД-ға мүше елдер Парламентаралық Ассамблеясының әлеуметтік саясат және адам құқығы жөнінде қабылдаған заң актілерін тиімді пайдалану, тұрғындардың қоныстану және дамуы жөніндегі Еуропа парламенттік форумы жұмысын жетілдіру, қарт жандарға әлеуметтік қолдау көрсететін ұйымдардың қызметін жандандыру, Достастық елдері азаматтарын зейнетақымен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекетаралық байланысты одан әрі жүйелендіру секілді сан салалы мәселелер сын елегінен өтті. Бір атап өтерлігі, аталған жиын барысында Әлеуметтік мәселелер және адам құқығы жөніндегі тұрақты кеңес төрағасының орынбасары, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Рамазан Сәрпеков Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылғы халыққа Жолдауындағы көрсетілген еліміз тұрғындарын әлеуметтік жағынан қорғау жөніндегі 2020 жылға дейінгі аралықты қамтитын мемлекеттік саясат жөнінде жан-жақты баяндап берді. Отырыс соңында қатысушылар өз ұсыныстарын жеткізіп, кезекті отырыстың күн тәртібін қарастырды.
Бұл күні түстен кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің (Жогорку Кенеш) төрағасы Зайнидин Құрмановпен кездесті. Кездесу кезінде О.Мұхамеджанов З.Құрмановты жаңа лауазымымен құттықтап, қызметіне сәттілік тіледі. Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі кезіндегі басшылыққа алатын басымдықтары жөнінде айтып берді. З.Құрманов Қазақстанның әлемдегі беделді Ұйымға төрағалық етуін жоғары бағалайтынын, бұл ретте бауырлас мемлекетке үлкен сеніммен қарайтынын жеткізді. “Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы парламентаралық байланыс жыл сайын жанданып келеді. Бұлай болмауы мүмкін емес. Себебі, қос елдің арасындағы саяси байланыстың тамыры тереңде жатыр”, деді Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы өз сөзінде. Орал Байғонысұлы оның бұл сөзін қуаттай келе, бұдан кейінгі мерзімде де екі мемлекеттің парламентаралық байланысының нығая түсетініне сенім білдірді.
Бұдан кейін Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы парламенттік Ассамблеясының отырысына, ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясы бюросының отырысына қатысты. Онда аталған ұйым мен қоғамдастық шеңберінде Парламентаралық Ассамблеяның жұмысын жандандыру, қауіпсіздік пен қорғаныс тетіктерін нығайту секілді өзекті мәселелер сөз болды.
Кеше кешке Орал Мұхамеджанов ТМД-ға мүше елдер Парламентаралық Ассамблеясының төрағасы, Ресей Мемлекеттік Думасы Федерация Кеңесінің төрағасы Сергей Мироновпен кездесіп, екіжақты парламентаралық қарым-қатынастың жай-жапсарын әңгімеге өзек етті. Кездесу кезінде Орал Байғонысұлы Мәскеу қаласындағы метрода қаншама кінәсіз жанның өмірін қиған жантүршігерлік террорлық әрекеттерге байланысты көңіл айтты. Бұл ретте Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы терроризмнің кез келген түрін ақтауға келмейтінін атап көрсетті. “Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депуттары Ресей халқының басына түскен бар ауыртпалықты бөлісетінін жеткізгім келеді”, деді О.Мұхамеджанов бұл орайда. Екіжақты басқосу кезінде тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы сан салалы стратегиялық әріптестіктің қыр-сырына тереңірек үңілді.
Қазақстан Парламенті Мәжілісі делегациясының Санкт-Петербургтегі жұмыс күні бүгін одан әрі жалғасады.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ – Санкт-Петербургтен.