• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Маусым, 2020

ШҚО: Ортағасырлық қала жұртының орындары табылды

2560 рет
көрсетілді

Археологтың айтуынша, екі қалашық орнының аралығы бір-біріне жақын.

Зайсан ауданы аумағынан орта ғасырлық қала жұртының орындары табылды. Елді елең еткізерлік жаңалықты естігеннен кейін біз қазір Зайсанда жүрген белгілі археолог Әбдеш Төлеубаевтың өзіне телефон шалдық.

«Қай кезең екені әлі анықталған жоқ. Мерзімдеуші материалдар шықса, қай кезеңге жататынын сонда айта аламыз. Бірақ орта ғасырлық қала жұрты екені анық. 5 ғасыр мен 12 ғасырға дейінгі аралық болуы мүмкін.

Қала жұрты Жіңішке өзенінің бойы мен Саржыра ауылының маңынан анықталды. Жіңішке өзенінің бойында жеке-жеке құрылыс ғимараттары көп. Үстін құм басып, биік төбелерге айналып кеткен. Олардың саны біршама. Осы жерден тым алыс емес, Саржыра деген жерден де қала жұрты табылған. Бұл - кәдімгі қорғанды-бекіністі қала. Оның маңайында әртүрлі құрылыстар бар. Бұл нысандарды жақсылап зерттеу керек. Ерекше атап өтерлігі, бұл - әйгілі Жібек жолының кішігірім бір тармағы. Мен мұны бұрыннан айтып жүрмін. Негізгі жол Жоңғар қақпасына қарай кетеді. Яғни, Жетісудан басталады. Екінші бір тармағы Тарбағатайды бөктерлеп, Ақсуат, одан ары Зайсан, одан Жеменей, қара Ертістің бойымен Қытайға қарай өткен деп ойлаймын. Осы жолда қала жұрттары, қоныс орындары табылып жатыр» дейді археолог.

Археологтың айтуынша, екі қалашық орнының аралығы бір-біріне жақын. Шамамен 25-30 шақырым. «Екі жерден де қыш құмыралардың сынықтары табылды. Бұл – тек жер үстіндегі материалдар. Енді қазба жұмыстарын бастаймыз. Барлығы сол кезде белгілі болады» дейді Әбдеш Төлеубаев.  

Шығыс Қазақстан облысы,

Зайсан ауданы