• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
04 Қазан, 2013

Беларусь Президенті А.Лукашенконың Қазақстанға сапары аяқталды

335 рет
көрсетілді

Бүгін, 4 қазан күні таңертең Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен келген Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен кездесті.

Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық және индустриялық-инновациялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешеніндегі кооперацияны күшейту мәселелерін талқылады. Бұл туралы Ақорданың сайты хабарлады.

Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лукашенко посткеңестік кеңістіктегі, бірінші кезекте Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы интеграциялық үдерістерді дамыту барысын сөз етті.

Шағын құрамдағы кездесуде Н.Назарбаев А.Лукашенконың биылғы сапары екі елдің соңғы жылдардағы қарым-қатынасының белсенді қарқынының, саясат, экономика және мәдениет саласындағы екіжақты байланыстарының қарышты дамуының дәлелі екенін атап өтті.

– Менің Минскіге былтырғы сапарым барысында көрсетілген қонақжайлылық есімде. Бұл сапар біздің қарым-қатынасымызды одан ары нығайтып, барлық шаруашылық субъектілері үшін, үкіметтер мен бірлескен комиссиялар үшін жаңа серпін береді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Беларусь Президенті екі елдің халықтары көп ретте еңбексүйгіштігіне қоса, өз тарихы мен бірқатар қасиеттері жағынан ұқсас болып келетініне тоқталды.

– Біздің өзара қарым-қатынасымыздың негізінде халықтарымыздың мүдделері жатыр, бұл қымбат құндылыққа жатады. Бұл дұрыс және жаңа буын тарапынан әрдайым қолдау табатын болады. Мен, өзіміз келіскендей, тапсырмаларымыздың орындалу барысын бақылауға келдім. Минскіде және Астанада кезегімен кездесуіміз – дұрыс шешім, өйткені біз қойған міндеттерді шешуде орындаушыларды ынталандыра түседі, – деді А.Лукашенко.

Кеңейтілген отырыс барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Беларусьтің тығыз одақтастық қарым-қатынастар, сондай-ақ екіжақты және көпжақты негіздегі ауқымды байланыстар біріктіретін жақын серіктестер екенін айтты.

– Бұл сапар екіжақты қарым-қатынасты дамытуға мол үлес қосады деп сенемін. Келіссөздер қорытындысы бойынша біз бірлескен мәлімдеме қабылдаймыз, онда елдеріміз арасындағы достықты, экономикалық ынтымақтастық пен саяси байланыстарды нығайтуға ортақ ұмтылысымыз көрініс табатын болады. Бүгінде арамызда сауда-экономикалық ықпалдастық қарқынды дамуда. Қазақстан әлемдегі нарықтың тұрақсыздықтың салдарынан елдеріміздің тауар айналымының деңгейі 10 пайызға төмендегеніне қарамастан, ол жөнінен ТМД елдері арасында Беларусь үшін үшінші серіктес болып саналады. Өнеркәсіп кооперациясындағы ынтымақтастықта оң тәжірибе бар. Бүгінде өндіріс саласында және карьер-шахта техникасы, астық жинайтын комбайндар, тракторлар, қозғалтқыштар, лифтілер мен өзге де техниканы құрастыратын 14 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде А.Лукашенко Қазақстанның Беларусь үшін сенімді дос және одақтас екенін атап өтті.

– Біз өз кеңістігімізде Еуразиялық экономикалық одақ тәрізді бірегей құрылымды бірге құрудамыз. Ол екі елдің экономикасын дамыту үшін мол мүмкіндік туғызады. Өзара тиімді қарым-қатынастарымызды нығайту үшін Бірыңғай экономикалық кеңістіктің артықшылықтарын мейлінше күшейту қажет. Осы міндетті шешу алдағы екі жылға арналған екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың жол картасын бекітуге септігін тигізетін болады. Бұл кешенді құжат өзара іс-қимылдың барлық саласын қамтиды, – деді Беларусь Президенті.

Сапардың соңына қарай Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларусь Президенті Александр Лукашенко келіссөздер қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг өткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев жоғары деңгейдегі екіжақты кездесулер жақсы дәстүрге айналғанын атап өтті.

– Қазақстан Беларусьті жақын дос және стратегиялық серіктес ретінде қарастырады. Екі ел арасындағы қарым-қатынас достық, өзара түсіністік және сенім негізінде дамып келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті біздің елде тиімді жұмысын көрсетіп отырған заманға сай бірнеше бірлескен кәсіпорын жұмыс істейтінін атап өтті.

– Қарағандыда «КазБелАЗ» бірлескен кәсіпорны бар. Семей мен Қостанайда ауыл шаруашылығы техникалары құрастырылады. Пилоттық үлгідегі көпсалалы ауыл шаруашылығын құру жөнінде қызу жұмыс жүргізілуде. Оның базасында елдеріміздің агроөнеркәсіп секторындағы соңғы жетістіктері қолданылатын болады. «Ауылшаруашылық және коммунальдық техникалар шығаратын Қазақстан-Беларусь индустриялық-технологиялық паркі» бірлескен жобасы жүзеге асырылуда. Көлік пен логистика саласындағы ынтымақтастықты дамытудың жақсы келешегі бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Беларусьтің еуразиялық интеграциялық үдерістер аясындағы өзара іс-қимылы қарқынды дамып келе жатқанын да айтты. Кеден одағының, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің және Еуразия экономикалық одағының құрылуы елдеріміздің экономикалық кооперациясы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер өте нәтижелі жүргізілгенін, онда екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар маңызды мәселелері талқыланғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысы қаралып, келешектегі бірлескен қадамдар белгіленді.

– Бірлескен мәлімдемеге қол қоюымыз – келіссөздердің басты нәтижесі. Бұл құжатта елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы достықты нығайтуға өзара ұмтылысымыз көрініс тапты. Бұл жан-жақты өзара тиімді Қазақстан-Беларусь қарым-қатынастарының одан әрі қарқынды дамуына ықпалын тигізеді деп санаймын. Беларусь диаспорасы елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жақсы дәнекері болып саналады, Қазақстанның дамуына зор үлес қосады. Біз үшін елдеріміз азаматтарының бір-бірінің аумағына келу тәртібі туралы келісімге және реадмиссия туралы үкіметаралық келісімге қол қойылуы ерекше орын алады. Сонымен қатар, бүгін біздің қатысуымызбен кезекті «2014-2016 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына» да қол қойылды. Бұл құжат Қазақстан мен Беларусь сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамытудың тиімді құралына айналады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.    

Қазақстан Президенті экономикалық өзара іс-қимылмен қатар мәдени-гуманитарлық саладағы қарым-қатынастар белсенді дамуда екеніне тоқталды.

– Қазанның алғашқы онкүндігінде Минскіде Қазақстанның мәдениет күндері өтеді. 2014 жылы Астанада Беларусьтің мәдениет күндері өтпек. Беларусьтің ғылыми әлеуетінің дамуын ескере отырып, Қазақстан бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, өндіріске ғылыми әзірлемелер мен технологиялар енгізу саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға мүдделілік танытады. Бүгінде Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті жанындағы инженер кадрларын даярлау және қайта даярлау Қазақстан-Беларусь оқыту-өндірістік орталығы – білім беру саласындағы өзара тиімді ынтымақтастығымыздың айқын үлгісі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы достық дәнекері, өзара құрмет және стратегиялық серіктестікті нығайтуды көздеу Қазақстан мен Беларусь халықтарының игілігі жолында екі ел қарым-қатынасының басты қағидаттары екенін және алда да солай болып қала беретінін атап өтті.

Өз кезегінде, Беларусь Республикасының Президенті соңғы жылдары үкіметтік деңгейдегі байланыстың едәуір жанданып, өңіраралық форматтағы қарым-қатынас нығайғанына тоқталды.

– Интеграцияның күшеюі және Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы тығызырақ кооперацияны және үкіметаралық деңгейде, бизнес қоғамдастық арасында келісімді қажет етеді. Тек осындай жағдайда ғана біз ортақ нарықтың экономикалық артықшылығын сезіне аламыз. Беларусь пен Қазақстан өндірістік, ғылыми-технологиялық кооперацияны дамытуды жандандыруға тиіс. Бұл Бірыңғай экономикалық кеңістік нарығын өз өнімдерімізбен толықтыруға, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, бұл ретте жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Біз инвестиция құрушы бірлескен кәсіпорындарға көшу және ынтымақтастықтың ұзақмерзімді формасын құру туралы мәселені қарастыруға дайынбыз. Бізде «БелАЗ» және Минск трактор зауыты желілері тарапында жақсы үлгілер бар, – деді А.Лукашенко.    

Беларусь Қазақстан мен Беларусь тауарларын еуропалық және азиялық нарыққа тасымалдау үшін логистикалық орталықтар құру жөніндегі бірлескен жоспарларды пысықталатын көлік саласындағы ынтымақтастыққа зор мән беретіні атап өтілді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығындағы өзара ықпалдастықтың елеулі әлеуеті бар.

– Беларусь Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемін ұлғайтып қана қоймай, түрлі бағыттар бойынша агроөнеркәсіп кооперациясын дамытуға мүдделі. Біздің мамандарымыз Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту жөніндегі міндетті шешуге кешенді түрде атсалысуға дайын, – деді А.Лукашенко.

Беларусь Президенті сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынының төмендеуін еңсеріп, тиімді өзара ықпалдастыққа кедергі келтіретін барлық мәселені шешу қажеттігін атап өтті.

– Келесі жылы біз осы проблеманы шешеміз деп сенемін. Біз жол картасын әзірледік және осы жоспардағы барлық іс-шараны толық іске асыруға бел байладық, – деді А.Лукашенко.

Соңында Беларусь көшбасшысы ЭКСПО-2017 бүкіләлемдік көрмесін өткізетін орын ретінде таңдаудың Астанаға түсуімен Қазақстанды құттықтады.

Сапар қорытындысында мынадай бірқатар құжаттарға қол қойылды: Қазақстан Республикасы Президенті мен Беларусь Республикасы Президентінің Бірлескен мәлімдемесі, Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасында Қазақстан Республикасы азаматтарының Беларусь Республикасы аумағына және Беларусь Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасы аумағына келу тәртібі туралы келісім, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Беларусь Республикасы Үкіметі арасындағы реадмиссия туралы келісім, Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы 2009-2016 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын («Жол картасы») іске асыру жөніндегі 2014-2016 жылдарға арналған Бірлескен іс-шаралар жоспары, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Беларусь Республикасы Президенті жанындағы Басқару академиясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім.

Соңғы жаңалықтар