• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Маусым, 2020

Ақмолалық ателье карантин кезінде жаңа форматта жұмыс істеді

379 рет
көрсетілді

Соныдан соқпақ іздеген жанның алдынан жаңа әлемдердің ашылуы ең алдымен өз бойыңдағы талпынысына байланысты. Бұрын банк саласында қызмет еткен бойжеткен енді жеңіл өнеркәсіп саласында бағын сынап көрмек. Қазір Көкшетау қаласында өткізілуі жоспарланған өңіраралық ынтымақтастық форумына киімдер коллекциясын дайындауда.

Ақмола өңірінде киім тігетін 13 жеңіл өнеркәсіп бар. Cоның бірі – «AielBrend» ательесі. Ательенің тіккен киімдерінің сапасы көңілге қонымды, бағасы қолжетімді. Ұйымдастырушысы Динараның мамандығы қаржыгер. Банк саласында тек есеп-қисаппен айналысқан ол жарты жыл бұрын бала күнгі арманын жүзеге асырмақ болыпты.  Осылайша, кәсіпкерлікке бет бұрған. 

– Ең алдымен бизнес жоба әзірледім. Арнайы курсын оқыдым. Кейін «Даму» қорына көмек сұрап бардым. Маған «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 2 миллион теңге грант рәсімдеді. Қажетті құрал-жабдығымды, шикізаттарды алдым да, ісімді бастап кеттім, – дейді жас кәсіпкер Динара Смағұлова.

Динараның өзі әрі дизайнер, әрі киім үлгісін пішеді. Жанында 2 тігіншісі бар. Еліміздегі барлық жеңіл өнеркәсіп саласындағы проблема оның да басында бар. Ол – шикізаттың сырттан импортталуы және өнімдерін сертификаттауда қиындықтар бар.

– Біз тендер ұтысына қатысқымыз келеді. Өкінішке қарай, тауарды сертификаттау мәселесінде қиындықтарға жолығып отырмыз. Шикізат қымбатқа түседі. Қазақстанда сәнді киім матасы өндірілмейді. Омск, Мәскеу, Алматы, Қытайдан маталарды тапсырыспен алдыртамыз, – дейді жас кәсіпкер Динара Смағұлова.

Карантин кезінде кәсіп тоқтамаған, жаңа форматта жұмыс істеген. Тапсырыс берушілердің дене өлшемін онлайн қабылдап, киім тіккен. Жолға қойылған маркетингтің арқасында аз уақыттың ішінде тұрақты клиенттер базасын қалыптастырған.

 

Көкшетау қаласы