ПАРЛАМЕНТ
«Егемен Қазақстанның» арнаулы беті
Жұдырықтай жұмылған ел ғана жетістікке жетеді
Елбасының жыл сайынғы Жолдауы елдің ішкі және сыртқы саясаттағы барлық мәселелерді қамтитын бағдарламалық құжат болып табылады. Ал желтоқсан айында жария етілген жаңа Жолдаудың жөні бөлек. Өйткені, бұған дейінгі Жолдаулар алдағы қысқа ғана кезеңді қамтитын болса, бұл жолғы Жолдау елдің 2050 жылға дейінгі мақсаты мен міндеттерін, қол жеткізуге тиісті межелі көрсеткіштерді айқындап берді. Бұл Жолдау ең алғашқы 1997 жылы жария етілген еліміздің 2030 жылға дейінгі стратегиялық дамуын айқындаған кешенді құжатпен ғана сәйкес деуге негіз бар.
Егор КАППЕЛЬ,
Мәжіліс депутаты,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.
Әлемде 2050 жылға дейінгі өз бағдарын айқындаған елдер санаулы ғана. Соның бірі – Қазақстан. Және де еліміз алдына үлкен міндеттер қойып отыр. Бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену – Қазақстанның ғажайып жоспары. «Біздің басты мақсатымыз–2050 жылға қарай Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру. Қазақстан ХХІ ғасырдың ортасына қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға тиіс.
ПАРЛАМЕНТ
«Егемен Қазақстанның» арнаулы беті
Жұдырықтай жұмылған ел ғана жетістікке жетеді
Елбасының жыл сайынғы Жолдауы елдің ішкі және сыртқы саясаттағы барлық мәселелерді қамтитын бағдарламалық құжат болып табылады. Ал желтоқсан айында жария етілген жаңа Жолдаудың жөні бөлек. Өйткені, бұған дейінгі Жолдаулар алдағы қысқа ғана кезеңді қамтитын болса, бұл жолғы Жолдау елдің 2050 жылға дейінгі мақсаты мен міндеттерін, қол жеткізуге тиісті межелі көрсеткіштерді айқындап берді. Бұл Жолдау ең алғашқы 1997 жылы жария етілген еліміздің 2030 жылға дейінгі стратегиялық дамуын айқындаған кешенді құжатпен ғана сәйкес деуге негіз бар.
Егор КАППЕЛЬ,
Мәжіліс депутаты,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.
Әлемде 2050 жылға дейінгі өз бағдарын айқындаған елдер санаулы ғана. Соның бірі – Қазақстан. Және де еліміз алдына үлкен міндеттер қойып отыр. Бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену – Қазақстанның ғажайып жоспары. «Біздің басты мақсатымыз–2050 жылға қарай Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру. Қазақстан ХХІ ғасырдың ортасына қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға тиіс. Біздің жетістіктеріміз бен қазақстандық даму үлгісі Жаңа саяси бағыттың негізі болуға тиіс», – деді өзінің Жолдауында Елбасы – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл – жай айтыла салған сөз емес. Өте маңызды қадам. Барлық саланы алға дамыту қай мемлекет үшін де қиын шаруа. Қазір 50-ші орында тұрсақ, енді 37 жылдың ішінде қарқынды дамудың нәтижесінде 30 елдің қатарынан көрінуімізге толық мүмкіндігіміз бар. Бәрі де тек өзімізге байланысты.
Мемлекет басшысы елдің экономикасын дамыту арқылы халықтың жағдайын жақсартуға мән беріп келеді. Әлеуметтік жаңғырту – Қазақстанның негізгі бағыттарының бірі. Тәуелсіз елімізде әрбір қазақстандық бақытты, ертеңгі күніне сенімді өмір сүруі тиіс. Ол үшін кәсіподақ ұйымдарының қызметін жандандыруға маңыз беріліп отыр.
Біз бұрын «алдымен – экономика, содан соң – саясат» деген қағиданы ұстанған болсақ, қазіргі таңда адам капиталын дамыту экономикамен тең дәрежеде тұруы керек. Мемлекетімізде экономикалық қатынастар жан-жақты орнықты, азаматтық қоғам қалыптасты. Біртұтас Қазақстан қоғамының іргесі нығая түсуде. Мемлекеттік тіл елді біріктірудің негізгі бір тетігіне айналып келеді. Еліміз бірінші кезекте қазақтың салт-дәстүрлерін және бізде тұратын барлық ұлттардың салт-дәстүрлерін дамытуға жол ашып отыр. Қазір біздің қоғам өзіндік мәдениетті қалыптастыра білді. Соның негізі қазақ мәдениеті болса, өзге ұлттардың мәдениеті де оны байытып, толықтыра түсті.
Қазақстан қоғамының менталитеті – қазақ. Мен әрдайым «қазақстандық» деген ұғымның негізгі түбірі – «қазақ» деген сөзден шыққанын айтып жүремін. Қазақ менталитеті бүгінгі таңда мақсаткерлігімен, өз міндеттерін орындай білуімен, ата-бабалардың озық салт-дәстүрлерімен ерекшеленеді. Қазақ халқының жерге, отбасына деген ерекше құрметпен қарайтын көзқарасы бізді де өзіне тартып отыр.
Бүгінгі таңда еліміздегі барлық ұлттар мен ұлыстар бірігіп, бір халықты құрайды. Еліміздегі 138 ұлт өкілін өзіне тарту арқылы қазақ халқы үлкен жетістіктерге жетті. Қазір бәсекеге қабілетті 50 елдің құрамына енгенімізде де, 2030 жылға дейінгі болжанған негізгі көрсеткіштерге алдын ала қол жеткізгенімізде де ұлтаралық татулық және дінаралық келісімнің үлесі бар. Бұл – бір мақсатқа жұмылған біртұтас елдің жетістігі. Енді Елбасы дамыған 30 елдің құрамына ену мақсатын алға қойып отыр. Оған да тек бірліктің арқасында ғана қол жеткізе алатынымыз анық.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы – өте жауапты да маңызды міндет. Алға қойған мақсатқа жету жолында халықтың да, атқарушы және заң шығарушы органның да жауапкершілігі зор болмақ. Елімізде тұратын өзге ұлт өкілдерінің де атқаратын міндеті – ортақ мақсат жолында туған Отанымызға адал қызмет ету.
Елбасы қазақ халқы ұлттарды біріктіруші және жауапты болуы керек екенін айтты. Мәселен, шетелге барған адамға «Сіз кімсіз? Қайдан келдіңіз?» дегенде «Мен – қазақстандықпын» деп, бірақ қазақтың салт-дәстүрін білмей тұрса, қалай болғаны? Өзі туып-өскен жердің қарапайым ерекшеліктерін, ұлттық құндылықтарын білмесе, оның мемлекетке, өз Отанына деген құрметі қане?! Ол мәдениетті адамның қасиеті емес. Жас ұрпақты ұлтаралық келісімге, халық дәстүрін білуге, ұлттық және мемлекеттік құндылықтарды құрметтей білуге тәрбиелеу үшін – біздер жауаптымыз! Осы орайда, Мемлекет басшысының жаңа Жолдауда жаңа патриоттық сезімді қалыптастыру туралы айтқан ойларында осындай терең мән жатқанын ұғуға болады. Елбасының: «Жаңа қазақстандық патриотизм барлық қоғамды, барлық этностық әркелкіліктерді біріктіруге тиіс», деген ұстанымы баршамыздың көкейімізден шығып отыр.
Әсіресе, орыс тілде тәрбие алған ұрпақтың ұлттық салт-дәстүрді, рухани-мәдени байлықты білуіне мән бергеніміз жөн. Қазір біз олардың бойына сіңірмесек, ертеңгі күні олар бәсекеге қабілетті бола алмайды! Мемлекеттік тілді, өзі туып-өскен елдегі ұлттық салт-дәстүрді білмей, қоғамдық-саяси істерге белсенді араласа ала ма? Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді оқыту бағдарламасы бар. Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы бірқатар істер атқарылуда. Тіл мен мәдениетті ұғыну, Отанды сүю қасиеттері адамға жүрек арқылы берілуі тиіс. Осы орайда, аға ұрпақ өкілдері жастарға көбірек түсіндіруі керек деп ойлаймын. Сондай-ақ, еліміздің солтүстігінде туып-өскен жастар оңтүстіктің тарихи мекендерін, табиғи, мәдени ерекшеліктерін білуі қажет. Сол секілді оңтүстікте туғандар солтүстіктің өте керемет тарихи және табиғи құндылықтарын білуі керек деп ойлаймын. Яғни, бірге туғандай араласып, игі дәстүрлер өзара қолдау тапқаны жөн. Мұның бәрі елдің ортақ мұрасы ретінде қабылдануы тиіс.
*Іскерлік іссапарлары
Сессия тақырыбының ауқымы кең
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Светлана Жалмағамбетова Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының (ЕКПА) жыл сайынғы сессиясының төртінші бөлігіне қатысты. Шара Страсбург қаласында өтті, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
Сессияның күн тәртібі бойынша парламентшілер Албаниядағы парламенттік сайлауға жүргізілген мониторинг қорытындыларын, Босния мен Герцеговинадағы демократиялық институттардың қызметін, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) 2012-2013 жылдардағы іс-қимылын, балалар мен қарттардың құқықтарын, азық-түлік және ұлттық қауіпсіздік, сондай-ақ Еуропадағы Омбудсмен институтын күшейту мәселелерін талқылады.
Қазақстан мен Ассамблеяның қатынастары еліміз Парламенті мен ЕКПА арасындағы ынтымақтастық туралы 2004 жылы Страсбургте қол қойылған келісімге негізделген. Сондан бері қазақстандық заң шығару органының делегациясы ЕКПА сессиялары мен оның комитеттерінің отырыстарына қатысып келеді.
*Сізді не толғандырады?
Маңызы мол магистральді канал
Сенаттың жалпы отырысында депутат Қуаныш Айтаханов Премьер-Министр Серік Ахметовке депутаттық сауал жолдаған болатын. Онда былай делінеді:
«Құрметті Серік Нығметұлы!
Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласы мен Ордабасы, Отырар, Бәйдібек аудандары шаруаларының негізгі күнкөріс көзі болып табылатын егін шаруашылығын ағын сумен қамтамасыз ететін – «Арыс – Түркістан» магистральді каналы. Аталған магистральді каналды күрделі жөндеу мақсатында 2010 жылы тиісті құжаттамалар әзірленіп, каналды қайта құру жобасы бойынша І және ІІ кезеңдері игеріліп, 2,9 млрд. теңге көлемінде қаржы жұмсалды.
Алайда, жобаның ІІІ кезеңін 2013 жылғы республикалық бюджеттен қаржыландыру туралы жергілікті органдардың өтініштері белгісіз себептермен қолдау таппай келеді. Аталған нысанның жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынған. Жобаның жалпы сметалық құны 2 236,4 млн. теңгені құрайды.
Бұл жоба егін шаруашылығын ағын сумен қамтамасыз етумен бірге, төтенше жағдайлар болған кезде тарихи ескерткіштері көп Түркістан қаласы мен іргелес орналасқан елді мекендерді су тасқынынан аман алып қалу үшін де жұмыс атқарады.
Құрметті Серік Нығметұлы!
Жоғарыдағы аталғандардың негізінде, 2014 жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында «ОҚО Ордабасы және Түркістан аудандарындағы Түркістан магистральді каналын қайта құру (ІІІ кезең)» жобасына қажетті 2 236,4 млн. теңге қаржыны бөлдіруге ықпал етуіңізді сұраймын».
*Сайлаушылар сапары
Ұсыныстар ескерілетін болды
Парламент Сенатының бір топ депутаты Қызылжар өңірінде болып, бірқатар елді мекендер мен кәсіпорындарды аралады. Халық қалаулыларын табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Сергей Кулагин бастап келді.
Сенаторлар алдымен Қызылжар ауданына қарасты «Якорь СК» серіктестігінің тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда 8 мың гектар алқапқа астық өсірілсе, гектар берекелілігі 20 центнерден айналуда. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, өнім сапасы жақсы. Бұдан кейін «Сұлтан ЭДМК» АҚ-қа атбасын тіреп, еңбек ұжымдарымен кездесті. Кәсіпорын 40-қа жуық макарон өнімдерін шығарып, алыс-жақын шетелдерге жөнелтеді. 360 адам еңбек етеді. «Молпродукт» ЖШС-нің техникалық жарақтандырылуы халық қалаулыларының көңілінен шықты. Күніне 20 тоннадан астам сүт қабылданып, өңделеді.
Депутаттардың қатысуымен облыстық әкімдікте өткен кеңесте табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Серік Біләлов атқарылған жұмыстардан хабардар етті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы саласының даму қарқыны жөнінде мағлұмат берді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеуші кәсіпорын жетекшілері тарапынан толғақты мәселелер көтеріліп, шешу жолдары ұсынылды.
Мәселен, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі Марат Тасмағамбетов 700 мың гектардан астам алқапқа бітік өскен астықтың шашаусыз жиналғанын айта келіп, субсидиялау тетіктерін жеңілдетуді өтінді. Жеңілдетілген қаражатты алынған өнім көлеміне есептеп бергеннен гөрі, алдын ала босату әлдеқайда тиімді болмақ. «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің бас директоры Геннадий Зенченко дәнді дақылдардың бағасы әлі нақтыланбай отырғанын көлденең тартып, бұл мәселенің күзде емес, ерте көктемде белгіленуі диқандардың жан-жақты қамдануына игі ықпал жасар еді деген ой айтты. «Полтавка» ЖШС-нің жетекшісі Елтай Зікірин жер салығының көлемін оңтайландыру, ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау мәселелерін алға тартты.
Комитет төрағасы С.Кулагин ұсыныстардың жан-жақты ескерілетінін, тиісті орындар алдына қойылатынын жеткізді.
Жиын соңында облыс әкімі Самат Ескендіров Елбасы тапсырмаларын орындаудың барлық мүмкіндіктері қарастырылып жатқанын атап өтті.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.
*Әріптестік әлеуеті
Парламентаралық байланыстар көкжиегі кең
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков Швейцария Конфедерациясы Федералдық жиналысындағы «Швейцария-Қазақстан» парламентаралық ынтымақтастық тобының жетекшісі Кристиан Мишпен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Кездесудің негізгі мақсаты екі ел арасындағы өзара парламентаралық ынтымақтастықты нығайту болды. «Бізде екіжақты парламентаралық үнқатысуды кеңейту үшін жақсы негіз жасалған. Біз Швейцария Федералдық жиналысының «Швейцария-Қазақстан» парламентаралық ынтымақтастық тобын құру туралы шешіміне қолдау білдіреміз», – деп атап өтті сенатор. И.Адырбеков сондай-ақ қазақстандық парламентшілер швейцариялық әріптестерімен ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі және НАТО Парламенттік ассамблеялары, сондай-ақ, Парламентаралық Одақ секілді халықаралық ұйымдар аясындағы көпжақты байланыстарды өрістетуге мүдделі екенін атап өтті. Келесі жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету Швейцарияға өтеді. «Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен ынтымақтастықты нығайтуда ЕҚЫҰ негізгі тіректердің бірі болып қала беретініне сенемін. Біз Ұйымға Швейцарияның төрағалық етуі кезіндегі аймақтағы іс-қимылына жан-жақты көмек беруге әзірміз», – деді И.Адырбеков.
Қарулы күштерді демократиялық бақылаудың Женева орталығы – DCAF ұйымының да өкілі болып табылатын К.Миш қазақстандық парламентшілерді осы Орталықпен белсенді ынтымақтастыққа және DCAF-тың толық құқықты мүшесі болуға шақырды. Қазақстан бұл ұйымға өткен жылы байқаушы ретінде кірген болатын.
Сенатор сондай-ақ, швейцариялық компанияларды Астанадағы ЭКСПО-2017 дүниежүзілік көрмесіне қатысуға шақырды.
*Тұрақты комитеттер тынысы
Күн тәртібінде бюджет мәселелері
Парламентте Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысы өтті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Отырыста 2014-2016 жылдардың бюджетіне арналған үкіметтік заң жобасын талқылау шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі мен Дін істері агенттігінің бюджеттік мәселелері қарастырылды.
Депутаттардың сұрақтарына Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мен Агенттіктің жауапты хатшысы Төлеген Исмайылов жауап берді.
Хаттамаға түзетулер қаралды
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің жұмыс тобы «2008 жылғы 12 желтоқсандағы Айрықша жағдайларда Біртұтас кедендік тарифтің мөлшерлемелерінен ерекшеленетін кедендік әкелу баждарының мөлшерлемелерін қолдану шарттары мен тәртібі туралы хаттамаға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарады.
Бұл жұмыс тобының аталған заң жобасы бойынша алғашқы отырысы болды. Жұмыс тобының жетекшісі, депутат Зағипа Балиева 2008 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған осы Хаттаманың маңыздылығын атап өтті. Бұл Хаттама Беларусь, Қазақстан және Ресей үкіметтері арасында жасалған және 2008 жылғы 25 қаңтардағы Біртұтас кедендік-тарифтік реттеу туралы келісімнің 4-бабының 6-тармағын іске асыру мақсатын көздейді.
Отырысты қорытындылаған З.Балиева: «Заң жобасы бойынша анықтауды қажет ететін кейбір сұрақтар бойынша нақты жауаптар алдық. Барлық мәселе шешімін тапты деуге негіз бар. Заң жобасы алдағы уақытта комитеттің отырысына, одан кейін палатаның жалпы отырысына шығарылатын болады», – деді.
Өзгерістер талқыланды
Мәжілісте Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Парламентшілер үкіметтік заң жобасында салық заңнамасына енгізілетін өзгерістерді талқылады.
Отырыс Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсованың төрайымдығымен өтті. Салыққа түзету енгізетін заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі болып депутат Құттықожа Ыдырысов бекітілген.