Қазақстанды қандай ел десек, ең біріншіден, бейбітшіліксүйгіш, шетелдермен ынтымақтастық қарым-қатынас жасауды көздейтін мемлекет деп айтар едім. Осыдан шамалы уақыт бұрын Швейцарияға сапармен барып қайтқан ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қазақстанның осы ұстанымдардан айнымайтындығын дәлелдеп қана қоймай, соған Ұйымға мүше елдер өкілдерінің көздерін жеткізе түсіп те келді.
Ал 2 сәуір күні Ресейдің “Известия” газетінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік” атты көлемді мақаласы жарық көрді. Бұл мақала “Егемен Қазақстан” газетінің 3 сәуірдегі санында толық берілді. Елбасының ашық пікірге шақырған, адамзатты мазалап отырған өте күрделі мәселе жөнінде жазған ойлары өзектілігімен ерекшеленеді. Осы орайда атом қаруына қарсы, қауіпсіздікті қорғау мақсатында еліміздің атқарып жатқан игілікті істері жайлы, оның ішінде Парламент қабылдаған маңызды заңдар жайлы ойларымды ортаға салуды жөн көрдім.
ХХ ғасырдың орта тұсында алып елдердің жаппай қырып-жоятын атомдық қаруға жедел қол жеткізуді мақсат тұтып, адамзат баласына алапат қауіп төндіргені тарихтан белгілі. АҚШ пен КСРО сынақ аймақтарындағы бейбіт тұрғындардың жағдайына қарамастан мыңдаған жарылыстар жасады. Ондай апаттың зардабын көп шеккен елдердің бірі – Қазақстан. Шөбі шұрайлы, сулы да нулы мекендеріміз жарылыстың уына бөкті. 1949 жылы ашылған Семей сынақ полигоны өңірге орасан зор зардабын тигізді. 1988 жылы халықтың мұңы, көкейіндегі ащы шері ақын Ұлықбек Есдәулет сөзін жазған, сазгер Төлеген Мұхамеджановтың “Заман-ай” әнімен, аса дарынды әншіміз Роза Рымбаеваның орындауында әрбір жанның жүрегіне жетті. 1980-ші жылдардың соңы мен 1990-шы жылдардың басында халық наразылығы әлем жұртшылығының назарын өзіне аударды. Ақын Олжас Сүлейменов жетекшілік еткен “Семей-Невада” қозғалысы сол тұста бейбіт шеру ұйымдастырып, елдің тілегін алысқа жеткізді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегінің, қайраткерлігінің арқасында Семей сынақ полигоны біржола жабылды. Яғни, 1991 жылғы 29 тамызда Елбасы “Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы” тарихи Жарлыққа қол қойды. Сол кезде тек семейліктер ғана емес, барша қазақстандықтар шын жүрегімен қуанды. 29 тамыз Қазақстанның бастамасымен бүгінгі таңда Ядролық сынақтарға қарсы әрекеттердің халықаралық күні болып жарияланды. Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарары қабылданғаны белгілі.
Атом қаруы бір елдер үшін өзгені қорқытып, үркіту құралы болса, енді бір елдерге саяси-экономикалық байланыс жасау үшін үлкен зиянын тигізіп отыр. Ядролық қарудан айырылып қалғысы келмейтін елдер де бар. Қазір жаңа ғасырда өмір сүріп отырмыз. Жаңа үшінші мыңжылдық басталды. Бұл адамзаттың өркениетке бет алған ғасыры екенін әлі де түсінгісі келмейтін жандардың бар екені жасырын емес.
Қазақстан – өткен ғасырда-ақ ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан әлемдегі тұңғыш мемлекет. 1993 жылы желтоқсанда мұндай батыл қадамға барған Қазақстанды әлем жұртшылығы таныды. Біздің ел 18 жылдан астам уақыт бойы әр ісімен, әрбір саяси қадамымен бейбітшілікті қолдайтынын дәлелдеп келеді. Осы бағыттағы көптеген халықаралық келісімдерге қол қойылды. Сондай маңызды құжаттардың бірі жуырда ел Парламентінде талқыға түсті.
2009 жылдың соңына таман Парламент Мәжілісіне Үкіметтен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға қатысты төрт халықаралық құжатты бекітуді көздейтін заң жобалары келіп түсті. Олар: “Ядролық авария жағдайындағы немесе радиациялық авария жағдайындағы көмек туралы конвенцияны ратификациялау туралы”, “Ядролық авария туралы жедел хабарлау жөніндегі конвенцияны ратификациялау туралы” және “Пайдаланылған отынмен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы біріктірілген конвенцияны ратификациялау туралы” заң жобалары. Палата шешіміне сәйкес Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті осы жобаларды жұмысқа алып, талқыға шығаруға жедел дайындады (өзім осы заң жобалары бойынша жұмыс тобының жетекшісі болып тағайындалдым). Палатаның барлық салалық комитеттері оң қорытындысын берді. Жаңа жылдың алғашқы күндерінде өткен Мәжілістің жалпы отырысында бұл жобалар тұтасымен күн тәртібіне енгізіліп, талқыға салынды.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2007 және 2008 жылдардағы Қазақстан халқына жолдауларын жүзеге асыру үшін қазір елімізде атом энергетикасының негізін құру, ядролық энергетика саласын дамыту бағытында белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осыған орай аталған конвенцияларды заң түрінде бекітудің маңызы зор.
Жеке алсақ, оның ішінде “Ядролық қауіпсіздік туралы конвенция” ядролық қондырғылар қауіпсіздігіне тікелей арналған алғашқы халықаралық құқықтық құжат болып табылады. Ол Вена қаласында 1994 жылғы 17 маусымда қабылданған. Қазіргі кезде осы конвенцияға қатысушы мемлекеттердің саны 65-ке жетті. Қазақстан конвенцияға қатысушы ретінде 1996 жылғы 20 қыркүйекте қол қойды.
Конвенция ядролық қауіпсіздіктің жоғары деңгейіне қол жеткізуге, жекелеген адамдарды, тұтас қоғамды және қоршаған ортаны мұндай қондырғылардан шығатын иондаушы сәулелердің зиянды әсерінен қорғау үшін радиациялық қауіптен қорғаудың тиімді құралдарын жасауға бағытталған. Сондай-ақ, радиологиялық салдары бар апаттарды болдырмауды көздейді.
Ал “Ядролық авария туралы жедел хабарлау жөніндегі конвенция” ядролық аварияларды болдырмауға және егер олар болған жағдайда олардың трансшекаралық радиациялық салдарын барынша азайту мақсатында мемлекеттердің ядролық апаттар туралы тиісті ақпараттарды жедел беруіне бағытталғанын баса айта кеткен жөн.
Бізге табыс етілген мәліметтерге сүйенсек, ядролық апаттардың зардаптары көбінесе трансшекаралық сипатта болады екен. Сондықтан ядролық апат туралы тиімді хабарлау жүйесін құру оның келеңсіз салдарын азайтудың негізгі факторларының бірі болып табылады. Осы конвенцияны ратификациялау еліміздің ядролық авариялар туралы жедел хабарлаудың халықаралық жүйесіне бірігуіне, өзге ел аумағында осындай апат болған жағдайда еліміздің халқын және қоршаған ортаны қорғауда жедел және тиімді шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Сол секілді “Ядролық авария жағдайындағы немесе радиациялық авария жағдайындағы көмек туралы конвенция” атауы айтып тұрғандай, ядролық апат немесе радиациялық апатты жағдай орын алғанда олардың зардаптарын азайту үшін және радиоактивті шығарындылар әсерінен өмірді, мүлікті және қоршаған ортаны қорғауға кідіріссіз көмек беруге жәрдемдесу мақсатында халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Осы конвенцияны Қазақстанның заң түрінде бекітуі халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ядролық және радиациялық аварияларға орай әрекет етудің тиімді жүйесін ұйымдастыру үшін және осындай апаттардың зардаптарын жою кезінде, қажет болғанда, халықаралық көмекті тартуға жағдай туғызатыны атап көрсетілген.
Ал пайдаланылған отынмен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы біріктірілген конвенцияға Қазақстан 1997 жылы қыркүйек айында қол қойған. Конвенцияның негізгі мақсаты ұлттық шараларды және халықаралық ынтымақтастықты, оның ішінде тиісті жағдайларда қауіпсіздік саласындағы техникалық ынтымақтастықты нығайту жолымен бүкіл әлемде пайдаланылған отынмен және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу қауіпсіздігінің жоғары деңгейіне қол жеткізу және оны қолдау болып табылады.
Осы конвенцияны ратификациялау Қазақстанның пайдаланылған отынмен және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің халықаралық стандарттарға сәйкес қауіпсіз жүйесін жасау ниетін айғақтайды. Сол арқылы Қазақстанның атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастығын одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындау үшін еліміздің тиісті министрлігі Канадамен, Франциямен, Жапониямен және Үндістанмен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы үкіметаралық келісімдерге қол қоюға әзірлік жұмыстарын жүргізуде.
Аталған халықаралық конвенцияларды заңдық түрде бекіту ядролық қызмет қауіпсіздігі жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне қажет халықаралық стандарттарға сәйкес негізгі құқықтық құралдар енгізуге, соның арқасында атом энергиясымен байланысты қызметті жүзеге асыруда халықты және қоршаған ортаны қорғау деңгейін көтеруге мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар, бұл құжаттарды бекіту еліміздің ядролық қаруды таратпау режімін нығайту жөніндегі шараларды жақтайтындығын көрсетеді және осы саладағы саяси бағытының өзгермейтіндігін растайды. Сондай-ақ, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Қазақстанның заңнамасын халықаралық нормалармен үйлестіруге, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бағытында еліміздің халықаралық ынтымақтастығының одан әрі дамуына мүмкіндік береді.
Мәжіліс депутаттары талқылаудан кейін аталған заң жобаларын толықтай мақұлдау жөнінде ортақ шешімге келді. Бізден кейін осы құжаттарды қолға алған Сенаттағы әріптестеріміз де аталған конвенцияларды бекітуді көздейтін заңдарды қабылдаса, Мемлекет басшысы осы маңызды құжаттарға 3 ақпан күні қол қойды.
Биыл Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету міндетін атқарып жатыр. Елбасы өз үндеуінде мемлекетіміздің басты мұратын жария етті. Мұнда да еліміз әлемге бейбітшіліксүйгіш ұстанымдарын, өміршең бастамаларын, мызғымас бірлікке алып келетін сенім, үлгі боларлық дәстүр, ашық үнқатысу алаңын орнату және дінаралық төзімділік бағыттарын ұран ретінде ұсынып отыр.
Барша халқымыз қазір тыныштық орнатудағы Қазақстанның үлгісі әлемге кеңінен танылып, еліміздегі ынтымақ өз жарасымын таба бергей деген тілектің үстінде.
Сауырбай ЕСЖАНОВ, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.