• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
05 Қазан, 2013

Отандық бизнес өкілдерінің жетістігі

480 рет
көрсетілді

Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ірі бизнес орталығы Дубайда Халықаралық бизнес конфедерациясының (WORLDCOB) кезекті басқосуынан отандастарымыз ерекше құрметке бөленіп оралды.

Штаб-пәтері АҚШ-тың Хьюс­тон қаласында орналасқан бұл дүниежүзілік ұйым алты бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Оның бастылары: іскерліктің жетілгенін халықаралық мойындау, сертификаттардың корпоративті әлеуметтік жауапкершілігін тану, бизнес мәмілелерін жасау, кәсіпкерлік пен іскерлік ақпараттар алмасу және тағы басқалары.

Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ірі бизнес орталығы Дубайда Халықаралық бизнес конфедерациясының (WORLDCOB) кезекті басқосуынан отандастарымыз ерекше құрметке бөленіп оралды.

Штаб-пәтері АҚШ-тың Хьюс­тон қаласында орналасқан бұл дүниежүзілік ұйым алты бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Оның бастылары: іскерліктің жетілгенін халықаралық мойындау, сертификаттардың корпоративті әлеуметтік жауапкершілігін тану, бизнес мәмілелерін жасау, кәсіпкерлік пен іскерлік ақпараттар алмасу және тағы басқалары.Соңғы уақытта ғана ұйым Парижде, Гавайда, Лос-Гавоста және басқа қалаларда әлемнің алпыс бес елінің іргелі компаниялары мен кәсіпорындары өкілдерін семинарлар мен бизнес-форумдарға шақырды. Кәсіптік даярлықты арттыруға арналған семинарлар өткізді. Әлемдік ұсыныстарды және экономикалық жаңалықтарды бірнеше тілде сол сәтте жеткізіп тұратын веб-портал қызметін пайдаланушылар миллиондап саналады. Өз қатарында үш мыңнан астам мүшесі бар. Кейбір мүше корпорациялар мен компанияларда ондаған мың адам жұмыс істейді. Әлемдегі бизнестің дамуын қолдау саласында Халықаралық бизнес конфедерациясы ықпалды және жетекші ұйымдардың қатарында тұр.

Осы ұйымның соңғы жылдары Қазақстанмен қарым-қатынасы басталып, Қазақстанның іргелі компаниялары тұрмақ, орташа және шағын бизнесінің табыстары WORLDCOB арқылы әлемге насихатталып жатыр.

– Қазақстанның нарықтық эко­но­миканы табанды түрде жү­зеге асырған саясатын білеміз және Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың бұл бағытын қолдаймыз, – дейді Халықаралық бизнес кон­федерациясының вице-президенті Михаэль Беллидо. – Қазақ елінің іскер топтары мен кәсіпкерлері сауатты жұмыс істейді. Олардың бизнесті ашық және халықаралық талаптарға сәйкес жүргізуі біздің конфедерация тарапынан лайықты бағасын алып жүр. Және өз тарапымыздан үлкенді-кішілі бизнестің барлық түріне көмек береміз. Ақыл-кеңестен бастап, технологияның ең соңғы жетістіктеріне дейін ұсынуға дайынбыз.

Ұйым жетекшілерінің бұл мәлімдемесі Дубайда қазақстандық бизнес өкілдерімен кездесу ба­ры­сында айтылды. Оған Ми­хаэль Беллидомен бірге сертифи­каттардың корпоративті әлеуметтік жауапкершілігі саласының директоры Даниэль Жавиер мырза да қатысып, өзінің Қазақстанға деген ықыласын жеткізді.

Аталмыш халықаралық ұйым­ның бизнес саласы майталмандарын марапаттау салтанатында мұнай мен газ саласынан бастап, дәрі-дәрмек пен бояу өндірісіне дейінгі сан қырлы өндіріс өкілдері өз еңбектерінің лайықты бағасын алды. Алғашқы құрмет осы бас­қосуды өз жерінде өткізіп отырған БАӘ компанияларынан басталып, арабтың ұлттық киіміндегі ше­руді Оманның, Қатардың, Сауд Арабиясының, Бахрейннің өкілдері жалғастырды. Жеңімпаздар арасында Мысыр, Сирия, Ливия, Алжир және Тунистің болмауы да түрлі ойларға жетелейді. Елдің сая­си өмірінен маза кетсе, одан алдымен бизнестің зардап шегетіні осы тұста айтпаса да түсінікті болды.

Еуропаның жаңа серпінмен дамыған Польша, Венгрия, Румыния сияқты мемлекеттерінің, Латын Америкасының қуатты Бразилиясынан бастап Мексика, Перу, Чили, Венесуэла, Боливия және басқа елдерінің түрлі компания, кәсіпорындарының жеткен жетістіктері лайықты мара­патқа ие болды. Білім, медицина салаларындағы компания­лар мен ұйымдар да жиі аталып жатты. Орталық және Латын Амери­касының елдері сонау 2006 жылдан бері WORLDCOB арқылы әлемге танылуды мақсат етіп келеді. Сондықтан оның көрмесі мен конкурстарына белсенді қатысып, жеңімпаз атануға тырысады. Сахнадан сөз алған өкілдер бизнесті кеңейту мен білімдерін тереңдетуде халықаралық конфедерацияның көмегі көп тигенін айтып өтті.

Африка елдерінің өкілдері, оның ішінде мұнайлы Нигерияның, дамыған Оңтүстік Африка Рес­публикасының жетістіктерін айтпағанда, Сенегал, Ботсвана, Мозамбик, Гана, Чад, Замбия сынды елдердің өкілдері біреуі тері өңдеуден, келесісі банк-қаржы істерін ұйымдастырудан, үшіншісі туризмнен өз жетістіктеріне орай құрмет пен қолдауға ие болды. Олардың мұндай беделді награда жолындағы бәсекеге қатысқанына бес жыл болыпты.

Технология, машина жасау, ком­пьютер мен электронды құ­ралдар шығару саласының лидерлері қатарында Түркия, Камбоджа және басқа елдердің аттары аталғанда қонақтар құрметпен қол соқты. ТМД елдері арасында Ресей, Әзербайжан және Қазақстан компаниялары топ жарып шықты. Әсіресе, қазақ пен орыс кәсіпорындары мен мекемелерінің аттары көбірек аталды. Бұл да қай елдің қаншалықты деңгейде дамығанын айғақтайды.

Қазақ елінен алғашқы болып «Қ.Мәсімовтің ден сауықтыру орталығы» кәсіпорны осы кон­федерацияның үлкен жиынына қатысып отыр. Бұл – Қазақстан ғана емес Орталық Азияда алғаш рет туберкулез бен қатерлі ісіктерді жолақ-тест арқылы анықтауды жолға қойған орталық. Ол үшін Оңтүстік Корея өндірушілерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Алматыда осындай жолақ-тест таяқшалар шығаратын зауытты іске қосқан. Тест-жолақтары бойынша 17 түрлі ауруды анық­тайтын аппараттарды бұ­ған дейін Оңтүстік Кореядан тек АҚШ пен Жапония сияқты ең дамыған елдер сатып алған. Орталық Азия аймағында, тіпті Ресей бастаған Шығыс Еуропада бұл жаңалыққа ешбір елдің қолы жете қоймаған. «Қ.Мәсімовтің ден сауықтыру орталығы» болса Семей, Қызылордадағы онкологиялық ауруларды емдейтін ауруханаларға сұйық цитологиялық диагностикаға арналған екі аппаратты тегін тарту еткен-ді. Әрқайсысы 200 мың доллар болатын мұндай аппараттар басқа да облыстарға жеткізіліп жатыр. Осы еңбектері үшін қазақстандықтар ғана емес, енді міне, әлемнің бизнес марқасқалары да Қажымқан Мәсімов пен кәсіп­орынның бас директоры Қалелхан Иманмәдиге қол соғып, құрмет көрсетті.

Араб елінің сахнасында тап­сы­рылған дипломға да, осы бас­қосуға жіберілген шақыртуға да Ха­лықаралық бизнес конфе­дера­ция­сының президенті Жозе Морган қол қойған. Өз сөзінде орталық басшысы Қажымқан Мәсімов адамзаттың қатерлі дерттерді ауыздықтау жорығынан тыс қалмай, оған өз үлестерін қосатындықтарын жеткізді және Халықаралық бизнес конфе­дерация­сына Қазақ елінің символы болып табылатын қанатты барыс үстіндегі «Алтын адам» мүсінін тарту етті.

Әлемдік бизнестің алға озған серкелерін марапатқа бөлеген бұл басқосуда тағы бірнеше қа­зақ­стандық бизнес өкілдері сый-сияпатқа ие болды. Мұнай-газ саласында Араб, Нигерия өкілдерімен бірге «Қазгермұнай» бірлескен кәсіпорны лайықты бағасын алса, ал банк, биржа салаларында жетістікке жеткен астаналық, оралдық іскерлер болды. Және бір қуаныштысы, Алматы мен Астананың табысы орташа қызмет­шілері мен студент жастарын арзан, жедел және ыстық аспен қамтамасыз етіп отырған «Қағанат» кәсіпорны өз саласында марапатқа ие болып, еліміздің мәртебесін тағы бір биік белестен көрсете білді.

Қанат ЕСКЕНДІР,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар