Соңғы жылдары Ақтөбе облысының даму қарқыны тұрақты түрде сақталып, экономикалық өсім 5 пайыздық көрсеткішті құрап келеді. Қандай мәселенің де артықшылығы мен олқылығы салыстырмалы түрде айқындалады. Осы тұрғыдан 5 пайыздық экономикалық өсім дегеніміз – республикалық орташа деңгейден жоғары, ал ел өңірлері арасында алдыңғы қатарлы көрсеткіш. Яғни, облысқа келген сапары кезінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ақтөбе – ел экономикасын алға тарта алатын локомотивтің бірінің рөлін атқара алады» деген сөзі тектен-тек айтылмағанына көз жеткізе түсеміз.
Міне, 2020 жылдың алғашқы тоқсаны да артта қалып, екінші тоқсанда экономикалық өсім мен тұрақтылықты одан әрі сақтау мен жалғастырудың орнына Covid-19 індетімен күрес алға шыққаны мәлім. Жалпы, пандемияға қарсы іс-шаралар Ақтөбе өңірінде наурыз айының алғашқы он күндігінде басталып кетті. Соған қарамастан облыста 2020 жылдың қаңтар-наурыз айларында бұған дейінгі оң көрсеткіштер сақталып, тіпті кейбір өлшемдер бойынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда алға шығып отыр. Бұған алғашқы тоқсанның қорытындысы айғақ. Жалпы, бұл жыл қорытындысын болжайтын айқындаушы кезең екенін ескерсек, аталған аралықта өңірде тұрақты макроэкономикалық жағдай сақталды.
Ақтөбе – өндірістік әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Өнеркәсіптік кәсіпорындар мол шоғырланған. Кәсіпорындардың өндірістік қуатын өсіру және қайта жаңғырту жұмыстарының ауқымды бағдарламасы белгіленген. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов бұл жауапты іс пандемия індеті аяқталғаннан кейін қайтадан жалғасын табатынын жеткізді.
Алға қойылған мақсат – таяу жылдарда негізінен өндірістік кәсіпорындардың жеке қаражаты мен мүмкіндіктері есебінен қайта жаңғырту ісіне 500 млрд теңге қарастыру. Бұл – қомақты қаражат. Осы орайда биылғы жылдың І тоқсанында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 440,5 млрд теңге құрағаны жоғары нәтиже деуге болады. Яғни, аталған дерек 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда облыстың өнеркәсіптік 12 млрд теңгенің өнімін артығымен өндіргенін көрсетеді.
Екіншіден, өңірде инвестициялық қаражат тарту мәселесі тұрақты жолға қойылмаса, әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі белгіленген жобалар мен бағдарламалар оң нәтижесін бере қоюы екіталай. Осы орайда инвестициялық ахуалды жақсарту және облыс экономикасына тікелей шет елдік инвестиция тарту – жергілікті атқарушы органдардың тікелей міндеті. Бұл ретте облысқа былтыр 800 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Ал биылғы меже қандай болмақ? Біз осы сауалды Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинге қойған едік.
– Біз өңірдің инвестициялық тартымдылығын барынша тереңдете түсуге ұдайы назар аударып келеміз. Өңірде бірқатар шикізаттық ресурстар мен энергетикалық қуат көздерінің бағасы көршілес облыстармен салыстыра қарағанда төмен екені, облыста бұған дейін құрылған индустриялық аймақта жаңа мүмкіндіктер ашылуы да инвесторлардың қызығушылығын туғызды. Соның нәтижесінде өткен жылы инвестиция тарту ісінде тәуір нәтижеге қол жеткізе білдік, деп санаймыз.
– Биыл инвестициялық қаражат тартуда былтырғы биікке жету мүмкіндігі бар ма?
– Бұған кесіп-пішіп біржақты жауап қайтару қиын. Ең басты айтарым, инвестициялық ахуалды жақсарту мен тереңдету тұрақты бақылауымызда бола бермек. Біздің биылғы мақсатымыз – негізгі капиталға 746 млрд теңге көлемінде инвестиция тартуға қол жеткізу болмақ. 2020 жылға қол қойылған меморандумдар аясы осындай есеп жасауға негіз қалайды.
Өңір басшысы айтқан есеп орындалса, бұл өткен жылғы рекордтық деңгейге жетеқабыл көрсеткіш болары анық. Ал әлем елдеріне пандемия салдарынан туындаған экономикалық дағдарыс бұрын-соңды болып көрмеген орасан зор шығын келтіргенін ескерсек, белгіленген межені қанағат тұтуға болады. Өңірде алғашқы тоқсанда тартылған инвестиция көлемі – 100 млрд теңгеге жуық. Бұл іске қамшы басатын кез әлі алда.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде әңгіме қозғаған кезде тұрғын үй құрылысының орны бөлек. Осы орайда биыл алғашқы үш айда 156,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Былтыр 1 млн шаршы метр тұрғын үй тұрғызған өңірдегі құрылыс ұйымдарының қарқыны биыл қандай болмақ? Өңірде осы кезге дейін жасалған талдаулар табиғи демографиялық өсімнің жоғарылап келе жатқанын көрсетеді. Сонымен бірге тұрғындардың ішкі көші-қон үдерістері жоғары деңгейге көтерілген. Аталған факторлар қазіргі кезде тұрғын үйге деген жоғары сұранысты туғызуда.
Сондықтан биыл да сол деңгейден төмен түспеу мүмкіндіктері қарастырылған, соның ішінде тұрғындардың әлеуметтік топтарын тұрғын үймен қамтуға басымдық беру бағыттары белгіленді. Ақтөбе – жыл сайын өсіп-өркендеп, тұрғындар саны ұдайы өсіп келе жатқан қала. Осы факторлар мұнда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүрсе де оған ие болу және сатып алу кезегінде тұрғындардың жаңа толқыны пайда болуына әсер етуде. Қазір олардың саны 30 мың адамнан асып отыр. Бұған қоса облыс орталығының іргесі мен маңайында тұратын 150 мыңдай азамат жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімін алуға өтініш берді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2002 жылдың 27 қаңтары күні өткізген Үкіметтің кеңейтілген отырысында алдағы уақытта тұрғын үй салу мәселесі Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың басым бағыты болуы тиіс екенін атап көрсеткені мәлім. Сондықтан өңірдегі құрылыс жұмыстары карантин режімі жағдайында да барлық сақтандыру мен қауіпсіздік шараларын мұқият сақтай отырып, жалғасып келеді.
АҚТӨБЕ