Депутаттар кеше осы мәселенің жауабын іздеді
Кеше Парламент Мәжілісінде палата Спикері – «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен фракция жиыны болды. Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына фракция депутаттарының әзірлеген түзетулер топтамасы қаралды.
Фракция отырысында аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев депутаттар тарапынан салықтық мөлшерлемелерге қатысты ұсыныстар түскендігін қуаттады.
Депутаттар кеше осы мәселенің жауабын іздеді
Кеше Парламент Мәжілісінде палата Спикері – «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен фракция жиыны болды. Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына фракция депутаттарының әзірлеген түзетулер топтамасы қаралды.
Фракция отырысында аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев депутаттар тарапынан салықтық мөлшерлемелерге қатысты ұсыныстар түскендігін қуаттады.
Қазақстанда 3,1 миллион автокөлік (жалпы көлемнің 88 пайызы) қозғалтқыш көлемі бойынша 3 литрге дейін болса, олардың салықтық мөлшерлемелері өзгеріссіз қалатынын министр ерекше атады. Ал қозғалтқыштары 3 мың мен 4 мың текше сантиметр болатын автокөліктер еліміздегі көліктердің жалпы көлемінің 3 пайызын ғана құрайды екен. Осы ретте министр қозғалтқыштары 4 мың текше сантиметр автокөліктері қымбат мүлікке жатқызылатынын тілге тиек ете кетті. Жылжымайтын мүлікке қатысты салықтық мөлшерлемелер негізінен Астана, Алматы және облыс орталықтарында өзгертілетіні белгілі болды. Сонымен қатар, салықтық мөлшерлемелер алкогольдік және темекі өнімдеріне артады деп күтілуде. Мәселен, 2016 жылы темекі акцизіне мөлшерлеме 3,3 есе өседі деп күтілуде. Осы уақыт аралығында 1 литр спирттік ішімдікке мөлшерлеме қазіргі 500 теңгеден 1600 теңгеге дейін өсетіндігі белгілі болып отыр.
Депутаттар да министрге сұрақтарын қоя отырып, өз ойларын ортаға салды. Әсіресе, депутаттар Серікбай Нұрғисаев пен Розақұл Халмұрадов ауылдағы азаматтарымыздың автокөліктері күнкөрістің көзі екендігін алға тарта отырып, олардың жағдайы ескерілуі қажеттігіне ерекше назар аудартты. Депутаттардың қойған сұрақтарына орай жауабында министр ауыл мен қала тұрғындарына автокөлік салығының деңгейі бірдей болатынын ескерте кетті. Қазіргі таңда қозғалтқыш көлемі жоғары автокөліктердің 80 пайызы қалаларда болса, тек 20 пайызы ауылдық жерлерде тіркелген.
Ал Ерген Дошаев еліміздің алкоголь өнімдері рыногында сыраның 80 пайыз құрайтындығын тілге тиек ете келіп, оған деген салықтық мөлшерлемені көтеру туралы өткір мәселе қойды. Алатау бөктеріндегі Алматы облысы аумағына кіретін зәулім сарайлардың салықтық ауыртпалықтарды сезінбей отырғандығын айтқан Виктор Рогалев осы мәселені шешудің жолын сұрады. Министрдің жауабына қарағанда, Алматыдағы Әл-Фараби даңғылының үстіңгі жағындағы тұрғын жайлар жақын болашақта қала аумағына кіргізіліп, қала бюджетіне салық төлейтін болады. Қазіргі таңда көптеген үйлердің иелері өз иеліктеріндегі жылжымайтын мүліктерінің 70-80 пайызы ғана салынып бітті деген желеумен жарық пен суды қостырып алып, жылдар бойы салықтан жалтарып отырғандықтары да назардан тыс қалмады. Министрдің мәліметіне қарағанда, қазір коммуналдық қызметтерді қостырған тұрғындарға салық төлетуді енгізу жайын қарастыру көзделіп отырғандығымен бөлісті.
Депутаттардың ойын жеткізген фракция жетекшісі көлік және тұрғын үй салығына қатысты түзетулер бойынша үкіметтік нұсқамен келіспейтіндігін мәлімдеді. Заң жобасы салықтық әкімшілендіру жүйесін жетілдіруге бағытталғандықтан, оны толықтай қолдайтындықтарын білдірген Спикер көлік пен тұрғын үй салығына қатысты түзетулерді Үкімет ұсынған нұсқада қабылдай алмаймыз дегенді ерекше айтты. Елбасы 2008 жылғы Жолдауында Салық кодексін қалыптастыру кезінде құнды мүліктерге, зәулім үйлер мен қымбат көліктерге жанама салықтар енгізу туралы нақты тапсырма жүктеген-ді. Ол ескерілмей, керісінше, осының барлығы орта санаттағыларға аударылған. Сондықтан, бүгінгі біз қарап отырған Салық кодексіне енгізілген үкіметтік түзетулер Президенттің аталған тапсырмасына сәйкес өзгертілуге тиіс деп есептейміз, деді Нұрлан Нығматулин.
Фракция жетекшісі салықты есептеу кезінде көлік және үй салығына теңгерімдік әдісінің қажеттігін алға тартты. Үкіметтік нұсқада негізгі салмақ қозғалқыштары 3 мыңнан 4 мың текше см.-ге дейінгі көліктерге түсетіндігін, сондай-ақ, олардың жылы, тозығы ескерілмейтіндігін және көлемі 4 мың текше см.-ден асатын темір тұлпарлардың салығын ұлғайту қаралмағандығын ескертті. Сонда көлемі 4-мың текше см.-ден, 5-тен, 6-дан асатын, ерекше санатқа жатқызылатын көліктер қайда? Мысалы, 1,5 миллион еуро тұратын, қозғалтқыш көлемі 6 мың текше см. «Мазератти» көлігіне салынатын салық он жыл бұрынғы, көлемі 4 мың текше см. «Тойота-Прадомен» бірдей болғаны ма? деді Нұрлан Зайроллаұлы таңданысын жасыра алмай.
Мәжіліс Төрағасы жылжымайтын мүлікке салынатын салықтың олқы тұстарын да назардан тыс қалдырмады. Алаңы 150 шаршы метрден асатын пәтерлер мен 300 шаршы метрден асатын жекеменшік үйлерге салық көлемін 3 есе жоғарылататын коэффициент туралы айта келіп, Н.Нығматулин баспананың нақты құны есепке алынбағандығын атап айтты. Сіздердің коэффициент үйдің сапалық сипаттамасына да, тұратын адамдар санына да құрылмаған. Бұл – сіздерде қымбат баспанаға жатқызатын нақты өлшемнің жоқтығының белгісі. Соның салдары қымбат баспанаға төленетін салықты шарықтатуға мүмкіндік бермей отыр, деді Спикер.
Төрағаның пайымынша, сән-салтанатқа, байлыққа салынатын салық кім қымбат көлік пен зәулім үйге ие болса, соларға көп салынуы тиіс. Сөйтті де Төраға бірқатар ұсыныстарды алға тартты. Атап айтқанда, темір тұлпарларға салынатын салық түріне қатысты – қозғалтқыш көлемі 4 мыңнан, 5 мың текше см.-ге дейінгі көліктер үшін салық мөлшерін 130 МРП-ге дейін, ал көлемі 5 мың текше. см.-ден асатын көліктер үшін салық мөлшерін 200 МРП-ге дейін өсіру мәселесі төтесінен қойылды. Және қарапайым азаматтардың мүддесіне нұқсан келтірмес үшін жаңа салықтық мөлшерлемелерді 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап сатылып алынатын көліктерге қолдану ұсынылды. Яғни, ертеректе сатып алынған көліктер үшін бұрынғы салық көлемін қалдыру қажет.
Жылжымайтын мүлікке байланысты салықты сөз еткенде, фракция жетекшісі жоғарылататын коэффициентті жойып, баспана құнына қатысты неғұрлым әділ тәсілге алмастыру керектігін атап, бұл салық салу кезінде, әсіресе, қымбат баспаналар үшін неғұрлым негізді болмақ дегенді айтты.
Енді «Нұр Отан» ХДП фракциясы мақұлдаған түзетулер топтамасы палатаның Қаржы және бюджет комитетінде дүйсенбіге дейін талқыланып, жан-жақты пысықталуы тиіс. Заң жобасы келесі сәрсенбіде мақұлдануы мүмкіндігі де аталып өтілді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».