Бұрнағы күні Астананың «Астана-Арена» спорт кешенінде Еуропа лигасы топтық сайысы 2-турында Қарағандының «Шахтері» мен Израильдің Хайфа қаласының «Маккабиі» кездесті. Тартысты өткен матч 2:2 есебімен тең аяқталды.
Бұрнағы күні Астананың «Астана-Арена» спорт кешенінде Еуропа лигасы топтық сайысы 2-турында Қарағандының «Шахтері» мен Израильдің Хайфа қаласының «Маккабиі» кездесті. Тартысты өткен матч 2:2 есебімен тең аяқталды.
Бұл, бір біріне-бірі ұқсай бермейтін екі таймнан құралған ойын болды. Оның біріншісінде «Шахтер» айтарлықтай басымдық көрсетсе, екіншісінде, «Маккабидің» дегені жүріп жатты. Кездесудің есептері де соған орай өзгеріп тұрды.
Ал «Шахтер» матчты шынында да жаман бастаған жоқ. Кеншілер алғашқы 15 минутқа дейін қарсыластарын өз алаңдары маңына қысып ұстап, тіпті, шабуыл туралы ойлауға да мұрша бермеді. Бірақ қарағандылықтар бұл басымдықтан тиісті нәтиже шығара алмады.
Шамамен, таймның ортасына қарай қонақтар ес жиып, алаң иелері қақпасына қарай алғашқы жорықтарын ұйымдастырды. Сол мезеттерде олар бірер рет қақпаға шын қауіп те төндіріп үлгерді. Осы тұста қонақтар бірінші рет бұрыштама беріп көрді. Дегенмен, бұл алма-кезек шабуыл сәті тым ұзаққа созылған жоқ. Содан кейін «Шахтер» қайтадан атқа қонды. Біздің жігіттердің ендігі қарқындары тіпті күшейе түсті. Сондай шабуылдардың бірінде, 40-минутта команда капитаны Андрей Финонченко әуелеп келген допты баспен қатты ұрып, дәл маңдайшаның астын солқ еткізді. Арада бар-жоғы 5 минут өткеннен кейін қарағандылық Евгений Тарасов қақпашымен бетпе-бет келген сәтін керемет пайдаланып, тағы бір голды соғып кетті.
Өкінішке қарай, екінші тайм тұтастай дерлік қонақтардың үстемдігімен өтті. Израиль футболшылары барған сайын біздің қақпаға қарай қауіпті шабуылдарды көбейте берді. Бұған қонақтар сапында ойыншылар алмасқаны да айтарлықтай серпін берді. Олардың есепті теңестірген екі ойыншысы да солар болды. Алдымен Эзра 54-минутта бір доптың қарымтасын қайтарса, 79-минутта Тургеман таразы басын теңестірді. Бірақ меймандар бұдан кейін де тыншу таппады. Қарағандылықтардың арасында бірер рет қарсы қақпа маңына барғаны болмаса, қалған уақыттардың бәрінде алаң иелерінің дарбазасы төбесінде Дамоклдің қылышы жалаңдап тұрғандай көрінді. Ойын да хайфалықтардың осындай жойқын жорықтары үстінде соңына жетті.
Осылайша, Қазақстан командасы Еуропа лигасындағы өзінің ең алғашқы ұпайын алды. Келесі турдың ойындары 24 қазан күні ойналады. Бұл күні «Шахтер» Голландияның АЗ (Алкмаар) командасымен кездеседі. Содан кейін осы ұжымның алаңына барып ойнайды.
Руслан ИГІЛІК.
(Турдағы қалған ойындардың нәтижелерін egemen.kz, egemennews.kz сайттарынан көре аласыздар).