• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
05 Қазан, 2013

Сағыныш сазы

586 рет
көрсетілді

Шетелдерде тұратын қазақтардың өнер фестивалі өтті

Бейсенбі-жұма күндері Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында шетел қазақтарының екі күндік өнер фестивалі ұйымдастырылды. Мәйегі бұзылмаған ұлттық фестивальге 16 мемлекеттен 150-ге жуық суретші, әнші-жыршы мен ақын келді.

Шетелдерде тұратын қазақтардың өнер фестивалі өтті

Бейсенбі-жұма күндері Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында шетел қазақтарының екі күндік өнер фестивалі ұйымдастырылды. Мәйегі бұзылмаған ұлттық фестивальге 16 мемлекеттен 150-ге жуық суретші, әнші-жыршы мен ақын келді.

Берісі Ресей, мына жағы Қытай, Норвегия, Швеция, Иран, Ауғанстан, Франциядан жеткен қазақтар ықыласын өнердің барлық тілімен төкті. Туған жер туралы үлкендердің айтқан естеліктерін көкіректеріне түйіп, жырақта жүрсе де ұлтын сүюден бір танбаған қазақ жастары осы ұлы сағыныш пен құрмет тілдің де, ділдің де қорғаушысы, сақтаушысы бола алатындығын өнер түрлерімен паш етті.

Мысалы, бейнелеу өнеріне бет қойған Құбылай Сүрер атты бозбала сонау Германияда тұрып жатса да, барлық туындыларына Отанын арқау еткен.

– Менің шығармашылығыма атамның айтқан естеліктері мен бастан өткерген оқиғалары шабыт берді. Қазір сурет өнерімен айналысып жүрмін. Ересек өмірді бастаған кезде өзімнің еліме – Қазақстаныма қайтамын деп ойлаймын. Мектеп бітірген соң Назарбаев Университетіне түсуді армандап жүрмін, – дейді Құбылай.

Жалғыз сурет көрмесі ғана емес, ақындар мүшәйрасы, тер­мешілер сайысы сыртта жүрген ағайынның өнерден кенде емес екенін көрсетті. Қарасөздің қасиетін, ұлт мәдениетінің мәйе­­­гін ұғынатын қауым, қазақтың құнарлы тілін, салт-дәстүрін дәріптеп, ұлт өнерін ұлықтады.

Осындай халықаралық өнер фестивалін ұйымдастыруда көксеген мақсатымыз – әлемнің әр түкпіріндегі қандастарды табыстыру, көнеден жеткен бай тілімізді насихаттап, ұлт мәдениетінің керегесін кеңейту болса – ол орындалды.

«Көк тудың желбірегені» атты өнер бәйгесінде қазақтың қарасөзі ұлықталып, жазба ақын­дар мүшәйрасы, 30-ға жуық өнерпаз қатысқан термешілер сайысы өтті.

Баян-Өлгей аймақтық Қазақ қаламгерлер кеңесінің төрағасы Сұраған Рахметұлы көне тілдік қасиеттер барынша жақсы сақталған үлкен-үлкен өлкелер өзге мемлекеттің аумағында тіршілік етіп жатқанын айта келе:

– Сол үлкен мәселені тарихи қара шаңырақтың алтын қазанына әкелу біздің мақсатымыз. Со­лардың бірсыпырасын бүгін осы біздің қазақ ақындары сүйреп жеткізді деп ойлаймын. Бұл енді қазақтың жеңісі, – дейді.

Дөңгеленген дүниядағы қазақтың басын қосқан осынау өнер мерекесі.

Сырттағы ағайындарымызбен барыс-келісті жолға қою – барымыз бен жоғымызды, тарихымызды да түгендеуге жол ашатындығын көрсетіп өтті.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Суретті түсірген Нұртай ЛАХАНҰЛЫ.

Соңғы жаңалықтар