• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Видео 09 Маусым, 2020

Малшының жағдайын осылай жасау керек

3742 рет
көрсетілді

Екі күн бұрын «Шопан-ата» ұлттық қой өсірушілер қауымдастығы төрағасы Алмасбек Садырбаев Алматы облысы, Алакөл ауданында орналасқан малшылардың жай-күйін арқау еткен видео жариялады. Бейне жазбада әдеттегі жұпыны ауыл, жүдеген малшы, ескі-құсқы техника атымен жоқ. Назар аударарлық тұсы да осы еді. Керісінше, малшыларға арналған баспананың қаладағы үйге бергісіз салынуы таңқалдырды. Малшыларға жоғары деңгейде жағдай жасалғанын көрген жұрт «нағыз үлгі боларлық іс» деп бағалап жатыр, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Видео авторына қоңырау шалдық. Алакөл ауданына неге барғанын, шаруашылықтың немен айналысып жатқанын сұрап білдік. Оның айтуынша, белгілі кәсіпкер, меценат, "ZHERSU" инвестициялық-өндірістік корпорациясының бақылау кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспанов оны арнайы шақырған көрінеді. Ондағы мақсаты  -  шаруашылықта қой басын арттырыудың жөн-жобасын кеңесіп, ақылдасу болса керек. Кәсіпкерді, әсіресе, қой шаруашылығына байланысты алдағы жылдары болуы мүмкін заңнамалық өзгерістер мен төл басын көбейтудің жолдары қызықтырыпты. Ал малшыларға арнап жасалған кешенді жұмыстың озық үлгісін көрген А.Садырбаев таң-тамаша қалғанын айтады. Тіпті сол жерден кәсіпкермен сұхбаттаса отырып, кешенді видеоға түсіріп алыпты.

Малшылар тұратын үлкен үй отбасылы және бойдақ азаматтарға арналған бөлмелерден тұрады. Әр қайсысында тұрмыстық қажеттілікке қажет жиһаздар мен құралдар қойылған. Жеке жуынатын бөлмелері, демалыс орындары, тіпті шағын кітапхана мен кинотеатры да жұмыс істеп тұр. Жеке және ортақ асханалары бар. Мұнда көбіне жылқышылар мен бақташылар жайғасқан. Жұмысшылардың балалары үшін ойын алаңы құрастырылған.

Сондай-ақ шопандарға бөлек ғимарат салынғанын көруге  болады. Шамамен жалпы ауданы 46 шаршы метрді құрайтын бөлмеде жуынатын және демалатын орын, сондай-ақ қонақ залы бар.  Бауыржан Оспановтың сөзіне қарағанда, мал басын арттыруға байланысты қойшылардың санын көбейтпек. Сол себепті әлі 125 үй салынады. Мұндағы жалақы мөлшері 300-600 мың теңге көлемінде. Тіпті мамандардың жұмысын жеңілдету мақсатында арнайы көліктер берілген. Мұнда автотұрақ, көлік жуатын орын жұмыс істеп тұр.

Жұмыс барысын жеңілдету үшін техникалық мүмкіндіктер барынша қарастырылған. Жылқыларға GPS қондырығысы салынған. Сондықтан малшылар орналасқан аймақ интернетпен қамтылған. Соның арқасында маңайдағы Көктерек және Арқарлы ауылдары да ұялы байланысқа қол жеткізген. Кешен толық энергиямен жабдықталған. Мұнда электр тоғын 80% үнемдейтін барғдарлама енгізілген. Мысалы, ай сайын орта есеппен алғанда кешеннің тоққа төлейтін ақысы – 71 мың теңгенің көлемінде. Бұдан бөлек су мәселесі де оңтайлы шешілген. Ғимарат ішінде 4 қызметкер жұмыс істейді.

- Мал баққан адамдарға жоғары деңгейде кешен салып, жағдайын жақсартып беру - екінің бірі істеп бере алатын шаруа емес. Мен мұндай жүйелі жұмысты еш жерден кездестірмедім. Үлгі боларлық іс. Жастарды ауылшаруашылығы саласында еңбек етуге тартудың бір жолы десе де болады, - дейді Алмасбек Садырбаев.

Шаруашылықтың ендігі жоспары: 10 мың жылқыны 20 мыңға жеткізу. Сонымен қатар қой санын арттыру көзделген. Басты мақсат – ет экспортын қолға алу.