Полицейлерге қатысты тағы бір жанжал Ақмола облысын дүр сілкіндірді. Жоғары лауазымды офицерлер кісі өлімі фактісін жасырмақ болып, өлі таксишінің денесін көміп тастапты. Олар мұнымен қоймай, осы сұмдық қылмысты көзімен көрген екі куәгерді ұрлап әкеткен. Бұл туралы «Эскпресс-К» газеті жазды.
Өткен жылғы 12 тамызда Ақмола облысының Қостомар селосының тұрғыны далада жартылай көміліп жатқан бір ер кісінің мәйіті үстінен түседі. Сол бойда полицияға хабар береді. Тергеу болжамы бойынша, Аршалы аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Бақтыбай Саханов статистиканы бүлдірмеу үшін өзінше жоспар құрады. Осыған сәйкес, тәртіп сақшылары қылмысты ашуға тез кірісу былай тұрсын, құдды оны болмағандай етіп қоюға барын салады. Сөйтіп, олар мәйтті қапқа салып алып, орманның ішіне апарып, көміп тастайды.
Бұдан әрі полицейлер тұтас бір спектакльді бір өздері ойнап шықты. Соның желісінде жергілікті бір тұрғынды қазылып қойылған шұңқырға жатуға мәжбүр етеді. Сосын оның үстіне аздап топырақ тастап, суретке түсіріп алады. Бұл оларға қазылған шұңқырда өлген кісінің мәйіті емес, кәдімгі мас адамның жатқанын жорта «дәлелдеуге» керек болыпты.
Бәлкім, аты-жөні белгісіз марқұм сол күйі танылмастан кете берер ме еді, егер оны туған-туыстары қайта-қайта жар салып іздете бермегенде? Олардың бірі – кенет үшті-күйлі жоқ болып кеткен таксиші Базарбаевтың қарындасы Астана қаласының ішкі істер департаментіне осыған байланысты шағым түсіреді. Астаналық жедел іздестіру қызметкерлері, абырой болмағанда, оны өлтіріп, Қостомар селосы маңына көміп кеткен қылмыскерлерді тез тапты. Бірақ кісі өлтірушілер көрсеткен шұңқырда марқұмның мәйіті жоқ болып шықты. Бұл пинкертондарды бірден тұйыққа тіреп тастады.
Осы кезде мәйіттің қатты іздестіріліп жатқанынан хабардар болып үлгерген Бақтыбай Саханов қарауындағыларға өліктің жайын білетін жоғарыдағы екі куәні – мәйітке кезігіп, полицияға хабар берген адам мен шұңқырға түсіп, мастың рөлін ойнап шыққан жігітті шұғыл тығып қоюды бұйырады. Осыған сәйкес, аршалылық тәртіп сақшылары өздерінің астаналық әріптестерінің істеріне қарсы жұмыс жасап, айтылған адамдарды жергілікті шаруашылықтың аумағына апарып қамайды. Бірақ көп ұзамай қамаудағы куәлардың бірі қашып шығып, бірден Астана полициясына келеді.
Сол-ақ екен, ішкі істер саласын дүрбелеңге салған әлгіндегі жанжал ду етіп көтеріле жөнеледі. Сол бойда Аршалы аудандық ішкі істер бөлімінің барлық лауазымды құрамы бірден қамауға алынады. Олардың арасында басшыны қоса есептегенде, жеті офицер болады.
«Аталмыш іс бойынша тергеуді Аршалы ауданының прокуроры Бауыржан Құсайыновтың өзі жүргізді. Қазіргі уақытта тергеу толық аяқталып, іс сотқа өткізілді. Іс бойынша күдікті ретінде аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, оның екі орынбасары және тағы төрт қызметкер жауапқа тартылып отыр», - деген түсіндірме жасады Ақмола облысы прокурорының баспасөз хатшысы Аққу Мүрсәлімова.
Құрыш Нұрымбет.