Сәуірдің 7-сінен 8-іне қараған түні белгісіз біреулердің жалған ақпарат таратуынан Тараз қаласының тұрғындары әбігерге түсті.
“Қырғыз елінің Талас облысындағы тәртіпсіздікке қатысушылардың бір тобы Киров су қоймасын жарып жіберіпті” деген хабарды естіген тараздықтар облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комитетке мәселенің мән-жайын білу үшін кешкі сағат 21. 00. шамасында хабарласа бастаған. Содан сағат 23.00.-ге дейін олар 2500 қоңырау иелерін сабырға шақырып, оның жалған ақпарат екенін түсіндірген. Тағдырына алаңдаған Тараз тұрғындары телефонмен облыстық ІІД-ге де хабарласқан. Оларға жарты сағаттың ішінде 640 қоңырау түсіпті.
Осы мәліметтен-ақ тұрғындардың жалған ақпараттан қаншалықты дүрліккенін шамалай беруге болады. Көптеген тұрғындар пәтерлері мен үй-жайларын тастап, автокөліктермен Алматы бағытындағы “105”, “Керуен сарай”, Ақшолақ, Ташкент бағытындағы Жуалы, Шымкентке және Тектұрмас биігіне қарай кете бастаған. Тиісті орындардың берген мәліметтеріне қарағанда, “Керуен сарай” маңына шамамен 400-ге жуық автокөлік жиналған. Тектұрмасқа да көптеген адамдар шоғырланыпты. Ал Ташкент бағытына қарай беттеген автокөліктерден “Жансая” шағын ауданының маңындағы жолда “тығын” пайда болғанына қарағанда, бұл тарапқа да көптеген адамдар ағылған.
Түнгі сағат 2.00. шамасында облыс әкімі Қ.Бозымбаев, Тараз қаласының әкімі Е.Астаев жергілікті телеарна арқылы эфирге шығып, Киров су қоймасының жарылмағанын, оны сол елдің қарулы әскері қатаң күзетке алып отырғанын мәлімдеп, облыс пен Тараз қаласының тұрғындарын пәтерлері мен үй-жайларына оралуға шақырды. Облыс әкімі, мұнымен қатар Тектұрмас, Әуежай, “Жансая” аймақтарында болып, үрейге бой алдырған халықпен әңгімелесіп, су қоймасында ешқандай қауіп жоқ екеніне көздерін жеткізді. “105”, “Керуен сарай” бағыттарына облыс әкімінің бірінші орынбасары К. Көкірекбаев барып, ол да осы мағынада түсінік жұмыстарын жүргізді. Мұндай жұмысқа облыс пен қаланың басқа да тиісті мекемелері мен жауапты қызметкерлері тартылды.
Жалпы, Киров су қоймасының жобалық көлемі 550,6 млн. текше метр суға арналғанын, ал оның техникалық жағдайына байланысты рұқсат көлемі 520, 0 млн. текше метр болатынын “Сақтықта қорлық жоқ” деген бұдан бұрынғы мақаламызда айтқан болатынбыз. 8 сәуір күні таңертең берілген мәліметте осы қоймаға жиналған судың көлемі 501,87 млн. текше метрге жеткені көрсетіліпті. Осыдан біраз бұрын оның көлемі 480 млн. текше метрдің шамасында болатын. Демек, қалай десек те, су мөлшерінің бұрынғыдан арта түскені өтірік емес. Дәл қазір қоймаға келіп жатқан су көлемі секөнтіне 35,4 текше метр болса, одан сыртқа ағып жатқан судың мөлшері секөнтіне 25 текше метрді құрайды. Бұл көрсеткіш былтыр тиісінше 26,3 және 2,7 болған.
Қырғыз еліндегі саяси тұрақсыздыққа байланысты екі ел шекарасындағы жағдайға келетін болсақ, бүгінгі күнге дейін мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін ешқандай тәртіпсіздік орын алған жоқ. Бірақ кешеден бастап шекарадағы кедендер жабылды. Тиісті органдардың мәлімдеуінше, егер Қырғыз еліндегі саяси жағдай тұрақтанса, олар қайта ашылады. Сондай-ақ, осы оқиға орын алғалы бері 14 қырғыз азаматы қазақ еліне өтуге тілек білдіріп, олардың өтініштері қабылданған. Бүгінде ол азаматтармен облыстық ІІД айналысып жатыр. Ал шекарадан ретсіз босып өтіп жатқан қырғыз азаматтары жоқ. Екі ел арасына орналасқан үлкенді-кішілі 12 кеден бекетінде тәртіп күшейтілген.
Қорытып айтқанда, Тараз қаласы мен оған жақын орналасқан аудандарға қарасты елді мекендердің “Киров су қоймасы жарылып, топан су ағып келе жатыр” деген жалған ақпаратқа байланысты үрейге бой алдырған тұрғындары түнгі сағат 2.00.-ден кейін тынышталып, жағдай таңғы сағат 5.00. шамасында біржолата тұрақталды.
Дегенмен, ескеретін мәселе баршылық. Мысалы, халықты дер кезінде сабырға шақырып, нақты жағдайды түсіндіру жұмысын ұйымдастыруға тиісті сала шенеуніктері сылбырлық танытқан сияқты. Бұған дәлел, тұрғындар арасында кешкі сағат 20.30. шамасында басталған дүрлігуге байланысты мәлімдеме түнгі сағат 2.00. шамасында ғана таратылды. Онда да тек бір телеарна арқылы. Сондықтан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент, ІІД және облыстық әкімдік мұндай жағдайда, мейлі ол жалған ақпарат болсын, мәселе мәнісімен халықты неғұрлым тезірек құлақтандырып, тезірек түсіндіру жағын ойластырса дейміз.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.