Таңғажайып талант иесі, орыстың керемет актрисасы Инна Чурикова бүгін, 5 қазан күні 70 жасқа толды. Бұл туралы «Известия» газеті жазды.
КСРО халық әртісі және «мыңдаған жүздердің жеңімпазы» өз өміріндегі осынау үлкен белесті өзінің сүйікті «Ленком» театрының сахнасында атап өтті. Ол мұны «Аквитан жолбарысы» спектакліндегі Алиенора Аквитанскаяның рөлін сомдаумен орындады. Бұл спектакль бұдан үш жыл бұрын актрисаның күйеуі, белгілі кинорежиссер Глеб Панфиловтың басшылығымен бірінші рет қойылған болатын.
Қойылымнан кейін мерейтой иесін жақын туыстары мен әріптестері құттықтады.
Инна Чурикова – «Отанға сіңірген еңбегі үшін» орденінің 3 және 4 дәрежелерімен, Ұлы Петр орденінің 1 дәрежесімен, Станиславский атындағы халықаралық сыйлықпен және «Хрусталь Турандот» жүлдесімен марапатталған. Ол – РСФСР-дің кино өнері саласындағы және әдебиет пен өнер саласындағы екі дүркін мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Ника», «Триумф», ТЕФИ, «Алтын қыран», «Кумир» және басқа сыйлықтардың иегері.
Мұрат Айтқожа.
Суретте: Инна Чурикова «Аквитан жолбарысы» спектакліндегі Алиенора Аквитанскаяның рөлінде.