Кеше түнде, дәлірегі, қазанның 5-інен 6-на қараған түні, Астана уақытымен сағат 1 мен 3-тің аралығында Мәскеуде орыс Александр Поветкин мен украин Владимир Кличконың арасында аса ауыр салмақта әлем чемпиондығын сарапқа салған жекпе-жек болып өтті. Біз бұл туралы сол уақытта сайтта репортаж жүргізгенбіз.
Барлық 12 раунд бойы басымдылық және 4 нокдаун. Міне, Владимир Кличконың бұл шайқастағы басымдылығы осындай болды.
Қазір Ресейдің барлық газеттері мен ақпарат агенттіктері өздерінің Александр Поветкиннің осыншалықты мықты қарсыласқа 12 раунд бойы төтеп бергенін мақтаныш етіп, қайта-қайта айтып жатыр. Ал осы ұрыстың алдында олар басқаша сайрап еді. Сол сәтте олардың бәрі де Поветкиннің жеңетініне ешқандай күмәнданбаған. Енді оның нокаутпен ұтылып қалмағанының өзін үлкен ерлікке балауда. Міне, пікір деген аяқ астынан қалай өзгереді! Тіпті дәл қазір ғана «Бірінші арнадан» төрешілер әділдік көрсетпеді, деп те міңгірлеп қойды.
Шындығында арбитрлар Кличкоға қиянат жасады. Егер олар адал болса, шайқасты Владимир қарсыласын 3 рет нокдаунға жіберген 7-раундта тоқтатуы тиіс еді. Қандай жекпе-жекте де бір раунд қана емес, жалпы ұрыстың өзінде 3 нокдауннан кейін текетірес тоқтатылады. Ал украин боксшысы 2-раундтағы бірінші нокдаунын есептегенде, қарсыласын 4 рет есеңгіретіп тастады.
Бір басылым «Александр Поветкин проиграл, но показал настоящий характер» деп жайылды.
Айтатыны жоқ, осы «ғасыр шайқасының» алдындағы дүрбелең өте қатты болды. Оның көбінде Ресей басылымдары өз қабыландарының жеңетіндеріне еш шүбә келтірмеді.
Бұл ажиотаж ұрыстың басында да байқалды. Бірінші минуттардан Поветкиннің қорғаныста отырмайтыны айқындалды. Ол бірден алға ұмтылды. Ал Кличко мұндай тактикаға дайын болып шықты. Украин боксшысы өзінің сүйікті тактикасы – клинчті жиі қолдана бастады. Бойы да, қолы да қысқа Поветкин алға келе бергенде, өзіне тым жақын жіберіп алып, бірден қаумалап құшақтай қояды. Ал алыста жүргенінде жеке-дара соққыларымен қайта-қайта қарсыласының кекілін желп-желп еткізеді. Мұндай ұрыста кімнің джебті жақсы қолданатыны анық көрінеді. Бұл жағынан Владимир тағы да басым түсіп жатты. Ал Поветкиннің тарапынан таза барған соққылар басында тіпті болған жоқ.
Шайқастың ортасына қарай Александрдың шаршағаннан құлап қала жаздап жүргені аңғарылды. Сол кезде ол украин боксшысының қармағына үш рет түсіп қалды. Осы кезде төрешілердің жеңісті бірден Владимирге беріп жіберетін реті келді. Бірақ, олай болмады. Бұл жерде Поветкинге бір риза болатының – ол әрбір ауыр соққыдан кейін есін тез жиып, тағы да өлермендікпен алға ұмтыла берді. Тағы да басынан жеке соққылар алу үшін...
Тек соңғы раундта ғана Александр Владимирдің жүйкесіне тиетін бірер соққы жасай алды. Алайда, бұл кезде кімнің жеңгені 200 пайызға белгілі болып тұр еді. Шаршы алаңдағы шайқасты көрген кірпінің өзі Владимир Кличконың алып та, шалып та жығып тұрғанын байқаған болар еді.
Қорытынды айқын: Владимир Кличко еш талассыз таза жеңіске жетті. Төрешілердің үшеуі де бүкіл 12 раунд бойына барлық жеңісті соның есебіне жазды. Бұған қосатынымыз, жеңімпаздың бұл шайқаста алған қаламақысы 17 млн. долларға жақындады.
Иә, Александр Поветкинді қайтпай шайқасқаны үшін мақтауға болатын шығар. Ал жеңілгенін өзі де бірден мойындады. Соның сыңайында қарымта матч туралы да айтып қалды. Алайда, оның жақында бола қоймайтын түрі бар. Тіпті, болған күнде де оның Поветкиннің пайдасына шешілетініне үлкен күмән бар. Мына жеңілістен кейін ол күш жағынан да, жүйке жағынан да қалпына келіп алуы керек.
Бұл күні «Олимпийский» рингінде тағы бірнеше қосымша жекпе-жектер болып өтті. Алдымен ресейлік Григорий Дрозд Еуропа чемпионы поляк Матеуш Мастернакты еркін ұтты. Келесі шайқаста ресейлік Рахим Чахкиев румын Илиені нокаутқа түсірді. Ал өзбекстандық Руслан Чагаев серб Йова Пударды ұпай санымен ұтты.
Руслан Игілік.