Қазақстандық дзюдошы қыз Гүлжан Исанова (суретте) Ташкентте өтіп жатқан дзюдодан әлемдік Гран-при жарысының келесі кезеңінде алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы Vesti.kz тілшісі хабарлады.
Бұдан бір апта бұрын әлемдік Гран-придің Алматыда өткен кезеңінде де алтыннан алқа таққан Гүлжан 78 килодан ауыр салмақ дәрежесінде тағы да өзіне ешкімді шақ келтірмеді. Біздің аса ауыр салмақтағы қызымыз финалда моңғол Жавзмаа Одкхуумен белдесті. Оған таза жеңіске жету үшін бір минутқа да толмайтын уақыт жеткілікті болды.
Қазақстан әйелдер құрамасы өзбек астанасында барлығы 5 медаль алды. Күміс медаль 48 килоға дейінгі салмақтағы Александра Подрядоваға, қола медальдар 57 килодағы Назгүл Құбашеваға, 63 килодағы Мариан Ордабаеваға және 78 килоға дейінгі Альбина Амангелдиеваға бұйырды.
Дамир Қожамқұл.