• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Маусым, 2020

Қазақстанда 30 қызмет проактивті тәсілмен көрсетіледі

713 рет
көрсетілді

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев халыққа есеп беру кездесуінде айтты, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызмет көрсетудің проактивті форматы бойынша мемлекет азаматқа қажетті қызметті көрсетуді өзі ұсынады. Бұл ретте азаматқа құжат ресімдеу немесе өтінім беру үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, қажетті ақпаратты келген SMS-хабарламаға жауап ретінде жіберу жеткілікті.

Қазір мемлекеттік қызметтің 5 түрі проактивті форматта көрсетіледі. Баланың туу туралы куәлігін SMS-хабарлама жіберу арқылы ресімдеуге болады. Сондай-ақ, "Алтын алқа" және "Күміс алқа" иелері  жәрдемақыны  осы тәсілмен ресімдей алады. 

"Бүгінде Қазақстанда қызметтің 80%-дан астамы – электондық қызметтер. Яғни, біз қызметтерді проактивті форматқа көшіруге мүмкіндік беретін автоматтандырудың осындай деңгейіне қол жеткіздік. Адамдарға ешқайда барудың қажеті жоқ, келген хабарламаға жауап беру арқылы мемлекеттік қызметтерді ала алады", - деді Асқар Жұмағалиев.

Министр ведомствоаралық комиссияның шешімімен проактивті форматта көрсетілетін 30 қызмет іріктелгенін хабарлады. Олардың арасында – жүктілігі мен босануы бойынша төлемдерді тағайындау, мүгедектікті белгілеу, мектепке қабылдау, көшелерді немесе елді мекендерді қайта атау кезінде мекенжай деректерін өзгерту, жерлеуге арналған бірреттік төлемді тағайындау қызметтері бар. 

"Қазір жүкті әйелдерге декреттік төлемдерді ресімдеу үшін ХҚКО-ға баруы керек. Бұл қызмет проактивті форматқа көшірілген соң, еңбекке жарамсыздық парағын ресімдегеннен кейін SMS-хабарлама келеді, соған жауап беру арқылы олар  жәрдемақыны ресімдей алады. Ең бастысы – СМС-хабарлама алу үшін мобильді азаматтар базасында тіркелген болуы тиіс", - деп түсіндірді министр.

Проактивті қызметтердің көбін осы жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған. Бұл үшін осы қызметтерді көрсетуші мемлекеттік органдар өз жүйелері арасында деректер алмасуды қамтамасыз ете отырып, барлық қажетті интеграциялық жұмыстарды аяқтауы тиіс.