• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Маусым, 2020

Қарағанды облысында 1300 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді

356 рет
көрсетілді

Жергілікті Saryarqa телеарнасының тікелей эфирінде өткен брифинг барысында Қарағанды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын өңірдегі сан-салалы қоғамдық-саяси өмірдің тыныс-тірлігіне кеңінен шолу жасап, БАҚ өкілдерінің түрлі сұрақтарына да толыққанды жауап берді, – деп хабарлайды Egemen.kz.

“Биылғы жыл маңызды даталарға толы. Бұлардың қатарында Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы, әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы, Нығмет Нұрмақовтың 125 жылдығы сынды мерейтойлар бар”, – деп атап өтті басқарма басшысы.

Әлбетте, облыстың тыныс-тіршілігіне коронавирус індетінің өзгерістер енгізгені белгілі. Мәселен, көптеген іс-шаралар, атап айтқанда, челлендждер, дөңгелек үстелдер, конференциялар және басқа да толып жатқан кездесулер мен талқылаулар қашықтықты сақтай отырып өткізілді. Бұлардың басым көпшілігі Наурыз мейрамына, Қазақстан халқының бірлігі күніне, Жеңіс күніне, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне, Мемлекеттік рәміздер күніне орайластырылған еді. Сонымен қатар, Ерлан Құсайын ақпараттық топтар жұмысының да онлайн-форматқа ауыстырылғанын мәлім етті.

Қазіргі таңда облыста “Рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асыруға айрықша мән берілген. Алға қойылған міндеттер де айқын. Мысалы, 2020 жылы жүзеге асырылуы тиіс жобалардың жоспарына 132 ірі іс-шара енгізілген. Ал, ауқымды түрде алынған жоспарда 500-ден астам түрлі мазмұндағы іс-шаралар қарастырылыпты. Күн тәртібінде тұрған осы шаруалар турасында айта келіп, Ерлан Құсайын биыл қолға алынатын Ұлытау ауданындағы Жошы хан тарихи кешенінің жаңғыртылуы, Қарағанды қаласында “Қасым үйін” ашу сынды бірқатар ілкімді  жобаның маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ алдағы уақытта ғалымдар мен тарихшылардың, әлеуметтанушылардың және саясаттанушылардың қатысуымен жүргізілетін зерттеулерге ерекше көңіл бөлінетіндігі айтылды. Жалпы, Ерлан Құсайын аталған бағдарламаның біріктіруші ретіндегі рөліне баса назар аударылуы керектігін ерекше атап өтті. Бұл бағыттағы бірқатар жобалардың онлайн режімде жүзеге асырылатыны да айтылды.

Бір ғана Қарағанды облысының өзінде мыңнан астам үкіметтік емес ұйым бар екен. Қазіргі таңда олар өңірдегі қоғамдық өмірге белсенді түрде араласып, жергілікті атқарушы органдармен тізе біріктіріп, маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге, жастарды рухани, адамгершілік және азаматтық құндылықтарға баулуға ат салысуда.

“Облыс бойынша 1300 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олар қоғамдық өмірдің түрлі салаларын қамти отырып, 16 бағыт бойынша жұмыс істейді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс артқан. Облыс әкімдігі жанында ҮЕҰ-мен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Отырыстардың бірінде еріктілер қозғалысын дамыту мәселелері талқыланды. Кеңес құрамы биыл жаңартылып, оған ҮЕҰ-ның 25 басшысы енді», - деді Ерлан Құсайын.

Брифинг барысында этномәдени бірлестіктердің қоғамдағы рөлі туралы да салиқалы әңгіме қозғалды. Бұл бағыта Ерлан Құсайын ішкі тұрақтылықтың дамудың басты кепілі екендігін ерекше атап өтті.

Басқарма басшысы медиацияны дамытуға және қоғамдық медиаторлардың әлеуетін күшейтуге де көп көңіл бөлінетінін хабардар етті. Сонымен қатар, ол жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне тоқталды. Бүгінде олардың саны 200-ден асқан. Бұған қоса, бүгінгі таңда облыста 19 ақпараттық-насихат тобы жүйелі түрде жұмыс істейді.

Ерлан Құсайын журналистер қауымының коронавирус пандемиясы туындатқан қиыншылықтарға  қарамастан табандылықпен жұмыс істеп,  эпидемиологиялық жағдай, қауіпсіздік шаралары және мемлекеттік қолдау туралы ақпарат ағынын қолжетімді етуге тырысқан еңбегіне лайықты баға берді.

Басқарма басшысы соңғы үш айдың өзінде тікелей эфирде облыс әкімі мен оның орынбасарлары, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері және басқарма басшылары қатысқан 46 брифинг ұйымдастырылған хабардар етті.

Брифингтің соңында Ерлан Құсайын облыс тұрғындарын санитарлық-карантиндік ережелерді қатаң сақтап, дәрігерлер мен эпидемиологтардың ақыл-кеңесіне ынтамен құлақ түруге шақырды.