Қазіргі таңда Қазақстан Үкіметі Астанадағы су қорлары проблемасын шешу мақсатында құны 500 млрд. теңге тұратын Ертістен Есілге дейін жаңа канал тарту жөніндегі жобаның мән-жайын талқылап, қарастыру үстінде. Бұл туралы кеше Парламент Мәжілісіндегі «үкімет сағаты» барысында Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров мәлімдеді.
Қазіргі таңда Қазақстан Үкіметі Астанадағы су қорлары проблемасын шешу мақсатында құны 500 млрд. теңге тұратын Ертістен Есілге дейін жаңа канал тарту жөніндегі жобаның мән-жайын талқылап, қарастыру үстінде. Бұл туралы кеше Парламент Мәжілісіндегі «үкімет сағаты» барысында Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров мәлімдеді.
«Таяуда біз Үкіметте сонау кеңес заманының өзінде-ақ жасалып қойылған жаңа жобаны талдай бастадық. Бұл жоба Ертістен Есілге дейін Астана арқылы жаңа канал қазуды қарастырады. Егер біз осы арнаны салатын болсақ, жылына 1 млрд. текше метрге дейін су алып, мұндағы судың көлемін күрт арттырар едік», – деп атап өтті министр.
Оның сөзіне қарағанда, жобаның арқасында көптеген мәселелердің түйіні бірден шешілгелі тұр.
«Біріншіден, жаңа каналдың Астанаға дейінгі бойында 3 көл, елордадан шыққаннан кейін тағы 1 көл салынады. Астанаға дейінгі 3 көлді Теңіз, Ақжар және Софы су қоймалары ретінде салуға болады», – деп түсіндірді мұны ведомство басшысы.
Астанадан 30 шақырым жерде орналасатын Софы су қоймасының сыйымдылығы 2 млрд. текше метр суды құрамақшы.
«2 млрд. текше метр су дегеніміз не? Мұның, түптеп келгенде, барлық 3 көліндегі судың сыйымдылығы 300 млн. текше метрге жетпейтін Шортанды-Бурабай курортты аймағын сақтап қалу үшін Астана маңынан жасалған жаңа рекреакциялық алқап болуы әбден мүмкін», – деп анықтай түсті Н.Қаппаров бұдан әрі.
Министрдің айтуынша, мұнша көлемдегі су 30 елді мекенді сумен қамтамасыз етуге молынан жететін болады. Сонымен бірге, Астанадан кейін, Ақмола облысының аумағында Бұзылық су қоймасын да салу жоспарланып отыр. Мұның сыртында бұрыннан бар Сергеев және Петропавл су қоймаларына түсетін судың көлемін екі есеге ұлғайту көзделуде.
«Осы кезде канал бойындағы суармалы егістік алқаптардың ауқымын 100 мың гектарға дейін жеткізуге болады, – деді Қаппаров. – Ал бұл жобаның құны оншалықты арзанға түсейін деп тұрған жоқ. Оның алдын ала есеп бойынша құны 500 млрд. теңгені құрайды».
Қазіргі таңда сонымен қатар, Астана қаласы әкімдігі дайындаған Сәтбаев каналынан елордаға дейін екі тармақ тартатын тағы бір жоба қаралып жатыр. Министрліктің мәліметі бойынша, канал жылына 170 млн. текше метр шамасында су беруі тиіс.
Сұлтан БОЗАЙҒЫР.