Биыл – өз заманының заңғар ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халық жазушысы Ғафу Қайырбековтің туғанына 85 жыл. Соған орай түрлі деңгейдегі шаралар өтіп жатқаны белгілі. Сондай атаулы шараның бірі Астана қаласындағы Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназияда ұйымдастырылды.

Кешке ақынның жары Бәдеш Хамзина, көз көрген інілері – ақын Серік Тұрғынбекұлы мен Оспан Сүлейменұлы және мұғалімдер мен оқушылар қауымы қатысты. Еске алу кеші мектеп-гимназиядағы Ғафу Қайырбеков атындағы мұражайда семинар жұмысымен басталды. Оны Тұңғыш Президент мұражайының бөлім меңгерушісі Роза Қазбекова ашып берді. Содан кейін жиналған қауым ақын атындағы мұражайдың жұмысымен танысты. Семинар барысында осы мектептің жоғары сынып оқушылары Данагүл Ғалымжанова мен Рүстем Қожабаевтың «Отанның абзал ұлдары» тақырыбындағы ғылыми жұмыстары тыңдалды.
Еске алу кешінің соңына қарай директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Салтанат Кампитова мен педагог Айгүл Залетаеваның ұйымдастыруымен әдеби-музыкалық кеш өткізілді. Осы жерде ақынның туғанына сексен бес жыл толуына арналған апталықтың қорытындысы шығарылды. Білім ордасында апта бойы өткізілген ақын шығармаларын мәнерлеп оқу, жас ақындар сайысы, шығармалар байқауы, спорттық жарыс және сурет байқауы жеңімпаздары марапатталды.
Кешті мектеп-гимназияның директоры Гамил Шаймерденов қорытындылады. «Ақынның шығармашылық мұрасы біздің жүрегімізде. Қазақ поэзиясы жасап тұрғанда, қазақтың рухани байлығы бар кезде оның есімі еш уақытта ұмытылмайды. Біз Ғафу секілді ақынды әрқашан мақтан етеміз», деді ол.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».