• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Маусым, 2020

Қарағандылық еріктілердің еңбегі еленді

294 рет
көрсетілді

Кеншілер астанасында төтенше жағдай режімі мен карантиндік шектеулер кезінде BizBirgemiz республикалық қайырымдылық акциясына қатысып,  белсенділігімен көзге түскен бір топ еріктіге Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан "Алғыс хаттар" табыс етілді, – деп хабарлайды Egemen.kz.

Марапатталған 81 еріктінің қатарында Saryarqa Jastary штабының волонтерлері және Nur Otan партиясы филиалдарының қызметкерлері де болды. Олар төтенше жағдай кезінде облыстың мұқтаж тұрғындарына көмек қолын созып, уақытпен санаспай көп жұмысты атқарды.

Еңбегі еленген еріктілерді құттықтаған облыс әкімі Жеңіс Қасымбек волонтерлердің медицина қызметкерлері, тәртіп сақшылары, әскерилер, сондай-ақ короновируспен күрес бойынша алдыңғы қатарда болған барлық азаматтармен бірге осынау күрделі кезеңнің қаһармандарына айналғанын атап өтті.

"Сіздер үшін еріктілік қызметі – қоғам игілігі үшін жасалып жатқан күнделікті еңбек. Мен сіздерге осы жалынды талпыныстарыңызды сақтап қалуды, жан-дүниенің тамаша ынтасын жоғалтпай, шабыт пен жігерді басқаларға көмектесу үшін жұмсауларыңызды тілеймін. Ал біз сіздерді әрдайым қолдайтын боламыз", – деді ол.

Өңірде төтенше жағдай кезінде адамгершілікке толы іс-шаралар легінің көп болғанын айтқан ләзім. Мысалы, облыстық штабтың еріктілері Теміртау қаласындағы орталық аурухананың қолдауымен бір ай бойы анасын көрмеген сегіз жасар баланы Қарағандыға жеткізді. Еріктілер мен демеушілердің күшімен үш баласымен далада қалған отбасына үй табылды. Баспананы  жиһазбен, техникамен жабдықтап, білім беру басқармасымен бірлесіп балаларды қашықтан оқыту үшін жағдай жасап, интернет қосып, дербес компьютер орнатып берді.

Saryarqa Jastary штабының еріктісі Сымбат Әубәкірова бес жыл бойы адамдарға риясыз көмек көрсетіп келеді. Ол ерікті болудың бүкіл өмірінің мәні екенін айтады.

"Қиын кезеңде қариялар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткіздік. Біздің демеушілеріміздің арқасында көптеген мұқтаж қарағандылықтар тегін азық-түлік себеттерін алды. Осы игі ісімді әрі қарай да жалғастырсам деймін. Жақсы істер үшін ешқандай жас шектеулері жоқ", – дейді Сымбат.

Еске салсақ, төтенше жағдай режімі мен карантиндік шектеулер кезінде Қарағанды облысында барлығы 12 500 отбасы жалпы құны 200 млн теңге болатын көмек алды.

 

Қарағанды облысы