Мұны халық «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» десе керек, сірә. «Коворкинг» деп, ағылшын тілінен аударғанда «бірігіп жұмыс жасау», яғни, кәсіпкерлердің бір ғимаратта отырып өз істерін сәтті жүргізуін айтады. Бұл терминді 2005 жылы америкалық жас бағдарламашы маман Бред Ньюберг ойлап тапқан екен. Көп қабатты үйден ауқымды кеңсені жалға алған Бред өзі сияқты мамандарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырыпты.
Мұны халық «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» десе керек, сірә. «Коворкинг» деп, ағылшын тілінен аударғанда «бірігіп жұмыс жасау», яғни, кәсіпкерлердің бір ғимаратта отырып өз істерін сәтті жүргізуін айтады. Бұл терминді 2005 жылы америкалық жас бағдарламашы маман Бред Ньюберг ойлап тапқан екен. Көп қабатты үйден ауқымды кеңсені жалға алған Бред өзі сияқты мамандарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырыпты.
Жақында Шымкентте Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының бастамасымен тұңғыш рет екі Коворкинг орталығы ашылды. «Елбасы Н.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында «2030 жылға дейін кіші және орта бизнестің ел экономикасына қосар үлесі ең кем дегенде екі есеге дейін артуы қажет деп нақтылаған болатын, – дейді облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев. – Бүгінгі күні облысымызда 14 пен 29 жас арасындағы 770 мың жас бар. Бұл – болашақ кәсіпкерлер, бизнесмендер мен «жаңа жобалардың» іске асыруына түрткі болатын көшбасшылар. Сол жас мамандар мен кәсіпкерлерді қолдау мақсатында біз Коворкинг орталықтарын ашып жатырмыз».
– Коворкинг кеңселері ісін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлерге үлкен кеңселерді жалға алуға шамасы жетпеген жағдайда өте ыңғайлы. Бұл әрбір қатысушы тәуелсіз бола отырып, өз ісіне қажетті ортақ алаңды пайдаланатын жұмыс моделі. Орталық – жастардың арасында кәсіпкерлік мәдениетін кеңінен насихаттауға серпін беріп, аға буын кәсіпкерлер мен жас кәсіпкерлер арасындағы сабақтастық пен ақпарат алмасуды қарастырады, – дейді ОҚО Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры Нұржан Алтаев. – Аталған орталықты құру барысында біз бірқатар тежеулерге тап болдық. Әйтсе де осындай орталықтары бар және оң жұмыс нәтижелерін көрсетіп жатқан елдердің тәжірибесін ескере отырып өзіміздің өңірде дәл сондай бизнес-инкубаторларды құруды шештік.
Аталмыш бизнес-инкубаторды құру кезінде өзінің бизнес-жобасы мен инновациялық жобалары бар жастар тартылыпты. Осы орталықтағы барлық жобаларға, жаңадан бастап жатқан жоба немесе жүзеге асырылып жатқан жоба болсын КҚКО-дан қолдау толыққанды көрсетілетін болады. Мысалы, егер жас маман өз бизнесін бастаймын деп ниет білдірсе, оған идеяны қалай жүзеге асыруға, нақты тақырыптарда бизнес оқыту жүргізіліп, құқықтық, салық, қаржы, бухгалтерлік есеп, т.б. сұрақтарына салалық ақпараттарды ұсынады.
Рас, тірлігін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлерге үлкен кеңселерді жалға алу бірқатар қиындықтар туғызады. Олар жалға алу құнымен қатар, компьютер, принтер, факс, телефон орнату, интернет, т.б. шығындарды төлеуіне тура келеді. Ал бұл екі орталықта кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалған. Осыдан болар, бүгінде Оңтүстікте жастар арасында өз ісін бастап, өрге домалату жағы алға басып келеді. Болашақта дәл осындай орталықтарды аудандардан да ашу жоспарда бар.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.
–––––––––––––––––––––
Суретті түсірген
Арман ӘБДІРАШҰЛЫ.