• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
09 Сәуір, 2010

ҚЫЗЫЛАҒАШТАҒЫ ҚЫЗУ ЕҢБЕК

613 рет
көрсетілді

Көптің тілегі мен пейілі кең. Оны тасқыннан зардап шеккен қызылағаштықтарға көрсетіліп жатқан көмек ауқымынан көреміз. Бұған дейін мұнда келіп түскен қаржылай, материалдық құнды­лық­тар мен көмек мөлшері 3,0 млрд. теңгеге жетіпті. Оның ішінде зардап шеккендерге жалпы құны 64,2 млн. теңге азық-түлік пен басқа да тұрмыстық қажеттіліктер тара­тылып беріліпті. Көрген адамның көңілін құла­зыт­қан ауылдың тыныс-тіршілігі қазіргі кезде қалыпты арнаға түсіп, бел шешіп еңбек еткен құры­лыс­шылар мен оларға көмек қолдарын ұсынған жергілікті тұрғындар бүтін бір елді мекендегі жұмыстың белгіленген мерзімде аяқталуына жұ­мылған. Біз келгенде бір кө­шедегі бұған дейін құрылысы бас­талған үйлердің шатырлары жа­былса, 33 үйдің қабырғасы қаланыпты. Ал, енді біреулері бітуге жақын. Көшелерге  электр жарығы тартылып, жұмыс жүйелі жалғас­қанына көз жетті. Қызылағаштағы күн-түн демей жұмыс істеген құрылысшыларға қосымша жұмыс қолы артық болмайтындықтан жастар ұйым­дары да өз үлестерін қосуды парыз санап, құрылыс брига­даларын құрып, көгалдандыру, абаттандыру, тазалық жұмыстарымен айналысуға ден қойса, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 300-ге жуық білімгерлері сенбілік өткізді. Жастармен бірге Қызылағаш ауылын қалпына келтіруде 5000-нан астам адам жұмыс істеуде. Мұн­дағы жұмыс ауқымды бол­ған­дықтан тұрғындардың қолұшын бергендерге алғыстан басқа айтары жоқ. Өткен сенбіде жүзден аса жастар күні бойы тазалық жұ­мыстарын жүргізсе, сенбі сайын бұл бастама жалғасатын болды. Тасқын кезінде тұрғындардың денінің құжаттары үйде қалып, су шайғандықтан оны орнына келтіру жедел қолға алынған еді. Қазіргі кезде 456 адамның жеке басын анықтайтын төлқұжат рәсімделіп, қолдарына беріліпті. Өздерінің халыққа деген ізгі ниеттерін білдіріп, Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық өкіл­дері де  жас босанған қызы­л­ағаш­тық  Ақшайым Манарбек пен Бейбітгүл Көккөзованың хал-жағдайын біліп, азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық және төсек жабдықтарын, мектеп жасындағы балаларына қажетті оқу құралдарын апарған. Басқа да көп балалы отбасыларына мұндай көмекті өңірдегі өзге де мекеме, ұйым және жеке кәсіпкерлер көрсетіп, қиын­дықты жеңілдетуге жұмылған. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. УНИВЕРСИТЕТ ҚАЛЫС ҚАЛҒАН ЖОҚ Шәкәрім атындағы Семей мем­ле­кеттік университеті Алматы об­лысы Қызылағаш ауданында зардап шеккен жұртшылыққа жәрдем көрсетуде. Университет оқыту­шы­лары мен қызметкерлері қаржылай, материалдық (жылы киім, қажетті заттармен) көмектерін көрсетіп жатыр. Университет басшылығы гу­манитарлық факультетінің екінші курс студенті Жібек Ибраймоваға материалдық көмек көрсетіп, 2009-2010 оқу жылындағы оқу ақысын университет қаражатынан төлейтін болды. Ж.Ибраймова: “Менің от­басым су тасқынынан қатты зардап шекті. Қызылағашта тұрып жатқан от­басым бүгінде баспанасыз қалды. Уни­верситет ұжымына, ректор Е.Сы­дықовқа алғысым шексіз. Қиын кезде қолдау көрсетіп, жәр­дем бергендері мен үшін үлкен қа­жеттілік болды” деп өз ойымен бө­лісті. Сонымен қатар универ­си­тет қызылағаштықтарға қаржылай кө­мек көрсету жөнінде үндеу қабылдады. Әсем ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, Шәкәрім атындағы СМУ-дің қызметкері.