• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 16 Маусым, 2020

Агроөнеркәсіп кешені қанша адамды асырайды?

383 рет
көрсетілді

Дүние жүзін шарпыған пандемия әлем экономикасына салмақ түсіргені анық. Әсіресе өнеркәсіп саласы дағдарыс жағдайына дейін жеткені жасырын емес. Ал ішкі нарығы сыртқы өндіріске тәуелді ел үшін тіптен тәуекел сәті туды. Яғни жұқпалы індет жағдайында дамудың жаңаша жолын қарастыру қажеттілігі күн тәртібіне шықты.

Басқа қырынан қарағанда, бұл өндірісті қайта құрылымдап, нарық­тық экономика алаңындағы ойын заңын өзгертуге таптырмас мүмкіндік. Қазір әлемнің экономистері де, тұты­ну­шылары да азық-түлік өндірісі дамы­ған мемлекеттердің беделі артып тұрғанын айта бастады. Демек, осы жерде Қазақстанның аграрлы ел екенін тағы бір еске алып қойған ар­тықтық етпейді. Әуелі, аймақ­та­ғы жұмысқа аз кем-шолу жасайық. Мысалы, Жетісу өңірі еліміз­дің агро­өнеркәсіп кешенінің дамуына айтар­лықтай үлес қосып отыр. Өңірде ауыл шаруашылығының өрісі жыл сайын кеңейіп, өндіріс көлемі де ұлғайып келеді. Соңғы екі жылда облыстағы жалпы өнім көрсеткішінің қаржылай үлесі 2,5 есеге өсіп, былтыр таза табыс 148 млрд теңгеден асыпты. Биылғы меже өндірілген өнімнен түсетін пайданы 1 трлн теңгеге дейін жеткізу болып тұр. Оған толық негіз бар.

Жалпы, Алматы облысындағы агро­өнер­кәсіп кешеннің дамуын екі ба­ғыт­та қарастыру керек. Әуелден жер емген диқандар елінде егін шаруа­шылығына баса көңіл бөлінетіні заң­дылық. Қазір аймақтағы егістік кө­ле­мін ұлғайту ісі күн тәртібінде тұр. Әрі қазіргі заман талабы бос жат­қан ал­­­қап­тардың астын үстіне шыға­рып жыр­­тып, уыстап дән себуді мүл­дем көтер­мейті­ні белгілі. Ғылымға негіз­­делген дамудың маңызы зор. Осы тұр­ғыда Жетісу даласында айту­ға тұ­­рар­лық жұмыс істелуде. Ауыл ша­руа­­­шылығында тек көлем қуала­май, соңғы үлгідегі техникалық про­грестің қолданысқа енуі өнімді кө­бей­­тіп, шығынды азайтуға жол ашады. Біз бұған Панфилов ауданындағы «Көктал Агро» серіктестігі­нің тәжірибесінен көріп, көз жеткізген едік. Шаруашылық жүгері өсіреді. Жалпы, бұл ауданды жүгерінің отаны деуге болады. Шашақты дақыл өнімінің 33 па­йызы Панфилов ауданы­ның үлесінде. Ал өнім көбейіп, табыс артпаған жерде егіс көлемі ұлғая ма? Осы жерде егістікке жаңашылдық үрдісін енгізу қажетті күн тәртібіне шыққан. Қазір «Көктал Агроның» жүгері өсетін танаптарында цифрлы технология қолданылады. Яғни, суару жұмысы цирфлы жүйеде басқарылады. Жұмыс үдерісі кәдімгі ұялы телефонға қойылған қосымша арқылы қашықтан бақыланады. Ол үшін интернет байланысы ғана керек. Бастапқыда егіс алқаптарындағы телефон байланысының өзі қиын болыпты. Бірақ шаруашылық бұл мәселені де жылдам шешкен. Қазір «Көктал Агроның» алқаптарында мобильді құрылғы жұмыс істеп тұр. Байланыс жақсы, интернет бар.

– Мына тамшылатып суару әдісінің пайдасы көп екен. Өткен жылы бұған анық көз жеткіздік. Суды аз жұмсап, өнім­ді артық алуды білдік. Бұрын біз ал­қап­ты суару үшін секундына 700 литрге дейін су пайдаланатынбыз. Жаңа әдісті қолданғаннан кейін бұл шығын 100 литрге дейін азайды. Есесіне, өнім көлемі 2-3 есеге көбейді. Басқа шаруалар жүгерінің гектарынан 7,8 тоннадан алғанда, біздің әр гектардан орған жүгеріміз 18 бен 20 тоннаның арасында болды, – деген еді бізге «Көктал Агро» серіктестігінің басшысы Жәнібек Оханов.

Облыстың жекелеген шаруашы­лық­тарындағы жаңашылдық өңірдің аграр­лық саласындағы жетістікке негіз болу­да. Нәтижесінде егіс көлемі арт­ты. Мысал­ға, биыл аймақтағы дән егілген алқаптар­дың көлемі 5 мың гектарға бірден ұлғайған. Оның ішін­­де жүгері егісі 61 пайызға, қант қы­зыл­шасы 75 пайызға, соя себу 91 па­йыз­ға дейін өсіпті. Әрине бұл жерде егіс алқап­тарының көлемін ұлғайтуға ди­қан­­ның шамасы келе бермесі анық. Яғни мемлекеттің агро­өнеркәсіп кеше­нін қолдауға бөлген қаражатының қолжетім­ділігі мен қажеттілігі көлем мен өнімнің кепі­ліне айналуы тиіс. Облыста бұл ба­ғыт­­­та ілгерілеу бар. Дерек бойынша  ша­руа­­­шылықтарға биылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 42 млрд теңге субсидия берілген. Бұған арзан бағадағы жанар-жағармай, тұқым, техникамен жаб­дықтау сияқты шығындар кіреді екен. 

– Облыс диқандары төтенше жағ­дайға қарамастан, биылғы егіс жұмы­сын толықтай аяқтады. Біздің есебіміз бойынша ауыл шаруашылығы дақыл­дарының жалпы егіс көлемі 966,5 мың гектарға жетті. Атап айтқанда, 109,6 мың гектар алқапқа күздік дақыл егілді. Оның 97 мың гектары – бидай. Жалпы, облыста тұ­тынуға қажетті азық-түлік өнімінің бір­шама түрін өндіреді. Биыл да қамба толып, дайын өнімнің тапшылығы болмайды деген сенімдеміз. Біздің алдымызда ішкі нарықты ауыл шаруашылығы өнімімен толық қамтып қана қоймай, шетелге өнім жөнелту міндеті тұр. Қазір жеті­сулық шаруалар өндірген өнім көр­шілес Ресей, Қытай, Өзбекстан нары­ғынан өз орнын алды. Біз бұл елдерге негізінен жеміс-жидек, көкөніс, ас­тық, майлы дақылдар, жүгері жө­нелту­ді жолға қойдық. Таяу жылда қант өнімімен Қазақстанды толық қам­тып, сыртқы нарықты жаулаймыз деген нақты жоспар бар, – дейді облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров.

Ал агроөнеркәсіп кешенін дамыту­дағы маңызды бағыттың бірі дайын өнім шы­ғару екенін естен шығармау керек. Бұл тұрғыда да Жетісуда біраз шаруа тын­ды­рылды. Жалпы, осы жерден ауыл шаруа­шы­лығының өрісі ұлғайған са­йын жеңіл өнеркәсіптің де тынысы кеңейе­тінін көруге болады. Әсіресе тамақ өнер­кә­сібін шикізат­пен қамтудан дайын өнім шыға­руға дейінгі аралықтағы үрдіс эко­но­ми­ка мен әлеуметтік салаға да оң әсе­рін тигі­зетіні анық. Оны аймақтағы сал­ық түсім­дерінің артуы мен жұмыспен қамту­дағы көрсеткіштердің шамасынан байқаймыз.

Бірер мысал келтірелік. Қолдағы дерекке қарасақ, Алматы облысында жыл басынан бері қаржылай құны 89,3 млрд теңге болатын азық-түлік өнімі өнді­ріліпті. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзі­мімен салыстырғанда 114,2 пайызға ар­тық екен. Ал жалпы өнеркәсіптегі өңдеу сек­торындағы үлес 86,6 пайызға жетіп, рес­публика бойынша үздік көрсет­кішке қол жетті. Яғни, бұл тұтас Қазақстан аумағында шығарылған азық-түліктің 40 пайыз­дан астамы Алматы облысында дайындалған деген сөз. Ал өңірдің өнер­кәсіп саласында мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Онда 70 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс істейді.

Облыс өнеркәсібінің өнімі ішкі нарық­тың сұранысын өтеп қана қоймай, шетелге де шығып отыр. Экспорт геогра­фия­­сы да жыл сайын кеңейіп келеді. Мәсе­лен, ет өңдей­тін «Империя Фуд» кәсіп­­ор­ны Қытай, Иран елі нарығын игер­ді. «АзияАгроФуд» серіктестігі Қыр­ғыз­­­­стан мен Өзбекстанға ұн жеткізеді. Ал Жар­­­кент­тегі крахмал-сірне зауы­­ты­­ның да­йын өніміне Қытай, Қыр­ғыз­­стан, Өзбек­стан, Тәжікстан, Ресей елі­нің нары­ғы тәуел­ді бола бастады. Кон­дитер­лік өнім шыға­ра­тын «Хам­ле ком­пании ЛТД» серік­тес­тігі де Қыр­ғыз­стан, Ресей, Өзбек­стан тұты­ну­­­шыларына дайын өнім экспорттайды.

Тоқ етерін айтқанда, отандық агро­өнеркәсіп кешенінің дамуы елі­міз­дің әлемді айтпағанда, ЕАЭО аумағы азық-түлік өндірісіндегі бас­ты ойыншылардың біріне айналуға мүм­­кіндік береді. Оның ішінде Қазақ­стан­ның ауыл шаруашылығы саласы драйверге айналуы тиіс. Демек, біздің диқандар еккен дәннің өнімі мен шопандар өсірген малдың еті өзімізді ғана емес, адамзаттың біраз бөлігін асы­рауға қызмет етуі тиіс. Оған ел ішінің қабі­леті жетеді әрі негізі бар. Мұның анық дәле­лін біз жоғарыда Алматы облысында атқа­рылған істің мысалында айттық.

 

Алматы облысы