• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Әлем 16 Маусым, 2020

Гималайдың басынан дау кетпей тұр

783 рет
көрсетілді

Қытай мен Үндістан арасын­дағы шекара дауы талай жыл­дан бері шешілмей келеді. Әсіресе Гималайды бөлісу мәселесі қиынға соғып тұр. Таяуда әлем­дегі ең биік таудың маңында екі елдің сарбаздары төбелесіп, соңы халықаралық жанжалға ұласуға сәл қалды. Енді, жунголар да, үнділер де тәсілін өзгер­тіп, ақпараттық шабуылға көшті.

Жалпы, Қытай мен Үндістанды бөлетін шекара дауы күні кеше бас­талған жоқ. Ғасырларға созылған бұл жанжалды шешу келісіміне алғаш рет XIX ғасырда қол қойылған. Бірақ Үндістанды Ұлыбританияның жау­лап алуына байланысты аталған құжат күшін жойған-тұғын. Кейіні­рек Үндістан тәуелсіздігін алса да, Қытаймен арадағы шекара мәселесі түбегейлі шешілген жоқ. Аксайчин мен Аруначал-Прадеш аудандары мен бірнеше аймаққа екі мемлекет те әлі күнге дейін таласып отыр. Ал 1962 жылы шекара маңында қақтығыс болып, соңы қару кезенуге  ұласқан-ды. Бір айдан кейін ғана қос тарап әупірімдеп жүріп атысты тоқтатуға келісті. Содан бері шекара дауы ең өзек­ті мәселеге айналып, 3448 шақы­рым­ды демаркациялау мүмкін болмады.

Биылғы мамырдан бастап шекара маңының тағы да тынышы кетті. Мәселен, 5 мамырда Шығыс Ладакх­та қытайлық және үндістандық 400-ге жуық сарбаз жаппай төбелесті. Ал 9 ма­мыр­да Үндістанның Сикким шта­тының шекара бекетінде екі ел­дің жауын­герлері тағы да жұдырықтас­ты. Бұдан кейін тағы екі рет әскерилер шекісіп қалған. Бір айтатыны, сарбаздар қару қолданған жоқ. Есесіне, жүзден астам жауынгер түрлі дене жарақатын алды.

Осыған байланысты, Қытай мен Үндістан шекара маңына қосым­ша әскер мен қару-жарақ жеткізді. Бейжің билігі Халықтық азаттық әскерінің бірнеше бөлімін жеткізіп, әскери ұшақтарын таулы аймақта соғысуға лайықтап қайта жарақтады. Ал Нью-Дели тарапы шекара маңына ауыр артиллерия полктарын орналастырып, бірнеше батальон жаяу әскер әкелді.

Оқиғаның бұлай өрбуіне халықара­лық қоғамдастық та алаңдаушылық білдірген. АҚШ президенті Дональд Трамп шиеленісті шешуде Үндістан тарапына қолдау білдіретінін айтып, арағайын болуға дайын екенін жет­кізген. Ақ үй басшысының бұл ұсынысын Бейжің билігі қабылдамай, үшінші тарапты қажет етпейтінін мәлімдеді. Үндістан да Д.Трамптың бастамасына қолдау көрсетпеді.

Көп ұзамай Бейжің де, Нью-Дели де оқиға бақылауға алынғанын хабарлап, кез келген түсініспеушілік дипломатиялық жолмен шешілетінін атап өтті. Осылайша, 6 маусымда екіжақты келіссөздер жүргізілді.

Үндістан сыртқы істер министр­лігінің хабарлауынша, екі мемлекеттің әскери басшылары кездесіп, шекара­дағы мәселені бейбіт шешу туралы келіссөз жүргізген. Бірақ жиын барысында нақты не айтылғанын, қандай келісім жасалғанын білу қиын. Өйткені Бейжің билігі де, Нью-Дели билігі де ақпаратты өз ыңғайына бұрып, қажет тұсын ғана көрсетуге дағдыланғаны қаша-а-ан! Оның үстіне, қос тарап та шие­леністі жұмсартуға қол жеткізген соң басқа тәсілге – ақпараттық соғысқа көшті.

Мысалы, өткен сенбідегі кездесудің алдында қытайлық бұқаралық ақпарат құралдары Халықтың азаттық әскері­нің (PLA) аймақта жаттығу жиынын өт­кізгенін хабарлады. Ұшақтар мен сар­баз толы көліктерді көрсеткен медиа өкілдері бұл оқиғаны Қытайдың қажет жағдайда шекара маңында жедел түрде әскер төгуге қабілетті деп жазды.

Ал Hindustan Times газетінің стра­те­гия­лық қатынастар жөніндегі са­рап­шысы өз мақаласында Қытай бұ­қара­лық ақпарат құралдарында ай­тыл­ғандарды өтірікке шығарып, Бейжің билігі дезинформациялық науқан бас­та­ды деп айыптады. Сон­дай-ақ Қытай­дың бұл қадамын сас­қалақтап, келіссөз жүргізуге дайын еместігіне балады.

Мұндай «соғыс» бұқаралық ақ­парат құралдарында ғана жүрген жоқ. Үндістанның бірқатар лауазымды тұлғалары да Қытайдың әрекетін айыптады. Ішкі істер министрі Амит Шахтың айтуынша, Үндістан шекарасын бұзуға жасалған әр әрекетке аямай қарымта жасауға әзір.

«Кейбіреулер АҚШ пен Израиль әр сарбазының төгілген қаны үшін кек алуға қабілетті және әзір екенін айтады. Моди бұл тізімге Үндістанды қосты», деді А.Шах.

Қорғаныс министрі Раджнат Сингх та кез келген әскери іс-қимылға да­йын екенін жеткізді. «Үндістан билігі біздің намысымызды таптатуға жол бермейтінін басқаларға ескертіп қойғым келеді. Үндістанның саясаты анық: біз еш мемлекеттің тұтастығы мен бірлігіне нұқсан келтірмейміз, сол секілді кез келген елдің бірлігіміз бен тұтастығымызды бұзуына жол бер­мейміз», деді ол.

Ұзақ уақыт бойы шешілмей келген шекара дауының кейінгі кезде қыза түсуінің бірнеше себебі бар. Бірін­шіден, Қытайдың сыртқы саясаттағы стратегиялық қадамдары көршілес жатқан мемлекеттерге де салқынын тигізуі мүмкін. Мысалы, Қытай теңізі, Тайвань мәселелеріндегі Бейжің билігінің ұстанымы шекаралас елдерге үлкен ескерту екені анық. Мұны ескерген Үндістан азулы айдаһардың ашуына тиіп алмауды әрі өзінің ұлттық мүддесін қорғап қалуды мақсат етеді. Сондықтан шекара маңында жонын күжірейтіп қою артық етпейді. Бұдан бөлек, осы қадам арқылы Қытай да көр­шілеріне АҚШ-пен тым жақын қарым-қатынас орнатпауды «ескертіп» қоюды жөн санайды.

Қысқасы, Қытай мен Үндістан қару­­лы қақтығыстың алдын алғаны­мен, енді ақпараттық соғысқа көшті. Жоғарыда айтып өткеніміздей, екі тарап та соғысуға құмартпаса да, бір-біріне ескерту жасап қоюды жөн санай­ды. Бейжің билігінің кейінгі кезде сыртқы саясатта мұндай қадамдарға жиі баруы көршілес мемлекеттерді ойландырмай қоймауы тиіс.