Өткен аптада Франция құны 15 млрд еуро тұратын аэроғарыш секторын қолдау жоспарын таныстырды. Ел билігі қоршаған ортаға зиянсыз ұшақтар өндірісін қолға алу арқылы коронавирус кесірінен жұмысынан айырылған 100 мың адамға көмектесуді көздейді.
Үкімет пен сала көшбасшыларының бірлесе атқаратын бұл жоспары бойынша көмектің алғашқы бөлігі – 7 млрд еуро Air France әуе компаниясына берілген. Сондай-ақ қорғаныс саласына жұмсалатын қаржы көлемін де арттыру қарастырылады. Бұл жоспарды іске асыру үшін Airbus пен Dassault Aviation ұшақ өндірушілері, қозғалтқыш өндіретін Safran және Thales технологиялық компаниясы 1 млрд еуро көлемінде инвестиция құймақ.
Францияның Қаржы министрі Бруно Ле Мер сала көшбасшыларының бірі еуропалық Airbus компаниясы халықаралық нарықта америкалық Boeing-қа не қытайлық COMAC ұшақ өндіру компаниясына есе жібермейтінін айта келе, елдегі аэроғарыш өнеркәсібін барынша қолдауымыз керек деді.
Франция алдағы үш жыл ішінде экологиялық таза технологияны зерттеуге 1,5 млрд еуро жұмсауды жоспарлап отыр. Осылайша елдің Азаматтық авиация ғылыми-зерттеу кеңесіне (Corac) бөлінген қаражат көлемі күрт өскен.
Қомақты қаражатты құйғандағы мақсат – Еуропада сұранысқа ие А320 ұшағының көміртекті бейтарап үлгісін жасап шығару. Бұл дегеніміз ұшақтарға энергия көзі ретінде бүгінгі мұнай-газ турбиналарының орнына сутегі қолданылады. Елдің қаржы министрі бұл ұшақты жоспарланған 2050 жылдан ертерек 2035 жылы жасап шығару басты мақсат екенін айтты.