Дональд Трамп осы онжылдықтың соңына дейін Арктика мен Антарктика аймақтарында АҚШ-тың белсенділігін арттыру үшін жаңа мұзжарғыш кемелер мен арнайы базаларды жасақтау туралы тапсырма берді. Мұз ери бастағаннан бері бұл жақтың табиғи ресурсына көз тіккен Ресей мен Қытайға енді АҚШ бәсекелес болмақ.
«Арктика мен Антарктикада АҚШ-тың ұлттық мүддесін қорғау» деп аталатын құжатқа сәйкес президент әкімшілігі 60 күн ішінде жаңа жоспар әзірлеуі керек. Онда 2029 жылға дейін үш ірі мұзжарғыш кеме жасау мен АҚШ пен өзге ел аумағында орналасатын 4 базаның құрылысына қатысты ұсыныстар болуы қажет.
Қазір АҚШ-та бір ірі және бір орташа мұзжарғыш кеме бар. Ал Ресейде осындай кеменің 40 данасы бар. Одан өзге Финляндияда 7, Канада мен Швецияда 6 мұзжарғыш кемеден бар екен.
Ресейдің Арктикаға қызығушылығы айтпаса да белгілі, шекаралас аймақ ретінде ондағы табиғи ресурсты өндіру үшін көршілес ел әлдеқашан қамданған. Бұл жарысқа шекара бойынша қатысы жоқ Қытай да қосылған еді.
Д.Трамптың меморандумында жаңа мұзжарғыш флот «ұлттық және экономикалық қауіпсіздік» мақсатында қолданылады делінген. Оның ішіне табиғи ресурсты барлау мен өндіру, суасты кабельдерін төсеу кіреді. Жаңа теңіз жолдары мен Арктикадағы мұнай-газ ресурстарына таластың қоршаған ортаға кері әсері жайлы да алаңдаушылық аз емес.