• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Маусым, 2020

Тұңғыш Президент атынан Алғыс хат алды

853 рет
көрсетілді

Nur Otan партиясының Орталық аппаратында коронавирус­пен күрес жағдайында мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету бо­йынша «Biz Birgemiz» республикалық акциясына қатысқан ең белсенді волонтерлер еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Алғыс хаттармен марапатталды.

Таяуда партия Төрағасы қазақ­стандық ең белсенді волонтерлерге өз ықыласын білдіріп, Алғыс хаттарға қол қойған еді.

«Төтенше жағдай кезінде Jas Otan бүкіл ел бойынша бес мыңнан астам еріктіні жұмыл­дырды. Олар демалыссыз жұмыс істеп, мұқтаж адамдарға көмек жеткізді. Нағыз патриоттардың, жауап­кершілігі мол жас көш­бас­шылардың жаңа буыны қалыптасқаны қуантады. Олар­дың ең белсенділеріне арналған Алғыс хаттарға қол қойдым», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Салтанатты шара барысында Nur Otan партиясы Төраға­сының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Jas Otan жас­тар қанатының волонтерлері республика бойынша 250 мыңнан астам отбасына азық-түлік себеттерін, маскалар мен ең қажетті заттарды жеткізіп бергенін атап өтті. Сондай-ақ жасотандықтар алғашқылардың бірі болып Мақтаарал ауданына аттанғанын, 500-ден аса жас әлі де табиғи апаттан зардап шеккен ауыл тұрғындарына ақысыз көмек көрсетуді жалғастырып жатқанын хабарлады.

«Өздеріңіз білетіндей, Елбасы­ның бастамасымен Nur Otan партиясы Мемлекет басшысының қолға алған дағдарысқа қарсы шараларына қосымша мұқтаж азаматтарымызға қарқын­ды көмек көрсетіп жатыр. Нұрсұл­тан Назарбаевтың бастамасы­мен құрылған «Birgemiz» қоры­ның желісі бойынша меценат­тардың қолдауымен 470 мың­нан астам отбасы 50 мың тең­геден біржолғы төлемақы алды. Тұңғыш Президент Қоры­мен бірге аса мұқтаж отба­сы­ларға атаулы қолдау көр­сету ұйымдастырылды. Осы­нау жұмыстарды атқаруда волон­терлеріміздің рөлі зор болды. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбіш­ұлы 2019 жылды Жастар жылы деп белгілесе, ал 2020 жылды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Волонтер жылы деп жариялауы символдық мәнге ие болды. Сіздер Отанға деген сүйіспеншіліктеріңізді, аза­маттық пен жанашыр­лық­­тары­­ңызды таныта отырып, бүкіл қазақ­стандық жастарға үлгі көр­сет­тіңіздер», деді Бауыржан Байбек.

Сонымен бірге партия Төр­аға­сының бірінші орынбасары жас­тарды алдағы партияішілік таңдау – праймеризге қатысуға шақырды.

«Жақында партия Лидері биылғы 17 тамыздан 3 қазанға дейінгі аралықта Праймериз өт­кізу туралы қаулыға қол қой­ды. Біздің мақсатымыз – ал­дағы Мәжіліс пен барлық дең­гейдегі мәслихаттар сайла­уларына партиялық тізімдер қалып­тас­тыру үшін жаңа лидерлерді анықтау бойынша барынша ашық әрі бәсекелестік негізде ірік­теу өткізу. Бұл ретте 35 жас­қа дейінгі жастарға – 20%, ал әйелдер үшін 30% квота көздел­ген. Осы арқылы біз дарынды да бастамашыл жастарымыз үшін партиялық «әлеуметтік лиф­тіні» қамтамасыз етпекпіз», деді Бауыржан Байбек.

Осы аптаның ішінде Нұр­сұлтан Назарбаевтың атынан Алғыс хаттармен үш мыңдай қазақстандықты марапаттау жос­парланғанын атап өткен жөн. Олардың арасында партияның өңірлік филиалдарының волон­терлері мен белсенділері, сондай-ақ меценаттар бар.

«Төтенше жағдай режімі енгізілген кезде қиын жағдайға тап болған азаматтар көп. Менің оларға қандай да бір көмек бергім келді. Әлеуметтік желі­лерден Nur Otan партиясы мұқтаж азаматтарға азық-түлік жеткізіп беріп жатқанын және бұл іске көмек беретін еріктілер қажет екендігін білгеннен кейін ұйымдастырушыларға бірден хабарластым. «Biz Birgemiz» секілді ауқымды акцияға қатысқаныма шексіз ризамын», дейді волонтер Эльмира Айғалиева.

Jas Otan жастар қанаты бел­сен­ділерінің бірі Сергей Матю­шенко өз кезегінде Елбасының Алғыс хатын алу ерекше мәртебе екенін және оның адамдарға көмек көрсетуге күш-жігер сыйлайтынын атап өтті.

«Еліміз үшін осынау күрделі уақытта Nur Otan партиясы барша ақжүрек азаматтар мен жас­тарды біріктіре отырып, жұртқа өзінің жауапкершілікті арқалап, халықтың қамын ойлайтын саяси күш екендігін көрсете білді. Алдағы праймериз – партияның жастарға өз қабілеттерін ашулары үшін нақты жағдай жасап отырғанына тағы да бір дәлел», деді ол.