Қазіргідей пандемия өршіп тұрған жағдайда ересек адамдардың жауапкершілік жүгі екі есе ауырлай түсті. Себебі олар өзімен қатар үйдегі балаларға да қамқор болып, кішкентайларды қауіпті індетті жұқтырып алудан қорғауы керек.
Ең алдымен ересектер балаларға қолды жиі жуу, көпшілік орындарда міндетті түрде маска тағу, санитайзерлерді қолдану секілді вирустан сақтанудың қарапайым қағидаларын үйретуі тиіс. Содан соң кішкентайлардың жақсы тамақтануына, таза жүруіне мән беру керек. Ал ашық алаңдарда балаларды маска тағып ойнауға мәжбүрлеудің қажеті шамалы. Өйткені ойын ойнағанда бала секіріп, жүгіріп белсенділігін арттырады, ондайда маска кері әсерін тигізуі мүмкін.
3 жастан жоғары балаларға вирустан қалай сақтануға болатынын үйрететін ертегі немесе түрлі танымдық кітапшаларды оқып беруге болады. Мысалы, UNICEF балалар қорының Қазақстандағы өкілдігі жақында БҰҰ-ның IASC (Inter-Agency Standing Committee – Ведомствоаралық тұрақты комитеті) гуманитарлық серіктесі шығарған «Сен – менің батырымсың» атты ертегісін қазақшаға аударды. Жалпы, жұқпалы аурулардан сақтанудың кеңестері көрсетілген кітапшаларды еліміздің әр өңіріндегі емханалардан да табуға болады.
Емізулі нәрестесі бар ата-аналарға айтарым, 6 айға дейін тек ана сүтін емген шақалақтың түрлі ауруларға қарсы иммунитеті жоғары болады. 6 айдан соң ана сүтімен бірге қосымша тамақтарды ішкені дұрыс. Жалпы, ата-аналарға айтар тағы бір кеңесім дәл осы өкпенің қабынуына алып келетін COVID-19 кезінде баланың тыныс алу жиілігін жиі бақылап, санап отыру қажет. Айталық туғаннан 2 айға дейін сәбидің тыныс алу жиілігі 60-тан асса немесе 2 айдан 1 жасқа дейінгі нәрестеде 50-50-ден жоғары болса, қабынудың алғашқы белгісі барын білген жөн.
Еліміздегі статистикаға көз жүгіртсек, қауіпті індетті жұқтырғандардың арасында балалар саны аз. Өйткені кішкентайлардың ағзасы ересектер мен жасы жеткен жандарға қарағанда, анатомиялық ерекшелігіне қарай түрлі тосын жайттарға, атап айтқанда, жұқпалы ауруларға, қабынуға төзімді келеді. Шындығында, бүгінде біршама бала коронавирустың симптомсыз түрін бастан өткізіп жатыр. Мұндайда ауруды тек ағзаның вирусқа қарсы тұру қабілетінің күшімен ғана жеңіп шығуға болады. Ал баланың бойындағы иммунитет тек тазалық, тамақтану, белсенділікпен ғана емес, отбасындағы жақсы көңіл күймен де қалыптасатынын, күшейетінін білу керек. Себебі ата-ананың аялы алақаны – баланың иммунитеті.
Нұрхан МАДАЛИҚЫЗЫ,
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, педиатр