Түркістан облысы Жетісай ауданында 200-ден аса көше орта және ағымдағы жөндеуден өтетін болады. Оған жалпы 1 млрд 217 млн 869 мың теңге бағытталған. Нәтижесінде аудандағы 113 елді мекеннің және қала мен кенттің көшелері жақсарады.
Аудан бойынша орта жөндеу жұмыстары жүргізілетін 38 көшенің 33-і ауылдардың еншісінде. Ал, 162 көшеге ағымдағы, яғни тас төсеу жұмыстары жүргізілетін болады. Қосымша 3 көшеге аяқ жолдар салынады.
"Өткен жылы ауданда 166 көше жөндеуден өтсе, биыл 200-ден асып отыр. Бұл аудан тарихында рекордты жол жөндеу жұмыстары басталды деген сөз. Сондай-ақ, облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының арнайы тапсырмасымен 63 шақырымды құрайтын 130 көшеге ағымдағы жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ол биыл басталады", дейді аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев.
Сонымен қатар, ұзындығы 20 шақырымға жуық "Жетісай - Мақталы" бағытындағы КХ86 автомобиль жолы жөндеуден өтетін болады.
Түркістан облысы