Карантин кезінде миллиондаған француз қол шапалақтап, коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне құрмет көрсеткен еді. Енді олар шеруге шығып, құрал-жабдықтардың жетіспеуіне наразылық білдірді, - деп жазады Egemen.kz
Наразалық білдірушілер қатарында – дәрігерлер, медбикелер, әкімшілік қызметкерлерлер және медициналық-әлеуметтік орталықтардың қызметкерлері бар. Олар соңғы жылдары Франция ауруханаларында материалдық және адам ресурстарының жетпейтіні, сондай-ақ қарқынды терапия бөлімі мен төсек саның қысқарғаны жөнінде айтып, жан айқайын жеткізді. Шеруге шыққандар денсаулық сақтау саласында бюджеттің қысқаруы себепті дағдарыс кезінде қиындықтарға төтеп бере алмағанын айтуда.
"Ауруханаларға кадрлар, қажетті құрал жабдықтар керек. Түнде жұмыс істеу күндізгіге қарағанда қиын екенін біле тұра түнгі кезекшіліктер үшін артық төленбейді.19 жасар қызға COVID-19 кесірінен жетім қалғаны туралы айтуыма тура келді. Себебі, оның анасына қарауға біздің мүмкіндігіміз болмады. 20 жастағы пациент пен 60 жастағы науқас арасында таңдау жасауға тура келді. Ауруханада орын болмағанынан науқастарға көмек көрсетілмей, қайтыс болды", дейді шеруге шыққандардың бірі.
Euronews агенттігінің мәліметінше, медицина қызметкерлері ай сайынғы жалақы көлемін 300 еуроға дейін көтеруді талап етті. Медбикелердің бірі 20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанына қарамастан айына 1900 еуро алатынын, оның елдегі ең төмен жалақыдан 700 еуроға ғана артық екенін айтты. Айта кету керек, Брюссельдегі мәліметтер бойынша, Француз медбикелері Батыс Еуропада ең аз жалақы алатындардың қатарында.
Осылайша он мыңға жуық денсаулық саласы қызметкерлері Лион, Бордо, Марсель және Париждегі наразылық шерулеріне қатысты. Олар ел билігінен дағдарыстан кейін денсаулық сақтау жүйесіндегі олқылықтарды түзетуді талап етті.
Президент Эммануэль Макрон медицина қызметкерлеріне қатысты инвестиция мен қызметкерлердің жалақысын көздейтін ауқымды жоспар әзірлеуге уәде берді. Келіссөздер жүргізілгеніне қарамастан, шеруге шыққандар бұның бәрі бос сөз екенін айтуда.