• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Маусым, 2020

Қостанай облысында карантин режімі қайта күшейді

299 рет
көрсетілді

Бүгін коронавирус індетіне қарсы өңірлік жедел штаб отырысында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов соңғы күндері аймақтағы эпидемиологиялық аһуалдың асқынып бара жатқанын атап өтті, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Жиынға қатысушылар карантин талаптарын сақтау шаралары бойынша жүргізілген мониторинг нәтижелерінің көңіл көншітпейтінін және облыс аумағында індеттің таралу деңгейінің қарқын ала бастағанын сөз етті.  Осыған байланысты облыстық штаб 18-30 маусым аралығында мынадай шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдап отыр:   

19 маусым сағат  00.00-ден  бастап "Қостанай – Әулиекөл – Сұрған", "Қостанай – Рудный", "Арқалық – Амантоғай" автожолдарында  3 санитарлық бекет орнатылады. Аттракциондар мен субұрқақтардың, үрлемелі конструкциялардың (батуттар) жұмысына тыйым салынады; Караоке бар, бильярд, боулинг орталықтарының, тату салондары мен массаж салондарының жұмысы тоқтатылады; ХҚК орталықтары онлайн режімге көшеді. Онлайн режімде жүзеге асыру мүмкін емес қызметтер алдын ала жазылу арқылы сағат 10-00-ден 18-00-ге дейін көрсетіледі; Шаштараздар алдын ала жазылу бойынша 10-00-ден 18-00-ге дейін жұмыс істейді; Білім беру орталықтары, үйірмелер, балаларды дамыту орталықтары 9-00-ден 16-00-ге дейін жұмыс істейді (балалар саны 15-тен аспауы тиіс); Өнеркәсіп тауарларын өткізетін нысандардың жұмысы 20-00-ге дейін тоқтатылады; Азық-түлік және азық-түліктік емес базарлардың жұмысы 10-00-де басталып, 16-00-ге дейін тоқтатылуы тиіс; Мемлекеттік қызметшілердің 80%-ы қашықтан жұмыс істеуге көшеді. Жиналыстар, кеңестер, семинарлар, конференциялар селекторлық онлайнға көшеді.

Өңірлік жедел штаб әлеуметтік қорғалмаған санаттағы балалар демалатын "Болашақ" балалар лагерінің жұмысына рұқсат ету туралы шешім қабылдады. Алайда, мұндағы санитарлық шара қатаң сақталуы керек.

Сонымен қатар келесі нысандардың жұмысына бұған дейін де салынып келген тыйым сақталады:

- Адамдар көп жиналатын ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізу орындары;

- Отбасылық,  әдет-ғұрыптық және басқа да іс-шаралар, кейтерингтік қызметтер және мерекелерді ұйымдастыру бойынша қызмет көрсету орындары;

- Кинотеатрлар, театрлар, барлық ойын алаңдары (аулалардан басқа);

- Түнгі клубтар, компьютерлік және ойын клубтары, кальян, букмекерлік кеңселер;

- Сауда-ойын-сауық орталықтарында орналасқан фуд-корттар, кинотеатрлар, ойын-сауық нысандары;

- қала сыртындағы 4 балалар лагерін қоспағанда, балаларды сауықтыру лагерлері мен мектеп жанындағы лагерьлер;

Сондай-ақ спорттық жарыстарын өткізуге тыйым салынады. Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында  20-21 маусым аралығында Қостанай және Рудный қалаларында мынадай қосымша уақытша шектеулер енгізіледі:

- қоғамдық орындардың, саябақтардың, скверлердің, жағалаулардың, жағажайлардың, аквапарктердің жұмысы тоқтатылады;

- 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуына тыйым салынады.

Жиын барысында аймақ  басшысы  облыс тұрғындарын жеке қауіпсіздік шараларын сақтауға зор жауапкершілікпен қарауға шақырды.

"Талдау көрсеткендей инфекцияның таралуына еңбек, әлеуметтік, отбасылық байланыстардың артуы себеп болып отыр. Тұрғындар маска кимейді, қашықтықты сақтамайды, тұрмыста және жұмыста қол гигиенасына салғырт қарайды.  Сонымен қатар, өз қызметін қайта бастаған нысандарда санитарлық-дезинфекциялық режим дұрыс орындалмайды", - деді Архимед Мұхамбетов.

Жалпы Қостанай облысында бүгінге дейін 247 COVID-19 инфекциясы тіркелген. 

Облыс әкімі осынау сындарлы кезеңде кәсіпкерлерге  үлкен жауапкершілік жүктелетінін айта келіп,  олардың өз жұмысшыларын қолғаппен, маскалармен және басқа да қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету қажеттігін ескертті.

"Эпидемиологиялық жағдай нашарлаған жағдайда, бұрын енгізілген карантиннің босаңсуы жойылады және облыс күшейтілген карантин жағдайына оралады", - деді Архимед Мұхамбетов.

 

 

Қостанай облысы