• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Маусым, 2020

Бес баланың әкесі екі жылыжай ашты

1660 рет
көрсетілді

Қиярларымызды ешқандай пиярсыз-ақ алып жатыр.

Былтыр күзде Түркістан облысының Арыс қаласынан мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы аясында Аягөзге көшіп келген отбасы бір емес, екі бірдей жылыжай ашып тастапты. Айналдырған екі сотық жердегі жылыжайда өсірілген қиярларды ешқандай пиярсыз, жарнамасыз-ақ қала тұрғындары үйден келіп, өздері алып кетеді екен. «Қияр көшеттерін сәуірдің басында отырғыздық, мамыр айының соңынан бастап ақырындап сата бастадық. Екі жылыжай күнара 25-30 келіге дейін өнім беріп жатыр. Аягөзге сырттан әкелінетін қиярлардың бағасы 400 теңге болғандықтан, біз де осы бағаға тоқтадық. Қанша дегенмен үй қиярының жөні бөлек қой. Содан да болар, қазір қиярларымызға сұраныс көп. Жұбайым екеуміз көктемде 2 жарым мыңға жуық қызанақ көшеттерін саттық. Бір таңғалғанымыз, қызанақ көшеттерін жәрмеңкеде жарты сағат болмай талап алып кетті. 50 теңгеден бердік. Бұл жақта бағасы жақсы екен. Әйтпесе оңтүстікте ең жақсы деген көшеттеріңіз екі-үш теңгеден әзер өтеді» дейді отағасы, бес баланың әкесі Төлеген Бектұрғанов.

Еңбекқор отбасының жылыжай тұрғызуына «Бастау бизнес» жобасы арқылы берілген 505 мың теңге қайтарымсыз гранттың септігі тиіпті. Түстіктен келген азаматқа Аягөз аудандық әкімдігі де қолдау білдіріп, жылыжай тұрғызу үшін 90 сотық жер беріпті. Төлеген ағамыздың ендігі ойы сол жерді жақсылап игеріп, қысы-жазы жұмыс істейтін жылыжай салу, кәсібін одан әрі кеңейту. «Негізі жұбайым екеуміз басқа өңірге қоныс аударуды бұрыннан ойластырып жүргенбіз. Былтыр Арыста жарылыс болғаннан кейін осы ойға нықтап бекіндік. Оның үстіне кішкене қызымыз жарылыстан кейін өзінен өзі шошынатынды шығарды. Әлі де бойында қорқыныш бар. Сөйтіп жүргенде, Шығыстан адамдар келіп, олармен сөйлесіп, осы жаққа келуді ұйғардық. Бұл да қазақтың бір қасиетті жері ғой» дейді кейіпкеріміз.

Төлеген ағамыздың жұбайы Мейрамгүл Ыдырысова «Аягөз қалай екен?» деген сұрағымызға «Желі бізбен бірге тұрып, бірге жатады екен. Кейде жел қатты соққанда «Бекер келдік пе?» деп ойланып қаласың. Сосын қайта басылады. Аягөздің желі қызық» деп әзілдей келе, Аягөз қаласының Арысқа ұқсайтын тұстары көп екендігін айтты. «Тоғыз жолдың торабындағы шаһар екен Аягөз. Пойызы да бар. Әскери қалашық та мұнда бар екен. Әйтеуір, өзімізге ұнап жатыр. Менің негізгі мамандығым – химия пәнінің мұғалімі. Алайда 10 жылдан астам уақыт бала тәрбиесімен отырып, жұмыс істей алмадым. Жергілікті әкімдік маған жұмыс жағынан көмектесеміз деп отыр» дейді бес баланың анасы.

Бес бала демекші, балаларының алды Құдірет биыл Аягөздегі №1 мектепті бітіріпті. Осы бір жыл ішінде «Абай оқуларына» және робототехникаға қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіпті.  Волонтер болып, Жастар орталығынан Алғыс хат алыпты. Қазір күн-түн демей ҰБТ-ға дайындалып жатыр екен. Бүгінде жалдамалы үйде тұрып жатқан отбасы алдағы уақытта өздері сатып алған жаңа үйге көшетіндіктерін айтады. «Қалай болатынын уақыт көрсетеді. Қазіргі жоспарымыз – әкімдік берген жерді игеру. Жолдасым екеуміз жылыжай ашуды бұрыннан армандайтынбыз. Бір ғана мәселе, сол жерді өңдеуге қаражатымыз жетіңкіремей тұр. Әкімдік жерді тегістеп, су, электр тартуға көмектессе, әрі қарай өзіміз алып кетеміз ғой» дейді Мейрамгүл Ыдырысова.

Жалпы, «Еңбек» бағдарламасы аясында Аягөз ауданына 2019 жылы Алматы, Түркістан, Қызылорда облыстарынан 18 отбасы (63 адам), 2020 жылы Алматы облысынан 7 отбасы (20 адам) қоныс аударыпты.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Аягөз ауданы