• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 19 Маусым, 2020

Қазақстанда медициналық маска шығаратын тағы 4 жаңа кәсіпорын ашылады

256 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жеке қорғану құралдарын өндіру туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндады, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Министрдің айтуынша, ішкі нарықты жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында отандық өнімдерді шығару бойынша өндірістік қуатты ұлғайту жалғастырылуда.

Медициналық маскалар өндірісі

Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша 6 айға маскаға деген қажеттілік 111,2 млн дананы құрайды.

"Бүгінгі таңда 9 отандық кәсіпорынның қуаттылығы тәулігіне 490 мың дана медициналық маска шығаруға мүмкіндік береді. Өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында осы жылдың соңына дейін 4 жаңа кәсіпорын ашуды жоспарлап отырмыз", — деді Б. Атамқұлов.

Осы жобаларды іске қосу және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндіріс көлемін ұлғайту тәулігіне 1,1 млн дана маска шығаруға мүмкіндік береді. 

Көп реттік маскалар өндірісі

Тұтастай алғанда халықтың маскаға деген қажеттілігі осы кезеңде (6 ай) 144 млн дананы құрайды.

Бүгінде барлық маскалардың тәулік сайынғы көлемі 413 мың дананы құрайды.

"Халықты қажетті маскалар санымен қамтамасыз ету үшін біз тігін кәсіпорындары есебінен көп мәрте қолданылатын, алдын алу, қорғау маскаларының өндіріс көлемін тәулігіне 800 мың данаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз", — деді министр.

Жергілікті атқарушы органдар тігін кәсіпорындарымен көп мәрте қолданылатын маскалар қорын құру бойынша жұмысты бастады.

Медициналық қолғаптар өндірісі

Медициналық қолғаптарға қажеттілік 83,7 млн жұп қолғапты құрайды. Қазіргі уақытта екі кәсіпорын тәулігіне 330 мың жұп қолғап шығарады, әрі қарай біз өндіріс көлемін тәулігіне 460 мың жұпқа дейін арттыруды жоспарлап отырмыз.

Қорғаныш костюмдерімен қамту

6 айға қорғаныш костюмдерінің қажеттілігі 1,3 млн.дананы құрайды (Денсаулық сақтау жүйесі үшін 747 мың дана және мемлекеттік органдар үшін 540 мың дана). Өндіріс көлемін арттыру үшін осы жылдың соңына дейін 3 жаңа кәсіпорынды іске қосу жоспарланған.

"Сондай-ақ біз жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл шаралардың барлығы қорғаныс костюмдерін өндіру көлемін айына 800 мың данаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді", — деді Б. Атамқұлов.

Өкпені жасанды желдету аппараттары өндірісі

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша 6 айда аталмыш құрылғыға деген қажеттілік 132 дананы құрайды. "Көкшетау-4п" мобильдік аппараттары "Тыныс" акционерлік қоғамы базасында өндіріледі.

Бүгінде 380 бірлік өкпені жасанды желдету аппараты өндірілді, оның ішінде 164 бірлік жөнелтуге дайын, 216 бірлік зауыттық сынақтардан өтуде. Қалған 200 бірлік осы жылдың шілде айының соңына дейін тапсырылады. Стационарлық аппараттарды қосымша шығару мақсатында түрік және қытай серіктестерімен өндірісті игеру жүргізілуде.

"БАРК Технолоджи" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазақстандық жоғары технологиялық жобасы әзірленуде (Нұр-Сұлтан қ.)

"Осы жылдың шілде айының соңына дейін компания өз әзірлемелерін аяқтайды және ақысыз негізде ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне тестілеу үшін 20 аппарат береді. Қалған 112 бірлік осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында шығарылады", — деді Б. Атамқұлов.

Айта кету керек, "Қазмедтприбор" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, "ОралМедРегион" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкпені жасанды желдету аппараттарын шығаруға барлық техникалық базасы бар, олар қажетті өнім шығаруға дайын.

Фармацевтикалық саладағы мемлекеттік қолдау шараларының бірі — тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ұзақ мерзімді шарттар жасасу.

"Сондай-ақ отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында жергілікті атқарушы органдарды отандық кәсіпорындардың өнімдеріне баса назар аударуды сұраймыз. Бұл біздің кәсіпорындарға өндірістік қуаттарды арттыруға және жаңа өндірістерді іске қосуға серпін береді", — деп түйіндеді министр.