• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Маусым, 2020

Жамбыл облысында құрылыс жұмыстары жүйелі жүргізілмей отыр

596 рет
көрсетілді

Бүгінде Жамбыл облысында құрылыс жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқан жоқ. Бірқатар мердігер компаниялардың кесірінен салынуы тиіс құрылыс нысандары әлі басталмаған, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл ретте Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мониторингтік топтар мен мердігерлік ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, Тараз қаласы бойынша "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" бағдарламасының жүзеге асырылу барысын сынға алды. Сонымен қатар, нысандарды уақытылы тапсыруды жүктеді.

Биыл Тараз қаласында "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бойынша жүзеге асырылып жатқан құрылыс жұмыстарының басым бөлігін жергілікті компаниялар атқаруда. Дегенмен, жұмыс тиісті қарқында орындалып отырған жоқ. Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев құрылысшылардың тап болып отырған кедергілері туралы айтып берді. "Кейбір мердігерлер бірден бірнеше жобаларға жауапты болғандықтан, жұмыс күші мен техникалардың жетіспеушілігі туындауда. Жалпы, Тараз қаласында "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бойынша жалпы құны 15 миллиардтан астам теңгеге 389 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. 361 жоба бойынша жеңімпаз анықталған. Қалған 28 жобаның 26-сы оңтайландыру үшін мемлекеттік ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсынылды", деді қала әкімі. Бұл ретте Бердібек Сапарбаев жоспарланған барлық жобалардың іске асырылуы керектігін атап өтті. "Жобалардың санын азайту – жағдайдан шығудың жолы емес. Іске асырылмаған жобаларды жаңа жобалармен ауыстырмаңыздар. Басталған іс аяғына дейін жетуі тиіс. Сондай-ақ, басты талап – жұмыс сапасы болып қалатынын ұмытпаңыздар", деді ол.

Қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, 213 жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал, 29 нысанның құрылысы аяқталған. Мұнда барлығы 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың жартысы "Жұмыспен қамту орталығы" арқылы қамтылған. Жоспарланған 5,6 мың жаңа жұмыс орны да уақытылы ашылмаған. Бұл жұмыстар 17 компанияның сылбырлығынан кешігіп отыр екен. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков мәлімдеді. Мәселен, 19 көшені жөндеу, 3 су құбырын ауыстыру жұмыстарының мерзімі кешіктірілуе. Ал, 17 ауланы абаттандыру жұмыстары әлі күнге аяқталмаған. Жиын барысында Бердібек Сапарбаев "Мердігерлердің уәдесіне тойдық. Сөзден нақты іске көшетін кез келді", деді. Ал, Жамбыл облысындағы жөндеу-құрылыс жұмыстарының, санитарлық тазалық пен облыс орталығының абаттандырылуын бақылау жөніндегі 11 мобильді топ жетекшілері де іске асырылмаған жобаларға тоқталды. "Қазфосфат" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровтің айтуынша, Т.Рысқұлов көшесінде құрылыс жұмыстары баяу жүруде. Сондай-ақ, "Мыңбұлақ" ықшамауданында шағын футбол алаңын салу жұмсысы әлі басталмаған. Жиында Бердібек Сапарбаев инженерлік инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуды, барлық жұмыстарды қатар жүргізуді тапсырды.

 

Жамбыл облысы