• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 24 Маусым, 2020

Бизнес ахуалды жақсарту – маңызды міндет

210 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында елдегі бизнес ахуалды жақсарту шаралары қаралды.

 

Шағын және орта бизнесті қолдау – өзекті мәселе

Атқарылып жатқан жұмыстар туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова және «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов баяндады.

Қазіргі жағдайда шағын және орта бизнесті қолдау өзекті болғандықтан салықтық ынталандыру, несиелендіру кеңеюде және бизнесті жүргізу шарттарын одан әрі жеңілдету бойынша шаралар қабылдануда.

Р.Дәленов атап өткендей, 2019 жылы экономикадағы ШОБ үлесі 30,8%-ды құрады. Былтыр 31,2 трлн теңгеге өнім өндірілді. Республикада 3,4 млн адам осы салада жұмыс істейді. «Бизнес ахуал­ды жақсарту бойынша қабылданып жатқан реформалар Қазақстанның Doing Business рейтингінде 25-орынға көтерілуіне мүмкіндік берді. Жыл соңына дейінгі Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар және бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданды. Арнайы мемлекеттік комиссия жұмыс істеуде», деді министр.

Орта мерзімді перспективада кәсіп­керлік қызметті дамытуда «жаңа күн тәртібі» әзірленетін болады. ШОБ-ты одан әрі дамыту бағыты Қазақстанның 2025 жылға дейінгі жаңа стратегиялық жоспарында реттеледі.

Бизнес ахуалды жақсарту бойынша елі­мізде төмендегідей шаралар қабыл­данған:

Салықтық ынталандыру бойынша:

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылғы 1 қаңтардан бас­тап арнаулы салық режімін қолданатын шағын және микро бизнес субъектілері 3 жылға табыс салығынан босатылды. Эконо­миканың түрлі саласында 2020 жылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорына салынатын салықтар, әлеуметтік төлемдер және мүлік салығы бойынша нөлдік мөлшерлеме белгіленді.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша жыл соңына дейін жер салығының мөлшерлемесі нөлге дейін төмендетілді. Сондай-ақ асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында импорттау кезінде қосылған құн салығын есепке алу әдісімен төлеу мүмкіндігі берілді. 2020 жылғы 1 қазанға дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін қосылған құн салығының мөлшерлемесі 12%-дан 8%-ға дейін төмендетілді. Сондай-ақ 1 маусымға дейін салықтық әкімшілендіру және бақылау шаралары тоқтатылды. ШОБ субъектісі үшін барлық салық пен әлеуметтік төлемді төлеу мерзімін ұзарту енгізілді.

Тексерулерді қысқарту бойынша:

Мемлекет басшысының тапсырмасымен биылғы 1 қаңтардан бастап 3 жылға шағын және микрокәсіпкерлікке тексеру және профилактикалық бақы­лау жүргізуге мораторий енгізілді. Со­ны­мен қатар жылдың соңына дейін биз­нес­тің барлық санаттағы субъектісі үшін жаңа жоспарлы салықтық тексерулер жүргізілмейді. Кәсіпкерлердің құқық­тарын қорғау үшін кәсіпкерлердің «адалдық» презумпциясы қолданыста. Бұл заңнамадағы әртүрлі түсінікті адал кәсіпкерлердің пайдасына қолдануға мүмкіндік береді.

Жеңілдетілген несиені кеңейту бо­йынша:

«Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағ­дар­ламалары бойынша кәсіпкерлер үшін қарыздың соңғы құны енді 6%-ды құрайды. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша несие көлемі 7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Субсидиялау мерзімі 5 жылды құрайды. «Қарапайым заттар экономикасы» бо­йынша несие сомасы шектелмейді. Ал субсидиялау мерзімі – 10 жыл.

Кепілдік беру құралы жақсартылды. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарла­масы бойынша кепілдіктер қарыз сома­сы­ның 85%-ын құрауы мүмкін. «Қарапа­йым заттар экономикасы» бойынша кепілдік несие сомасының 50%-ын құрайды.

«Бизнестің жол картасы-2025» бағдар­ламасы аясында салалық шектеулер алынып тасталды. Бұл ШОБ-қа қызмет түріне қарамастан бағдарламаға қатысушы болуға және жеңілдетілген қаржы алуға мүмкіндік береді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша тауар­лар мен қызметтер тізімі айтарлықтай кеңейтілді. Осы бағдарлама бойынша несиелеудің жалпы көлемі 1 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Сонымен қатар Ұлттық банк шағын және орта бизнеске, оның ішінде жеке кәсіпкерлерге салалық шектеусіз жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске қосты. Кредиттер айналым қаражатты толықтыруға 1 жылға 8%-бен беріледі. Аталған бағдарламаға 600 млрд теңге бөлінеді. Жалпы, несие­леуді ұлғайту үшін көптеген шектеу алын­ды, тетіктер жеңілдетілді және қара­жат көлемі ұлғайтылды. Бүгінде барлық бағдарлама бойынша кредиттік портфель 1,1 трлн теңгені құрайды. 16 мыңға жуық жоба қаржыландырылды.

«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа бағыт іске қосылады. Бұл – микро және шағын кәсіпкерлікті микрокредиттеу. Бизнестің осы санаты үшін субсидиялау есебінен несиелер 6% мөлшерлеме бойынша қолжетімді болады. Кредиттер айналым қаражатты толықтыруға 5 млн теңгеге дейін, өндірістік қажеттіліктерге 20 млн теңгеге дейін беріледі. Қызмет түрлері бойынша шектеулер болмайды.

«Осының барлығы 2025 жылға эконо­микадағы ШОБ үлесін 35%-ға дейін арттыру стратегиялық міндетінің орын­далуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Р.Дәленов.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы М.Әбілқасымова төтенше жағдай кезеңінде Қазақстан Президентінің тапсырмасына сәйкес агенттіктің қаржылық қиындықтарға тап болған халық пен бизнеске қолдау көрсету үшін бірқатар шара қабылдағанын айтты. Мәселен, 16 наурыз – 15 маусым аралығындағы кезеңде жеке тұлғалар және ШОБ субъектілері үшін кредиттер бойынша төлемдерін кейінге қалдыруға мүмкіндік берілді. Бұл кезеңде 1 890 443 адамның немесе барлық жеке тұлға қарыз алушының 34%-ының төлемі кейінге қалдырылды. Аталған төлемдер сомасы 268 млрд теңгені құрады.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов өз кезегінде бизнестің жүйелі проблемалары тұрақты түрде анықталып, шешіліп жатқанын атап өтті. Бірыңғай тізілім құрылды, оған бизнестің 600-ден астам проблемасы енгізілді. Бұдан өзге Кәсіпкерлік қыз­метті реттеу мәселелері жөніндегі ведом­ств­о­аралық комиссия жұмыс істейді. Аталған комиссия аясында 500-ден астам мәселе қаралды, оның 80%-ы шешімін тапты.

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин аталған бағытта бірқатар жұмыс жүзеге асқанын еске салып өтті. Бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту үшін Үкімет заңнамалық базаны, реттеуші ортаны үнемі жетіл­діріп отырады, кедендік әкімшілендіру жақсартылуда. Қабылданған шаралар­дың нәтижесінде Қазақстан 2019 жылы «Doing Business» бизнесті жүргізу жеңілдігі жөніндегі Дүниежүзілік банк рейтингісінің ТОП-25 елінің қатарына енді, ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 30,8%-ға дейін өсті. Аталған көрсеткішті 2025 жылға қарай 35%-ға, 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізу міндеті қойылды.

Биылғы 18 маусымда Парламент Сенаты бизнес ахуалды жақсарту мәселе­лері бойынша заңнамалық бастамалар­дың 8-топтамасын қабылдады. 6 кодекс пен 33 заңға тиімділіктерді арттыруды көздейтін 200-ге жуық түзету енгізілді.

Үкімет басшысы Асқар Мамин бар­лық өңірдің кәсіпкерлерімен мәселені тал­қылау, сонымен қатар Экономикалық өсім­ді қалпына келтіру жөніндегі мем­лекет­тік комиссияның отырысында мәсе­лені қарау қорытындылары бойынша биз­несті қолдау жөніндегі 43 қосымша шар­адан тұратын Іс-шаралар жоспары әзір­ленгенін атап өтті. Іс-шаралар жос­пары бизнес ұсынған келесі негізгі бағыт­тарды қамтиды, атап айтқанда, сатып алу­ды жеңілдету және қазақстандық үлес­ті дамыту, ауыл шаруашылығы техни­ка­сының лизингін қаржыландыру және кре­диттерді қайта қаржыландыру мүмкін­дігін кеңейту, тауарлардың экспортын дамыту және рәсімдерді жеңілдету.

«Бүгін айтылған барлық шараны жүзеге асыру кәсіпкерліктің одан әрі дамуына серпін береді, Қазақстанның бизнес ахуалы мен «Doing Business» рейтингіндегі позициясын жақсартуға ықпал етеді», деген А.Мамин, мемлекет­тік органдар мен әкімдіктерге барлық жоспарланған іс-шаралардың орында­луын қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Қыста қапы қалмаймыз

Сондай-ақ Үкіметтің селекторлық отыры­сында алдағы күзгі-қысқы маусым­ға дайындық барысы қаралды. Мұн­дағы жұмыстар туралы Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Индустрия және инф­рақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов баяндады.

2019-2020 жылдарғы жылыту кезеңі штат­тық режімде өтті. 24 техноло­гия­лық бұзушылық тіркелді, бұл өткен мау­сым­нан 33 жағдайға аз. Барлық техно­логиялық бұзушылық нормативтік мер­зімде жойылды. Жылу желілерінің тем­пе­ратуралық кестесін сақтамаған 48 жағдай тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға аз.

Н.Ноғаевтың айтуынша, биыл 8 энергоблокты, 59 қазандықты, 44 турбинаны жөндеу жоспарланған. Маусым айының басында 3 энергоблокта, 5 қазандықта және 8 турбинада жұмыс аяқталды. Жөндеудің түрлі сатыларында 3 энергоблокта, 21 қазандықта және 9 турбинада жұмыс жүргізілуде. Жалпы жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде.

Б.Атамқұлов өткен жылыту маусы­мында өңірлерде жеке және заңды тұлға­лардың коммуналдық қызметтер алдын­дағы дебиторлық берешегі 13 млрд тең­гені құрағанын атап өтті. Бұл өткен жыл­дың тиісті кезеңімен салыстырғанда 780 млн теңгеге көп. Әкімдіктер борышкерлер­мен дебиторлық берешекті өтеу және азайту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде.

2020-2021 жылғы жылыту маусымына дайындық мақсатында министрлік әкімдіктерге барлық тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық, әлеуметтік сала объектілерін және тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау үшін жұмыс жоспарын жіберді.

«Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлер бойынша ай сайын­ғы қажеттілікті көрсете отырып, комму­нал­дық-тұрмыстық мақсатқа және халық­қа ар­налған көмірдің қажеттілік жоспары жасалды. Жалпы, жылыту маусымы­на дайындық қызу жүріп жатыр. Көмір тапшылығы болмауы тиіс» деді Б.Атамқұлов.

Үкімет басшысы А.Мамин өңірлердің әкімдіктеріне алдағы жылыту маусымына сапалы дайындық шараларын күшейтуді, барлық жоспарланған жөндеу жұ­мыс­тарын уақтылы аяқтауды және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық, ден­саулық сақтау және әлеуметтік сала­ның барлық нысанының жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Тұрғындарды көмірдің қажетті көлемімен, ЖЭО мен қазандықтарды отынмен алдын ала қамтамасыз ету жұмыс­тарын ұйымдастыру керек. Көмір бағасын ерекше бақылауға алып, отын­ның, әсіресе, тұрғындар үшін көмір баға­сы­­н­ың негізсіз өсуіне жол бермеу шара­ларын қабылдау керек», деді А.Мамин.

Әкімдіктерге биылғы 1 наурызға дейін жиналған коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылардың дебиторлық берешегін төмендету бойынша шаралар қабылдау, дербес жылыту жүйелерін тұрғын үй және қоғамдық үй-жайлардан тыс жерлерге шығаруды қамтамасыз ету, иесіз электр желілерін анықтау және балансқа қабылдауды жалғастыру, сондай-ақ коммуналдық желілерді энергия беруші ұйымдардың теңгеріміне беруді қолға алу тапсырылды.

Энергетика, Индустрия және инфра­құрылымдық даму министр­лік­теріне алдағы жылыту маусымына дайындық барысына пәрменді бақылау мен мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету тапсырылды.