Қазақстанда пайдалы қазбаларды игеруге арналған перспективалы жобаларды жүзеге асыру көзделуде. Айталық, Ақмола, Қостанай облыстарымен бірге еліміздің орталық, шығыс және оңтүстік аймақтарында алтын кен орындарының ауқымды ошақтары анықталды. Алайда бұл бағытта қордаланған проблема аз болмай тұр.
Шикізат қоры жеткіліксіз
Мәселен, шикізат қорының жеткілікті деңгейде толықтырылмауы кезек күттірмейтін маңызды мәселелердің қатарында. Ресми статистика еліміздегі жер қойнауының 25%-на ғана геологиялық жұмыстар жасалғанын көрсетті. Демек, минералды ресурстардың 75%-ы әлі де толық зерттеуді талап етеді. Сала мамандары бұл олқылықты ғылыми-зерттеу жұмыстарына басымдық беру арқылы реттеуге болатынын айтады.
Осыдан 5-10 жыл бұрын адами капитал ұғымы кең таралмай тұрған шақта «Қазақстанда Менделеев кестесіндегі барлық элементтер кездеседі» дегендей, қоғамда таптаурын көзқарас қалыптасып, осыған ұқсас пікір кез келген жерде жиі айтылатын. Бірақ та бұл сөздердің желдей есуіне себепкер болған дилетанттар 30 жыл ішінде отандық геология саласы кеңестік жүйеден арыла алмай келе жатқанын, сондай-ақ Африка құрлығындағы кейбір мемлекеттер осы бағытта елімізден көш ілгері екенін білмесе керек. Бұдан соң ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың кенжелеп қалуы саланың шатқаяқтауына тағы бір себеп, дейді сарапшылар. Отандық геологияға төніп тұрған сын-қатерді таяуда өткен салалық ведомствоның жылдық есебінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев те растады.
– Негізгі себептердің бірі – шикізат қорының жеткілікті деңгейде толықтырылмай келе жатқандығында, – деді ведомство басшысы.
Атап айтқанда, мұнай қорының орнын толтыру коэффициенті 1,5-ке тең.
«Өсім жаман емес, бірақ бұл көрсеткішке Қашаған кен орны әсер еткенін айта кету керек. Қашағансыз, аталған коэффициент – 0,9, алтын бойынша – 0,29, мыс – 0,08 және полиметалдар бойынша 0,21 болар еді», деп нақтылады М.Мырзағалиев.
Қала құраушы кен орындары ашылады
Жауапты министрліктің ақпаратына сүйенсек, соңғы он жылда ірі полиметалл кен орындары, оның ішінде Зырян, Николаевск, Белоусовка және тағы басқа шикізат ошақтары игерілді. 2025-2040 жылдар кезеңінде аймақ экономикаларына айтарлықтай әсер беретін қала құраушы қосымша кен орындарын (Орлов, Малеевск, Тишинск, Риддер-Сокольный) ашу жоспарланып отыр.
Сол секілді пайдалы қазба орындарын ашуға арналған ауқымды жобаларды іске асыру қарастырылмақ. Жаңа қорғасын-мырыш кен орындары республиканың орталығы мен оңтүстік өңірлерінде, кенді Алтаймен қатар Ресей және Қытаймен шекаралас аудандарында ашылуы мүмкін. М.Мырзағалиев вольфрам, молибден, алюминий, қалайы, сондай-ақ басқа да сирек кездесетін пайдалы қазбалардың ошақтарын игеру көзделгенін жеткізді.
Көмірсутекті шикізат қорын игеру бойынша да ауқымды жұмыстарды атқару міндеті қойылып отыр.
«Бүгінде игерілген мұнай мен газдың едәуір бөлігі 5 бассейнде өндіріледі. Оның 80%-ы Каспий теңізінің аймағындағы пайдалы қазба орындарына тиесілі. Осы күнге дейін басты мұнай-газ провинциясына отандық және шетелдік компаниялар тарапынан, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ тарапынан қызығушылық басым. Осыған байланысты негізгі бассейннің көмірсутекті қорларын ұлғайту мақсатында барлық геологиялық барлау жұмыстары терең қойнауларды зерттеуге бағытталмақ. Бұл жұмыс басқа да игерілген бассейндерде жалғасады», деді жауапты орган басшысы.
Еліміздің бас геологы Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлауға қатысты мемлекеттік бағдарлама әзірленіп жатқанын, сол бойынша мұнай мен газдың әлеуетін айқындайтын көп зерттелмеген шөгінді бассейнді жерлерді анықтап, тау-кен аумақтарындағы терең орындарда барлау жүргізу қарастырылатынын жеткізді. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай зерттелген жерлердің көлемі қазіргі 25%-дан 37%-ға дейін артады.
Аталған міндеттерден бөлек, мемлекеттік бағдарламаны іске асыру арқылы 60 мың адам жұмыспен қамтылып, өңірлердің әлеуметтік мәселелерін шешу көзделген дейді министрлік өкілдері. Қазір тиісті бағдарлама Үкіметте қарастырылып жатыр.
Ұлттық деректер банкі үмітті ақтай ма?
Саладағы тағы бір өзекті проблема орталықтандырылған геологиялық мәліметтердің жоқтығында жатса керек. Яғни ақпараттық технология дәуірінде цифрлы картасыз өндірісті дамыту туралы әңгімені қозғаудың өзі артық дейді геологтар. Мамандардың пікіріне құлақ асқан жауапты ведомство минералды ресурстардың Ұлттық деректер банкі дайындалып жатқанын айтты. М.Мырзағалиевтің айтуынша, бұл жұмыс келер жылы аяқталып, электронды базадағы геологиялық ақпарат кез келген инвесторға ашық болады.
Шикізат қорының толықтырылуының төмендігі және жұмыс істеп тұрған кен орындарының таусылуы геологиялық барлауды жандандырудың уақыты келгенін байқатады. Осындай пайымға келген Өндірістік геологиялық ұйымдар қауымдастығы, Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы және басқа да мүдделі тараптармен бірлесіп, отандық геологияны қолдауға бағытталған ұсыныстарын білдірді.
ТМКҚ (Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы) жер қойнауын пайдалану және өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің директоры Гүлназ Бисенованың айтуынша, құжатта экономикалық ынталандыру шаралары, сондай-ақ геологиялық барлауды қолдаудың кешенді тетіктері әзірленген. Мысалы, экономикалық ынталандыру амалы ретінде геологиялық барлау жұмыстарына жұмсалатын шығыстарды ҒЗТКЖ-ға (ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға) жатқызуға, сол секілді геологиялық барлауды ҚҚС-дан босату мүмкіндігі қарастырылады. Неге десеңіз, жер қойнауын геологиялық зерттеу жұмыстары 70-80%-ға ғылыми міндеттерді орындайды.
«Геологиялық барлауды жер қойнауын пайдаланумен шатастыруға болмайды. Бұл – жер қойнауын зерттеу. Ол ғылыми-өндірістік есеппен бірге пайдалы қазбалардың ресурстары мен қорларын тауып, бағалау сынды жоғары тәуекелдермен ерекшеленеді. Осы жұмыстарды қаржыландыру мемлекеттік бюджет есебінен және соңғы кезекте – жеке инвесторлардың қаражатына жүзеге асырылады», дейді қауымдастық өкілдері.
Бұдан басқа жылдағы бағаны индекстеу арқылы мемлекеттік геологиялық жер қойнауын зерттеу нысандары бойынша уақыт талаптары мен бағаларды қайта қарау, жабдықтарды жаңартуға жеңілдік қарастыру, атап айтқанда жылдық 3%-дық лизингпен беру ұсынылды.
Кешенді қолдау шаралары жерасты суларын барлау жөніндегі жұмыстарды Геология комитетінің құзырына беруді де қамтиды. Өйткені қазір бұл мәселемен облыстық әкімдіктер айналысады. Ал өңірлік атқарушы билік өкілдерінде мамандардан бөлек, қажетті материал жоқтың қасы.
Тағы бір ұсыныс көктемгі дала жұмыстарында шаруаларды арзан жағармаймен қамтығандай, геологтарды да арзан дизель отынымен қамту қажеттілігі айтылды.
Қосымша құн салығынан босатуды сұрайды
Мүдделі тарап Жер кодексі саласындағы заңнаманы жетілдіру керектігін, атап айтқанда, жер қойнауын пайдаланушылар мен жер иеленушілер арасында жеке сервитут үшін төлем сомасын есептеу және шығындарды өтеу тетігін анықтау туралы, сондай-ақ жер қойнауын игеру үшін қажетті учаскені ерекше қорғалатын табиғи аумақтан шығарып, Сарышаған полигонын пайдалану бойынша тетікті әзірлеу ұсыныстары да жеткізілді. Себебі жер қойнауын пайдаланушылар мен жер иеленушілері арасында кейбір жағдайда жанжал туындап, геологиялық жұмыстарды жүргізуден бас тартуға тура келеді. Бұған барлауға арналған жер телімдері мен егіс алқаптарының бір орында орналасуы себеп. Сондықтан жер қойнауын пайдалану құқығын бермес бұрын жер қатынастары, полигондар мен қорықтардың шекарасына қатысты мәселелерді де ескеру қажет деп есептейді сала өкілдері.
«Геологиялық барлау жұмыстарына тек назар аудару аздық етеді. Саланы дамыту үшін қаражат керек екені даусыз. Бюджеттен қаражат қарастыру қиынға соғады. Сол себепті біріншіден, ҚҚС-дан босатуға күш салу қажет. Онсыз геологиялық барлау дамымайды. Басқа елдерде бұл салаға ҚҚС қолданылмайды. Екіншіден, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың геологиялық барлауға тікелей қатысы бар. Неге десек, бұл ғылыми-өндірістік қызмет», деді ТМКҚ атқарушы директоры Николай Радостовец.
Бұған қоса құжатта КТПҚ (кең таралған пайдалы қазбалар) үшін есептік рәсімдерді оңтайландыру және оларды ПҚӨС-тен (Пайдалы қазбаларды өндіру салығынан) босатуға байланысты шаралар қамтылған. Кең таралған пайдалы қазбалардың кен орындары неғұрлым көп игерілсе, сәйкесінше экономиканың өзін өзі қамтамасыз ету деңгейі арта түседі дейді тау-кен секторының мамандары.