• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Маусым, 2020

Оралдықтар демалыста үйде отырады

208 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облыстық бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес өңірде алдағы демалыс күндері карантин шаралары қатаңдатылды. Орал қаласында санитарлық-гигиеналық талаптарды бұзған 11 нысанның жұмысы тоқтатылды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Бүгінде облыста күн сайын коронавирус инфекциясын жұқтырған, аурудың айқын белгілері бар 30-35 адам тіркеледі. Ал ауру белгілері жоқ науқастар саны одан да көп. Маусымның 24-і күні 15 адам өкпені жасанды желдету аппаратына, 21 адам оттегі аппаратқа қосылғаны белгілі болды.

"Біз қосымша ауруханалар ашқанның өзінде коронавирусқа шалдыққан адам саны күн сайын артып, жаңадан ашылған орындар тез толып қалды. Дәрігерлер мен медбикелер күнделікті аурумен күресіп, бірнеше айдан бері тыным таппай еңбек етуде. Бұл өте қауіпті ауру және оның бар екеніне көпшіліктің көзі жетті. Осы ауруға шалдыққан туыстарымыз, әріптестеріміз бен достарымыз бар", деп жазды Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жергілікті билік қауіпті жағдайға қарамастан кей азаматтардың көпшілік шаралар, той-томалақ өткізуіне алаңдап отыр. Мониторинг, саалнама нәтижесіне қарағанда ауру жұқтырушылардың дені осындай шаралардан соң ауыра бастаған.

Өңір басшысы осындай фактілер бойынша материалдар сотқа жолдана бастағанын хабарлады. Мәселен, Орал қаласында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамағаны үшін "Аяжан" сауда үйін, "Алтын алма" және "Михаил" базарларының ісі сотқа жолданған. Сондай-ақ Орал қалалық санитарлық-эпитдемиологиялық бөлімі мамандары әкімшілік құқықбұзушылыққа жол берген 30 адамның үстінен хаттама толтырған. Осылайша, Орал қаласында сауда және қызмет көрсететін 11 нысанның жұмысы уақытша тоқтатылды.

Тұрғындарға арналған тыйым шараларының көбі алдағы демалыс күндері күшіне енеді. Атап айтқанда 27-29 маусым аралығында азаматтардың жүріп-тұруы шектеледі. Яғни көшеде адамдар жұмыс орнынан берілген анықтама немесе қызметтік куәлік негізінде ғана жүре алады. Тұрғындар азық-түлік, дәрі-дәрмекті жақын жердегі дүкен мен дәріханадан сатып ала алады. Үй жануарларын серуендетуге тек тұрғылықты үй маңында ғана рұқсат етіледі. Жасы 65-тен асқан адамдардың аса қажет болмаса, көшеге шығуына шектеу қойылды. Сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда орталықтары мен үйлері, азық-түлік және азық-түлік сатпайтын базарлар, осындай сауда желілері, қоғамдық тамақтану нысандары, фитнес-орталықтар мен басқа да спорт нысандары, қоғамдық орындар қызметі тоқтатылады. Сондай-ақ қоғамдық көлік жүрмейді.

Демалыс күндері меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдар мен кәсіпорындар сауда орталықтары мен үйлерінде, базарларда, қоғамдық көліктерде, азық-түлік және азық-түлік емес өнімдердің сауда нысандарында, қызмет көрсету саласындағы нысандарда және адамдар көп жиналатын басқа да орындарда ауқымды дезинфекциялау жұмыстарын жүргізеді.

 

Батыс Қазақстан