• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Маусым, 2020

Елін әлемге танытқысы келетін дипломат

1089 рет
көрсетілді

Эльнара Байназарова – өз қызметінде халықаралық ірі ұйымдардың Қазақстанмен байланысын арттырып, халық­аралық қауымдастыққа елі­мізді таныстырып жүрген жас мамандардың бірі. Ол дипломат ретінде Еуропалық Одақ, Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Қазақстандағы қыз­метін үйлестіруге тікелей атсалысып келеді.

Эльнараның халықаралық ұйым­дар­дағы ақпарат және коммуникация са­ласындағы жұмысы қатардағы қызметтің бірі секілді көрінгені­мен, оған жүктелген жауапкершілік өте жоғары. Себебі Еуро­палық Одақ, БҰҰ секілді беделді ұйымдар Қа­зақстанды, оның халқын, тұрмы­сын және құндылықтарын жас ма­манның күн­делікті жұмысы арқы­лы таниды. Ел тұр­ғындарының көңіл күйін, оларға не қажет екенін де жеткізетін осы – Эльнара. Аса ма­ңызды халықаралық құжаттар мен стратегиялар атқарылған жұ­мыс­қа негізделіп жасалатыны да анық. Осылайша, оның қазіргі жұ­мысы халықаралық қоғамдастық алдын­да Қазақстанның бейнесін қалып­тастыру секілді одан да биік мақсатқа қызмет етіп келеді. Осыны түсінген кейіпкеріміз әр жобаны қолға алғанда оның сәтті шығуына ерекше мән беретінін айтады.

Қазір Эльнара Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Қазақстанда тіркелген 22 агенттігінің ақпараттық жұмысын үйлестіріп, қадағалап отырады. Бұл ұйымдар қатарында баршаға белгілі БҰҰ Даму бағдарламасы, ЮНИСЕФ балалар қоры, ЮНЕСКО білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы және БҰҰ-Әйелдер секілді ұжымдар бар. Одан бөлек ол халық­аралық ұйымның мақсаты мен мін­деттерін, маңызды құжаттары мен бастамаларын өз отандастарына тү­сін­діріп, екіжақты ынтымақтастық орнатуға тырысады. Бала кезінен өнерге қызыққан кейіпкеріміз бүгінгі жұмысында да мәдени шараларға көп көңіл бөледі екен.

– Жалпы, баршаға түсінікті бір тіл болса, ол – өнер тілі. Мен ха­лық­­аралық ұйым­дардағы жұмыс тәжі­­рибемде оған толық көз жеткіз­дім. Кез келген ойды, жобаны өнер арқылы не шығармашылық тұрғы­дан жеткізгенде баршаға түсінікті болады. Өнер­ді түсіну үшін арнайы білік­тіліктің қажеті жоқ, бұл – барша адамзатқа ортақ құндылық, – дейді ол.

Эльнара келтірген мысалдарға қарап, расында, халықтар достығын барлық тарапқа ортақ дүниелер арқылы нығайтуға болатынына сөз­сіз келісесің. Мәселен, Еуропа ел­дерінің ұлттық тағамдарына ар­налған қазақ тіліндегі аспаздық кітапқа қызыққандар көп болған. Одан бөлек жақында Еуропа халық­тарының ертегілері де қазақша сөй­лейтінін білдік. Айтылған жобаларға иллюстрация­лар салуды қазақ су­рет­шілеріне сеніп тап­сырған. Бұл да болса әлем тұрғындарын жа­қын­­дастырып, бірінің бойынан өз­ге­­шелік емес, ортақ нәрсе іздеуге сеп болады. Соңғы оқиғалар дүние жүзін «жұқпалы жауға» бірге қарсы тұруға мәжбүр етті. Күш біріктіру, ынтымақтастық түсінігі бұрын-соң­ды дәл бүгінгідей өзекті болмап еді. Белгісіз індеттің ауыртпашылығы баршаға бірдей түскен сәтте белгілі ұйымдар қол қусырып қалмады. Осы орайда жас дипломат балаларға арналған жобалардың бірін ерекше мақтанышпен айтып берді. Бір сәтте дүние жүзінде миллиондаған ойын баласының үйде отыруы ата-анаға оңай болмағаны белгілі. Біріккен Ұлттар Ұйымы COVID-19 індеті туралы, үйде оты­рудың, сақтық шараларының маңыз­дылығын тү­сіндіретін, қазақ тілін қоса алғанда 17 тілге аударылған ертегіні ұсынды. Кейіп­керіміз кейін ата-аналар мен бастауыш сы­нып мұғалімдерінің жылы лебіздері толас­сыз болғанын қуанышпен жет­кізді. Өз жұмысыңның қоғамға берген пайдасын көру – кез келген маман үшін үлкен мәртебе.

Эльнараны сөзге тартқанымызда, ең алдымен, өзінің жұмысы, сәтті шыққан жобалары туралы айта жө­нелді. Бұл да түсінікті. Адам туралы оның жеткен жетістіктері мен атқарған жұмысы айтып тұруы керек деген қағидаға біз де сенеміз. Десе де оқырманға дарынды маманның жүріп өткен жолы қызық болары сөзсіз. Халықаралық ұйымда қыз­мет ету үшін шетелде білім алу ке­рек деген қатып қалған түсінікті Эль­нара толықтай теріске шығарады. Еліміздегі ұлттық университеттің бірін­де халықаралық қатынастар маман­дығы бойынша білім алған ол отан­дық білім беру саласын жоғары бағалайды. Ол біздің білім ошақтары шетелдегілерден кем түспейтінін айта келе, барлығы адамның өзіне бай­­ланысты деген пікірді алға тартты.   

– Жастарға басқаларға жалтақ­тамауға және өзін өзгелермен са­лыс­тырмауға кеңес беремін. Адам бойындағы қасиеттер мен білімге, табысты болуға деген талпыныс аса маңызды. Шетелде оқып кел­ген студенттердің жоғары лауа­­зымда жұмыс істеуім керек деуін құптамаймын. Одан бөлек жұмыс берушілердің өзге елде білім алған­дарды Қазақстанда оқыған жастардан жоғары санауы дұрыс емес. Мұндай жағдай кейде кездесіп жатады. Бастысы, азаматтың бойындағы кәсіби дағдыға мән беру керек, – дейді жас маман.

Қазақстанда бакалавр, магистра­тура және докторантураны тәмам­даған Эльнара кейінірек АҚШ, Еуропа елдерінде бірнеше айлық тағылымдамадан да өткен. Бұл оның халықаралық қатынастар бо­йынша алған білімін тәжірибемен ұштастыруға таптырмас мүмкіндік болды. Еңбек жолын Әлемдік экономика және саясат институтынан (ӘЭСИ) бастаған ол бүгінде халық­аралық дәрежедегі дипломатқа ай­нал­ды. Оның қажырлы еңбегін ха­лықаралық ұйымдар ғана емес, отан­­дық сарапшылар да жоғары бағалады. Эльнара «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында жеңімпаз атануын марапаттан гөрі, өзі секілді дарынды жастармен танысып-білісу­ге берілген тамаша мүмкіндік деп есептейді. «Өз саласында үздік атан­ған жастармен танысып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға болады. Осылайша, болашағынан үміт күттіретін жастар бір алаңға жиналып, өзара таныстықты ортақ мұрат­қа пайдалана білуіміз керек», дейді Э.Байназарова.

Кейіпкеріміз болашақта өзін БҰҰ құрылымында Қазақстаннан шыққан халықаралық дәрежедегі дипломат ретінде көргісі келетінін айтады. Бұл талпынысына елімізде үлгі болатын тұлға да бар. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Жене­вадағы бөлімшесінің бас директоры лауазымдарында қызмет еткенін білеміз. Эльнараның айтуынша, жалпы ұйым қызметкерлерінің қа­та­рында Қазақстаннан, Орталық Азиядан шыққан мамандар көп емес, ал әйел дипломаттар тіпті си­рек кездеседі. Халықаралық бе­дел­ді ұйымда қызмет ету, өз елің­ді та­ныстыру – кез келгенге бұйыр­майтын бақ. Бұл тәжірибеден өткен маманның кәсіби біліктілігіне шүбә келтіру қиын. Жылдар бойы жинаған бай тағылымын уақыты келгенде туған елінің игілігі үшін аянбай қол­данатынына кәміл сенеміз. Ал талапшыл да алғыр Эльнараның асқақ арманы орындалатыны сөзсіз.