• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Маусым, 2020

Құсмұрында қабір тонаған ерлі-зайыпты ұсталды

2004 рет
көрсетілді

Құсмұрында тұратын ерлі-зайыптылар ауыл шетіндегі ескі қабірлердің қоршауы мен құйылған құлыптасын қиратып, ішіндегі арматурасын металл қабылдау орындарына өткізумен айналысып келген. Бейбіт жатқан бейіттің шырқын бұзып, әруақтарды қорлаған Сергей мен Ирина жиырмадан астам қабірді қиратыпты. Бірақ қаскүнемдер өздеріне тағылған айыпты толық мойындап отырған жоқ, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Өткен ғасырдың 40-50 жылдары қойылған қабір ескерткішін тонап жатқан ерлі-зайыпты Вовченколарды жергілікті тұрғындар ұстап алыпты. Қорымның бұл бұрышында соғыс жылдары Құсмұрынға жер аударылған шешен халқының өкілдері қойылған. Бүгінде олардың ұрпақтарының қайда екені белгісіз. Қылмыстық іске жәбірленуші тараптың өкілі ретінде жергілікті кәсіпкер Әли Гучиев  қатысып жатыр. "Менің туыстарымның да қабірін тонап кетіпті. Қираған қабірлердің ішінде әр түрлі ұлт өкілдері бар. Біз айыпталушылармен де сөйлесіп көрдік. Екеуі де осы ауылда тұрады, жұмыс істемейді, ішкілікке салынған адамдар.  Сергей сотталып келген. Біз одан: "Қабір қиратып жатқанда сәл де болса ұяттарың мазаламады ма?" - деп сұрағанымызда,  "Басында ештеңе сезінген жоқпын, артынан ұятым ояна бастады. Ал Ирина үнемі қуыстанып, ұялып жүрді"  деген жауап алдық", - деді кәсіпкер. Ерлі-зайыптылар небары 6 қабірді қиратқандарын мойындап отыр. Ал қаскөйлердің үстінен түскен шағым одан үш есе көп.   

Әли Гучиев тоналған қабірлерді өз қаржысына қайта қалпына келтірмек. 

Ал әруақтарды қорлап, қабірге қол сұққан қарақшыларды қатаң жаза күтіп тұр. "Аталмыш оқиға бойынша Әулиекөл аудандық полиция бөлімінде ҚР ҚК 314 бабының 1 бөлімі бойынша тергеу жұмыстары басталды. Күдіктілерді айыппұл немесе  3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр. Тергеу аяқталған соң, іс прокуратураға жіберіледі", - деді   облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ирина Беженарь.

 

Қостанай облысы

Әулиекөл ауданы

Құсмұрын ауылы