Орталық коммуникациялар қызметінде коронавирус індетіне байланысты баспасөз мәслихаты өтті. Шараға Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова қатысты.
Жиын барысында Сәуле Қисықова күніне коронавирус инфекциясы және пневмониямен 350-400-ге жуық адам ауруханаға жатқызылатынын жеткізді.
«Жұқпалы аурулар және провизорлық ауруханаларда адамдардың саны бүгінде 2,5 мыңға дейін өсіп отыр. Оның 91 пайызы – орташа ауыр, 9 пайызы – ауыр және өте ауыр жағдайда. Олар жедел реанимация бөліміне бірден түседі. Негізі, соңғы аптамен салыстырғанда, науқастардың саны үш есеге дейін өсті. Осы тәулікте реанимация бөлімінде 103 адам жатыр, оның 55-і коронавирус инфекциясы болса, соның ішінде 22 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Өкінішке қарай, бүгінде 38 өлім жағдайы тіркелді. Олардың 70 пайызы – 60 жастан асқан адамдар. Пневмониямен ауыратын науқастардың саны тәулігіне 600 жағдайға дейін өсті. Бұрын 80 жағдайға дейін болатын. Аптасына 8,5 есеге дейін жоғарылауы байқалып отыр. 12 маусымнан бастап Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық ұйымдардың төсек-орын қорын қайта құруға байланысты жұқпалы және провизорлық ауруханалардағы төсек-орын саны 1351 орынға ұлғайтылды. Тек соңғы үш күнде қосымша 830 төсек-орын дайындалды. Оның ішінде бүгін Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың базасында тағы 200 инфекциялық төсек-орын дайындалады. Сонымен, бүгінде коронавирус инфекциясымен күресуге 3 135 төсек-орындық 12 денсаулық сақтау ұйымы жұмылдырылды. Қазіргі уақытта жұқпалы және провизорлық ауруханаларда жұмыс жүктемесі 79 пайызды құрап отыр», деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар ол елордада жедел жәрдем қызметіне жүктеме артқанын алға тартты.
«Елордада жедел жәрдем қызметіне жүктеме артты. Аптасына тұрғындардан 28 мың өтініш келіп түскен. Соңғы тәулікте бұл көрсеткіш 4,5 мыңға дейін жетті. Қызмет көрсетілген шақырулардың саны 18 мыңға жуықтап, кеше 2,8 мың болды. Соның ішінде аптасына коронавирус індетіне байланысты 4 438 қоңырау шалынды. Кеше 1300 шақырту болды. Жедел жәрдем базасында аумақтық емханалардың орта медициналық қызметкерлерінің байланыс орталығы ұйымдастырылды. Онда күн сайын орта есеппен 500-ге дейін қоңырау түседі. Негізінен сұрақтар коронавирус инфекциясына қатысты. Сонымен қатар алғашқы медициналық санитарлық көмек ұйымдарында, аумақтық емханаларда қосымша және жаңа жедел жәрдем топтарын құру туралы шешім қабылданды. Жалпы, жедел жәрдем телефон қоңырауларына қызмет көрсету үшін күн сайын шамамен 150-ге жуық жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеп жатыр», деді С.Қисықова.
Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысының айтуынша, ересектер мен балаларға жедел медициналық көмек толық көлемде жүргізіліп жатыр. Оның ішінде жүкті әйелдерге медициналық көмек 360 орынға арналған екі перинаталды орталықта көрсетіледі. Бұған қоса коронавирус инфекциясын жұқтырған жүкті әйелдерге 185 орны бар №2 перинаталды орталық негізінде (Covid-орталықта) медициналық көмек көрсетіледі.