Халқымызда жеті қазынаның бірі саналатын ит – адамның досы. Қайратты да ақылды жануарды өмірде кездесетін түрлі қиындықтарда адаммен бірге болып, оған көмек көрсетуге, қиындық құрсауында қалған жандарды құтқаруға үйрету де өзіндік өнер.
Әбжіл қимылдап көмекке жүгіруге машықтанған иттер қылмыскерді ұстауға, өрттен немесе жер сілкінісінен кейін, өзге де апатты жағдайлар салдарынан қираған ғимараттар мен үйлер үйінділері астынан адамдарды иіскеп тауып, дер кезінде құтқаруға атсалысады. Оларды уақытымен сынақтан өткізіп, жасы мен денсаулығын сынап-саралап отыру да маңызды екен.
Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті комиссиялық құрамында Ақтау қаласының кинологиялық есебі сертификаттаудан өткізілді. Оған «Гермес» және «Рей» есімді неміс овчаркалары бар жедел-құтқару жасағының екі кинологиялық есебі қатысты.
– Кинология қызметі төтенше жағдай кезінде барынша маңызды. Азаматтық қорғау органдарында зардап шеккен немесе жоғалған адамдарды іздеу және анықтау жөніндегі қызметті қызметтік иттермен кинологиялық есеп жүргізеді. Іздеу-құтқару операцияларына кинологиялық іздестіру тартылатын топтардың санын азайтуға, іздеу ауданын және адамды табу мүмкіндігін арттыруға мүмкіндік береді. Адам мен иттің өзара түсіністігі мен үйлесімділігі маңызды, өйткені ол қиындықтағы адамды құтқаруға қызмет етеді. Бұл ретте жануарға міндет – адамдарды табу болса, кинологке міндет – өз жануарын қиын да күрделі, ал кейде төтенше жағдайларда жұмысқа үйрету, – дейді Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Г.Ходжабекова.
Сертификаттау үш кезеңде өтті. Бірінші кезең – «Тыңдауды және ептілікті тексеру», екінші кезең – «Табиғи ортада іздеу-құтқару жұмыстары», үшінші кезең – «Қираған ғимараттар мен құрылыстардың үйінділері жағдайындағы іздестіру-құтқару жұмыстары». Барлық тапсырмалар нақты жағдайларға мейлінше жақындатылып, ал кинологиялық есептердің жұмысын бағалаудың негізгі өлшемдері іздестіру-құтқару іс-әрекеттерін жүргізудің жылдамдығы, сапасы мен қауіпсіздігі болды.
Сертификаттау нәтижелері бойынша аттестатталушылар, яғни «Гермес» және «Рей» сынақтан сәтті өтті.
Маңғыстау облысы